Культура

«Мәдениет майталманы»: Облыстық кітапханада Римма Ғайсенова жайында библиографиялық көрсеткіш дайындалды

Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қостанай қаласының құрметті азаматы, мәдениет саласының үздігі, қоғам белсендісі Римма Ғабдолақызы Ғайсенова биыл 75 жас мерей тойын тойлауда

Осыған орай, Л. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Мәдениет майталманы» атты библиографиялық көрсеткішті дайындады.

Римма Ғабдолақызы Ғайсеноваға мәдениет мекемелеріне жас егемен мемлекеттің құрылуы, экономикалық дағдарыс кезеңінде жетекшілік етуіне тура келді. Уақыттың осы бір кезеңі еліміз үшін нағыз сынақ болды – мәдениет саласының мамандарын сақтап қалу мәселесі тұрды. Күрделі кезеңде облыстың мәдениет мекемелері бұрынғы қалпында жұмыс істеп қана қоймай, жұмыстарында елеулі ілгерілеушілік байқалды. Римма Ғабдолақызы Қостанай облысы мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосты, ауылдық жерлердегі ұлттық мәдениеттің жаңғыруына және дамуына ерекше көңіл бөлді.

Өңіріміздің рухани өмірінде болған үлкен серпілістердің ішінде облыс орталығында Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрының бой көтеруін ерекше атап өтуге болады. Бұдан бөлек қаншама мәдениет ошақтары, өнер ұжымдары дүниеге келді. Сонымен қатар, 2000 жылы Арқалық қаласында жастар театры, 1991 жылы Ыбырай Алтынсарин мемориалдық мұражайы ашылды. Римма Ғабдолақызы Ғайсенованың атсалысуымен алғашқы «Ақжелең» фольклорлық ансамблі құрылды.

Римма Ғайсенова мәдениет саласын басқарған жылдары «Жігіттің сұлтаны», көркемөнерпаздар, жыршы-термешілер байқаулары, ақын-жазушылардың кештері, басқа да шаралар кең көлемде ұйымдастырыла бастады.

Мәдениет саласында өзіндік ісімен танылған, қазақ өнерін түлеткен, ұлтымыздың іскер қызы Римма Ғабдолақызы Ғайсенова талай балғындардың тұсауын кесіп, өнерін шыңдаған, қазақ айтысына жанашыр болған.

Римма Ғабдолақызы Ғайсенова көптеген мемлекеттік марапаттардың иесі, солардың ішінде : «ҚР Мәдениет қайраткері», «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін», «Белсенді қызметі үшін» ордендері мен медальдары, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының мәдениет аталымы бойынша «Ажар» сыйлығының лауреаты, Қостанай облысының меценаттар клубы арнайы сыйлығының лауреаты. Қазіргі кезде Римма Ғабдолақызы құрметті демалыста болса да, қоғамдық жұмыстармен белсенді айналысады.

Библиографиялық құралда Римма Ғайсенованың өмірі мен қызметі жайындағы ақпарат жинақталған. Көрсеткішке 1981 жылдан бастап 2020 жылдың маусым аралығында баспасөзде жарияланған мақалалар мен кітапхана қорында бар материалдар енгізілген, интернет-материалдардың ресурстары пайдаланылған. Басылымда материалдар қазақ және орыс тілдерінде берілген. Өмірі мен қызметі жайындағы макалалар «Қостанай облысы: тарих, адамдар, оқиғалар» атты облыстық кітапхана толық мәтінді деректер базасында көрсетілген. Көрсеткіштің материалы біздің сайтымызда орналастырылған www.kstounb.kz.

Фатима Исмаилова,
Л. Толстой ат. ОӘҒК зерттеу және электронды
өлкетану ресурстарын жасау секторының меңгерушісі


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77