Жәдігерлер — рухани қазыналарымыз

Жәдігерлер — рухани қазыналарымыз

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайындағы құнды заттар жайлы сөз

Ежелгі қазақ халқының тарихынан сыр шертетін, келген адамды еріксіз қызықтыратын облыс орталығындағы тарихи-өлкетану мұражайы қашан да көпшіліктің сүйікті орны болып қала беретіндігі даусыз.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани-жаңғыру» деп аталатын мақаласының аясында біз парасат ордасында көпшіліктің назарына ұсынылған аса құнды жәдігерлеріміз жайында баяндау мақсатында облыстық тарихи-өлкетану мұражайына арнайы ат басын бұрған едік.

Жалпы, рухани жандүниесін байытам деген адамға бұл жерде қаншама ой салар заттар да, көрмелер де бар. Осындағы Қатар-қатар қойылған жәдігерлердің қай-қайсысы да көне заманнан сыр шертіп тұрғандай.

Бұл жолы аталарымыздың қанаты болып есептелінетін жылқының әбзелдері қойылған бұрыш пен аңшылардың үстіне киген киімдері еріксіз назарымызды өзіне аударды.
Мұнда аттың үстіне отырған кезде пайдаланылатын ер-тоқымның екі түрі де көзімізге түсті. Олар ерте заманда жасалғандығы байқалады.
Мұражайда болғанымда өзімді жәдігерлермен таныстырып жүрген ғылыми-әдістемелік жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Назима Оташеваға көкейімдегі сұрақтарымды қойып, тұщымды жауап алдым.

Жоғарыда баяндаған ертоқымның қазақы ою-өрнекпен өрнектелгендігін, таза күмістен жасалғандығын айтып өткенім жөн. Ол негізі әйелдердің ер-тоқымы болып шықты.
Оны ІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында яғни 1928 жылы Қарабалық өңірінде болыс болған Бермұхамед Алдияров өзінің әйеліне арнайы тапсырыспен жасатыпты.
Жалпы, әйел заты әсемдікті жаны сүйетіндігі баршаға белгілі. Сондықтан да кезінде олардың ер-тоқымдары ою-өрнекпен өрнектеліп, асыл тастармен безендірілген. Сондай-ақ әйелдерге арналған ер-тоқымдардың еркектердікінен бір ерекшелігі — алдыңғы қасы жоғары, артқы қасы төмен болып келеді екен. Сонымен қатар нәзік жандыларға арналған ер-тоқым әдемілігімен көзге бірден түседі.


Жалпы, ер-тоқым жасау үлкен жауапкершілік пен уақытты талап етеді. Ертеде бай-бағыландар ер-тоқымды жақсы жасайтын шеберді арнайы алдырып, оның жейтін тамағын, қажетті құрал-саймандарын алдын ала дайындап, барлық жағдайын жасаған.

Шебер әйелдерге, балаларға арналған ер-тоқымдарды олардың көңілдерінен шығатындай етіп, безендіріп жасаған. Бұл үшін уақытты аямаған.
Ал ер адамдардың ертоқымдары тоң майға салынып ағаштан істелініпті. Оны майға салып жасаудың себебі, ағаш ертоқым табиғаттың суық кездерінде жарылып кетпейтін көрінеді.

Сондықтан да олар өте сапалы әрі төзімді болып келеді. Мұражайда тұрған бұл ағаш ер-тоқым 1903 жылдары жасалыпты. Оның иесі Сарыкөл ауданы Тагирский ауылының тұрғыны Марат Алкеев. Ол көненің көзі болып табылатын құнды затты осы мұражайға өзі тапсырған.
Сондай-ақ мұражайдан темірден, күмістен, ағаштан істелінген үзеңгіні де көруге болады. Үзеңгінің ағаштан жасалатын себебі, күннің қытымыр аязында жылқының терісіне салқын болмау үшін ағаштан жасалыпты.

Ал темірден істелінген үзеңгі сапалы болғанымен, бет қаратпас боранды күндері қасиетті жылқы малы үшін өте салқын әрі ыңғайсыз келеді.
Төрт түліктің киелісі болып саналатын жылқыны ата-бабаларымыз әрдайым ерекше күтіп, баққан. Оның асыл тұқымын көбейтіп, әйелдеріне, балаларына міну үшін үйреткен. Олар жылқыны ауыр жүк тасу мақсатында пайдаланбаған.

Сондай-ақ аса жүйрік жылқыны қазақ халқы аңшылыққа да пайдаланып, оның бабына ерекше көңіл бөлген. Осынау мұражайдан ата-бабаларымыз кезінде аңшылыққа шыққан кезде киген тымағы, тоны, саптама етіктігін де көрдік. Бұл да бүгінгі таңда нағыз ұлттық жәдігерімізге жататыны белгілі.
Аңшының басындағы түлкі тымағы, былғары саптама етігі, кең етекті шапаны, қолындағы қыран құсы, иығындағы берен мылтығы қашан да аса бағалы бұйымдар болып саналған.

Мұндай құнды заттарға сол кездегі болыстардың ғана қолы жеткен. Олар алғаш жауған ақ қарда аңшылыққа шығып отырған. Өзінің олжасын алыстан байқайтын бүркіт ешқандай аңды қалт жібермеген.

Аңшының да көзі өте қырағы. Ол қос ауызды мылтықпен талай аңды атып алғаны да белгілі. «Қан сонарда бүркітші шығады аңға» деп келетін өлең жолдарындағыдай ата-бабаларымыз аңшылыққа шығып, саят құрып отыруды дағдыға айналдырған.

Мұндағы тымақты 1998 жылы Науырзым ауданы Шиелі ауылының тұрғыны Н.Нұрашева деген кісі мұражай қызметкерлеріне тапсырыпты.
Сонымен қатар ұзын да кең тонды көршілес жатқан Өзбекстаннан келген қандасымыз С. Нұрбаев деген азамат арнайы әкелген. Ал, таза былғарыдан тігілген саптама етікті 1983 жылы Қостанай қаласының тұрғыны Б. Даниярова беріпті.

Қысқасы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы аса құнды жәдігерлерге өте бай. Мұнда арнайы келген жерлестерімізге өз саласын жетік білетін мұражайдың қызметкерлері қызмет көрсетуге және олар жайлы жан-жақты баяндап беруге дайын.

Редакция НК

оставить комментарий

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись