Оны әрбір саналы азамат терең түсінеді

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп атталатын мақаласы әрбір азаматтың Отанға, елге, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігін арттырады.
Рухани жаңғыру – адам баласының, оның ішкі әлемінің жаңаруы, сана-сезімі жаңа өзгерісті қабылдай білуі. Рухани жаңғыруды өркениеттің өрге жүзуімен байланыстырамыз. Қазіргі таңда білім бағдарламаларының елімізге лайықты үлес қосып келе жатқанын айта келіп, табыс тізгіні – білімді әрі болашақ жастардың қолында екенін айтқымыз келеді.
Білім демекші, қазақ даласына білім нұрын сепкен ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің мазары кезінде Қостанай ауданында ең алғаш тәуелсіздікпен бірге 1991 жылы салынған еді.

Оған дейін жай ғана белгі болыпты. Осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында бабамыздың кесенесі күрделі жөндеуден өткізіліп, бұрынғысынан еңселі ғимаратқа айналды.

Білім нәрімен қазақ халқын сусындатқан ұлы ұстаздың кесенесі үстіміздегі жылы 4 қазанда салтанатты түрде ашылды. Қостанай облысының тұрғындары осы кесененің ашылуына қатысты. Ұлы ұстаздың аруағына Құран бағыштап, үлкен қуанышқа кенелді.

Айтулы оқиғаға орай, Қостанай қаласының дәл ортасында орналасқан Ыбырай атаның өз қолымен қаланған мектеп-интернатының ұжымы да қарап қалған жоқ.
Мектеп-интернаттың жаңа басшысы Ырсалды Келинбердиева бастаған киелі қара шаңырақтың ұжымы ұйымдасқан түрде Ыбырай атаның кесенесінде болды. Онда білім ордасының оқушылары Ы.Алтынсариннің өлеңдерін жатқа оқып, әңгімелерінен көрініс көрсетті.

Бүгінгі таңда Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында ұлы ұстаздың еңбегін дәріптеу мақсатында «Ыбырайтану» факультатив курсы жүргізіледі.

Ыбырайтану факультативтік курсының негізін салушы Алтынсарин медалінің иегері Мүгілсін Кәдірғалиева. Бұл курс оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, шығармашылыққа, ғылымға деген құштарлықтарын арттырады. «Ыбырай жаққан шамшырақ» мәңгі сөнбейтінін, бабамыздың арманы орындалғанын, ұрпақтарға білімсіз күннің жоқ екенін ұғындырады.

Бүгінде оның ұрпақтары қанша жыл өтсе де, ұлы ағартушының ғибрат аларлық әңгімелері мен шығармаларын оқып, үлгі алады.
Шын мәнінде, біз өңірімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында атқарылған көптеген ұлағатты істердің куәсі болып отырмыз. Осындай мәнді де мағыналы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді деген үміттеміз.

Ж. Бөлекбаева,
Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі

Редакция НК

оставить комментарий

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись