Социум

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

Алаш қозғалысы – тәуелсіздік  бастауы. Ұлт қайраткерлерінің көксегені тәуелсіз ел болуы еді

«Халық жауы» деген атақ қазақ зиялылары үшін жуып кетіре алмайтын таңба болды. Елім деп  еңіреген ерлерді шырылдатқан жалған жала көзі ашық, көкірегі ояу білімді азаматтарымыздың ақыры.

Елімізде 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып аталып келеді. Бұл күні қазақ халқы үшін қаралы күн. Бұл арыстандай айбатты Ахмет Байтұрсынұлының, Міржақып Дулатовтың, Әлихан Бөкейханов және басқа да ұлтым деген ерлердің айдауда болып, айтқан, жазған бір сөзі үшін қудалауға ұшырап, өмірлері ұзақ болмады.

Міне, осындай Алаш арыстарының өмірі, шағырмашылығы жайында кеңінен қозғап, осы тақырыпты зерттеп, көлемді мақалалар жазып жүрген филология ғылымдарының докторы, профессор Алмасбек Абсадықпен арнайы жолығып, Алаш арыстары жайында ой бөлісуін сұраған  едік.

-Патша үкіметінің боданында болған қазақ халқы небір зұлым кезеңдерді бастан өткерді. Біріншіден халық арасында сауатсыздық болды. Қазақ халқы мал бағып, жаз жайлауда, қыс қыстақтауда жүрді. Ілім-біліммен шаруасы болмады. Ал патша үкіметіне надан халықты басқару оңай болды. Олардың өзіндік ойы, пікірі болмай, айдағанға көніп жүре берді. Ал патша үкіметіне де керегі сол еді. Сөйткен момын халықты патша үкіметі мүлдем жойып жіберуді мақсат етті.

Осы мақсатта күнкөрісі малмен байланысты болған қыр қазағының, бүтіндей бір ұлттың көзін жоюды көздегендер ең әуелі оның малын алды. Аша тұяқ қалмасын деген солақай саясаттың салдарынан кейбір деректерге қарағанда 1928 жылы Қазақстанда 40  млн бас малдан 1933 жылы 4 млн-ы ғана қалған.

Бұл саясаттың салдарын ғана емес, себебін де анық түсінген Алаш зиялылары бас қосып, империяға қарсы шықты. Олардың барлығы дерлік қудалауға ұшырап, айдалды, атылды. «Халық жаулары» деп жала жабылған арыстардың есімін халқы өз жадында мәңгілік сақтап, олардың ел тәуелсіздігі жолындағы ерлігін ұмытқан емес.

Кеңес үкіметін мойындамаған қазақ ұлтынан шыққан көзі ашық, халқының жанашырларлары өз алдына «Алаш» автономиясын құрып, қазақ ұлтын білімге шақырып, халыққа қарсы жүргізіліп жатқан солақай саясат жайында ашық айта бастады.

Олардың арманы қазақ халқының тәуелсіздігі. Өз алдына жеке мемлекет болып қалыптасуы болды. Осы мақсат аясында жан аямай күресе білді.

Әрине, ол кездері қалың ұйқыда жатқан, тек алдындағы малын ғана бағумен сонымен күнелтіп, жан сақтап отырған қазақ ұлтының көзін ашу оңай болмады. Ол уақытта халықтың көкірегін ояту қиынның да қиыны еді. Кейбір қазақ бай-бағыландары Алаш арыстарының басты мүддесін дұрыс түсінбей, патша үкіметіне қарсы шығып отыр деп қабылдап, оларды кеңес үкіметінің жендеттеріне өздері ұстап беріп отырды.

Алаш арыстарының жиындары жайында білетін деректерін патша үкіметі қызметкерлеріне жеткізіп беріп отырды. Осы ретте Ахмет Байтұрсынұлы

Қинамайды абақтыға жапқаны,

Қинамайды дарға асқаны, атқаны.

Осылардың бәрінен маған қиыны

Өз ауылымның иттері үріп қапқаны,-деп өлең жолдарын сабақтаған Алыш арысы ауылындағы патша үкіметіне жұмыс істеген бай-бағыландардың ісіне күйінеді.

Қазақ халқы үшін жау сырттан келмеген.       Жаудың бәрі ұлттың ішінен шығып отырған. Мұны жақсы түсінген қазақ зиялылары халықты барынша білімге шақырып, саяси сауатты болуға үндеген. Ахмет  Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов халықты ағарту ісіне белсене атсалыса бастайды.

Қазақ балаларын оқыту мақсатында қажетті оқулықтар дайындап, қазақ тілінде басылымдар шығарып, халықтың отаршылдық санадан арылуын көздейді.

Алаш арыстарының бұл ісі қазақ халқын өмір бойы надан етіп ұстап, айдауында жүргенін қалаған патша үкіметіне бұл ұнамайжы. Қазақ зиялыларының уақыт өте қатары өсіп, қазақ ұлты көзі ашық, көкірегі ояу халық болып қалыптаса бастағанын байқап, олардың көзін жоюды қолға алады.

Осы ретте халыққа «сендер қалың ұйқыдан оянып, сауаттарыңды ашып, патша үкіметінің айдауынан босауларың қажет, ол үшін алдымен білім алуларың қажет» деген Алаш арыстарына «Халық жауы» деген атақ беріп, қудалауды жүзеге асырады.

Ұлтым, халқым, елім, жерім деген Алаш арыстарын халық өзіне жау санап, олармен ара-қатынаста болуға қорқатындай жағдай орын алды. Тіпті қазақ зиялыларының туыс-туғандары оларды танитындарын айтудан қорқатын, алыстан көріп қашатындай жағдайға жетті. «Халық жауының» отбасы да қудалауға ұшырады. Әйелдері мен балалары адам төзгісіз «Алжир» лагеріне айдалып, күндері құлдықпен өтті.

Осы ретте «Алаш» автономиясын құрып, кеңес үкіметінің қарсы шыққаны үшін 1937-1938 жылдары Ахмет Байтұрсынұлы Алматы қаласында, Әлихан Бөкейханов Мәскеу шаһарында атылып, Міржақып Дулатов Соловедский лагерінде айдауда жүргенде қайтыс болады.

Атылу жазасына дейін бір емес, бірнеше рет сотталып, айдауда болған қазақ зиялыларының өмірі адам төзгісіз болған. Олардың өздері ғана барлық, отбасы «Халық жауымен» қатысы бар  деп айыпталып, өмірлерінің соңына дейін лагерьлерде айдауда болып, зардап шекті.

Бүгінде елімізде жылда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні өткенімен олардың толық ақталуына қатысты жұмыстар көп жылдар бойы жүргізіліп жатыр. Менің ойымша «Алаш» автономиясын құрылғанда құрасмында болған, қолдау білдірген қазақ зиялыларын ақтау жұмыстары бір емес бірнеше рет жүзеге асырылды. Бірақ әлі күнге дейін жазықсыз «Халық жауы» атанып, айдауда болып, атылған зиялылардың толық осындай адам  деген саны жоқ. Бұл цифр әлі толық жасалмады. Бүгінде «Халық жауы» деген атпен қуғындалған азаматтар жайында тарихшылар зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олар осыған дейін бір емес бірнеше рет ақталды. Ұрпақтары өздернің нақақтан нақақ қудалаға ұшыраған ата-бабалары жайында мәліметтер іздеп, тапқандары оны үкіметке ұсынды. Бұл жұмыстардың әлі де жүргізіліп жатқандары белгілі. Күні бүгінге дейін қалалық, аудандық басылымдарда ата-бабалары қуғынға ұшыраған отбасылардың қолдарындағы бар мәліметтерді үкіметке әкеліп тапсыруын сұрап жатқан хабарламаларды көріп жүрміз.

Әрине, еліміздің барлық зиялыларын ақтып шығуы маңызды жұмыс. Бірақ осындай кезінде қазақ ұлтының ұлт болып сақталып қалуына өшпес үлесін қосқан арыстардың артында қалған ұрпақтарын тауып, соларға белгілі бір мөлшерде төлемақы берсе нұр үстіне нұр болар еді. Неге олай десеңіз, кезінде «Алаш» автономиясын құру барысында қазақ халқының болашағын, елінің тәуелсіздігін ойлаған бірдей бір отбасының тірегі өз өмірлерін құрбан етті. «Халық жауының» әйелі, баласы деген атаққа ие болған жандардың қаны наққақтан нақақ төгілді. Бұл бірінші кезекте бірдей бір тұтас отбасының халықтың болашағы үшін жан қиғандарын көрсетпей ме. Осыдан келіп, кезінде ата-әжелері «Халық жауы» атанып, атылған бүгінде сол бабаларының ерлігін мақтан ететін артында қалған ұрпағына сол жандар үшін төлемақы төленгені пайдалырақ болар деген ойдамын. Мүмкін бұл ойым болашақта жүзеге асып, үкімет «Халық жауы» атанған ата-бабаларымызды толық ақтап, сол кісілер үшін өтемақы беретін болар. Енді бұл уақыт еншісіндегі дүние.

Қазағым деген арыстарымызды ардақтап, еске алып, олардың ұрпақтарын тану, құрметтеу біздің басты парызымыз болса керек,-деді бізбен әңгімесінде  Алмасбек Абсадықі.

Қазақ – аштықты, қудалауды, соғысты небір зұлымдықты бастан өткерген халық. Бір кездері өз ана тілінде сөйлей алмай, өзө дінінде сыйна алмай жалтақтаған халық. Небір мүшкіл жағдайды бастан кешсе де жойылмаған халық. Өзіне тіс көрсеткенге жауап қатып, айбарын танытқан халық. Келешекке үміт артқан халық. Тәуелсіздікке жетіп, бақыт тапқан халық. Бірақ осы тәуелсіздік жолында қаншама қиындықты өткеріп, зиялыларынан айрылып, бүгінде солардың еңбегін жоғары бағңалап, құрмет танытып отырған дара халық. Алаш арыстары ешқашан санадан өшпек емес.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77