Айдананың шеберлігіне халық дән риза

Айдананың шеберлігіне халық дән риза

Комментарии к записи Айдананың шеберлігіне халық дән риза отключены

Оның қолынан шыққан заттары сапалылығымен дараланады
Менің бүгінгі кейіпкерім Айдана Ақпанбетова қаншама жылдан бері тігіншілікпен айналысып келеді. Ол бала кезден тоқыма өнеріне икемді болғандықтан ба, осы жаны сүйетін кәсіпке жете бейімделді.

Қолы боста соған ерекше назар аударып, мектеп қабырғасында жүрген шақтан бастап, осы өнерге ерекше ден қойды. Оның осы қабілетіне айналасындағылар таң қалатын. Алайда ол өсе келе ұстаз атанды.

Қатар құрбыларынан қалмай Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының география мамандығын алып шықты. Жоғыра оқу орнында да алдыңғы қатарлы студенттердің бірі болды.

Алайда кішкентай кезінен дағдыланған тігіншілікті жалғастыра берді. Ұстаздық кәсібін де ойдағыдай атқарып, талай шәкірттерінің білімді азаматтар болып қалыптасуына айтарлықтай үлесін қосты.

Алайда Айдананың осындай бойындағы ісмерлік қасиетін бұрыннан білетін замандастары қыз ұзатып, жасаударын беру кезінде оның көмегіне жүгінді. Ақжарқын әрі еңбекқор қазақ қызы олардың өтініштерін жерге қалдырмайды.

Әрдайым, тапсырыстарды орындап, өзінің шеберліктің шыңына көтерілгенін де сезбей қалды. Өйткені, мұның тіккен көрпе жастықтары үнемі көпшіліктің көңілінен шығып, мұның да мерейін өсірді.

Алайда ол қол жеткенге тоқмейілсіген жоқ. Қайта іздене түсті. Сөйтіп, негізгі жұмысынан қол үзбей жүріп те жоғары нәтижелерге жетуге болатындығын жылдар барысында дәлелдеді. Ол бақытты ана. Отағасы Ержан мемлекеттік қызметте. Жастай сүйіп қосылған күйеуі екеуі екі баласы Қайсар мен Медеттің тәуелсіз еліміздің нағыз азаматтары болып қалыптасуына айрықша назар аударып келеді.

Әйел адамның басты мақсаты — мынау тіршілікте ұрпақ тәрбиелеу екендігі айтпаса да түсінікті болса керек. Сондықтан да ол қазіргі таңда екінші перзенті Медетке қарап отыр.
Ал үйде сол бұрынғы бала кезден қалыптасқан кәсібін одан әрі жалғастырып, жұртшылықтың алғысына бөленуде. Жақында оның үйінде болып, тігіп жатқан дүниелерімен таныстым.

Қолы епті, еті тірі айналасындағыларға шапағат нұрын шашып келе жатқан Айданамен сөйлесудің өзі бір ғанибет екен. Ана тіліміз бен салт-дәстүрімізді жоғары қоятын кейіпкерімнің айтары өте мол. Себебі, осы кезге дейін қолынан шыққан дүниелеріне сан жетпейді.

Оған ата-анасы жастайынан: «Қызым Айдана, ешқашан да дүниеге қызықпа, ақша қолдың кірі. Ал адамгершілік қасиет қашан да көпшілікке ізгілік сыйлайды. Сен мына тіршілікте «Алтын алма, алғыс ал» деген қағиданы берік ұстансаң мәртебең биік болады» дейтін.

Содан бері де арада қаншама уақыт өте шықты. Қазір өзі терең ойланып отырса, әке-шешсінің ұлағатты сөздерінде үлкен мән жатыр екен. Мұны халықтың шынайы ізгі тілектерінен де анық байқайды.

Ол үшін ұлттық салт-дәстүрлерімізді жаңғырту үлкен мақсат. Сондықтан да бір орында тоқтап қалмай үнемі шеберлігін шыңдап, тігін өнеріне байланысты журналдар мен әдебиеттерді үнемі оқиды.

Жылдан жылға оған тапсырыс берушілердің қатары өсіп келе жатқандығы замандасымыз Айдана Ақпанбетованың үнемі алға ұмтылып келе жатқандығының жарқын айғағы емес пе.

-Шынымды айтсам, ұстаздықпен қоса осы қолым боста айналысатын кәсібімді өте ұнатамын. Уақыт өткен сайын тігетін заттарымның да саны артып, сапасы жоғарылай түсуде. Алға қойған басты міндетім, халыққа тек ғана қуаныш сыйлау. Осы жолда аянбай еңбек ете беремін,-дейді ол бізбен болған әңгімесінде.

Редакция НК

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись