Елімізді өркениетке жеткізеді

Елімізді өркениетке жеткізеді

Латын әліпбиіне көшудің мәні мен маңызы жөнінде

Ес білгеннен сауатын орыс жазуымен ашып, осыған әбден төселгендер үшін латын әліпбиіне көндігу қиын көрінері анық. Мұндай жағдай, әсіресе, аға буын өкілдеріне тән екендігі жасырын емес.

Ал, ағылшын тілінде оқып-жазуға машықтанған жандардың, оның ішінде жастардың латыншаға үрке қарамасы белгілі. Әйтсе де көз үйренген әріптерден ажырағысы келмей, бұрынғыша жүре беруді қалайтын, неліктен таңдауымыз нақ осы латыншаға түскенін, бұдан нені ұтатынымызды, қандай артықшылықтарға ие болатынымызды біле алмай жүргендер де арамызда баршылық.

Зиялы қауым өкілдері бұл тұрғыда түрлі басқосулар өткізіп, көпшілік бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өз пікірлерін білдіріп-ақ жатыр.

Осыған орай мен де келелі мәселеге қатысты оқып-білгенімді, көкейімдегіні, көңілге түйгенімді кейбір қырынан таразылап, ортаға салуды жөн көрдім. Ортақ мәселе төңірегіндегі ой-пікірлер бір арнаға тоғысып, көпшілік латын әліпбиіне көшуді қолдағанымен, ұсынылған әліпби нұсқаларының қайсысына және неліктен таңдау жасалатынын білмеуіміз мүмкін.

Олай болса, біліп сөйлеп,өз ойын нақты дәйектермен дәлелдеп, шынайы жанашырлық танытатын азаматтардың көңілге қонымды пікірлеріне құлақ асып, олардың ескерілгенін қалайтынымды білдіргімім келді.

Мәселен, белгілі қоғам қайраткері, қазақ және ағылшын тілдерінің білгірі, лингвист-ғалым Әділ Ахметовтің айтуынша, латын әліпбиі байырғы латын тілді римдіктерден бастау алған. Латын графикасының таралуына, алдымен, Рим империясының жақсы дамып, өркендеуі түрткі болған көрінеді.
Әлем тарихында теңдесі болмаған Британия империясының жер бетінің бестен біріне үстемдік етуі де латын графикасының кең таралуына ықпал еткен. Латын графикасының британдық нұсқасы- 2500 жылдық тарихы бар латын әліпбиінің ең жетілдірілген үлгісі.

Сондай-ақ аталмыш тіл маманының қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның жұмыс тобы ұсынған 25 әріптік әліпбиден Х таңбасын алып тастауына келіспеуі орынды деп санаймыз.

Аталмыш әріп өте маңызды халықаралық таңбалардың бірі деуі, шын мәнісінде, дәлелдеуді қажет етпейтін секілді. Қазақ және ағылшын тілдерінің заңдылықтарын қатар білетін кәнігі маман ретінде ол диграф қана емес, үш таңбадан құралып, бір ғана дыбысты беретін sch сынды триграфты да назардан тыс қалдыруға болмайды деп пайымдайды.
Неге десеңіз қазақ тіліндегі ащы, тұщы, кеще деген сөздердегі [щ] дыбысын sh диграфын екі қайтара қосақтап, ashshy, tushshy, keshshe түрінде төрт әріппен таңбалаудан гөрі, aschy tuschy kesche түрінде, яғни үш әріппен таңбалау әлдеқайда үнемді.

Ал келесі бір ғалым, қазақ тілінің нағыз жанашыры Асылы Османның: «Біз латын әліпбиіне көшкенде, қазақ тілін латын әрпіне емес, латын әрпін қазақ тіліне бағындыруымыз керек. Қазақ тілі өз әуезділігін, шұрайлылығын, ерекшелігін сақтауы керек. Ал 25 таңбалы әліпбиді, екі әріпті бір-біріне қосақтағанды жөн көрмеймін» дегенін, оның ішінде ана тіліміздің ерекшелігінің бұрмаланбауын діттеуін қалайша қолдамассың.

Жеке дыбысты жеке әріппен таңбалауды еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі саналатын Абай атындағы ҚазҰПУ ғалымдары да жөн санайды,себебі бір әріпті қос таңбамен берер болсақ, тіліміздегі орфографиялық және орфоэпиялық нормалар бұзылады.

Иә, мұндайда «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген халық даналығы жадымызда жаңғырады. Әріп саны бұрынғыдан ықшамдау, қазіргі заманға лайықты жаңа әліпбиге көшер алдында өзіміз ұзақ жылдар бойы пайдаланып жүрген 42 әріптің ішінде дыбысталуы қандастарымызға, әсіресе шетелден қоныс аударған бауырларымызға, қиындық келтіретін дыбыстар барын айтқанымыз жөн болар.

Бұған бұлтартпас дәйекті өз ортамыздан келтірсек, шынайы көрінері хақ. Ы.Алтынсарин атындағы Рудный педколледжінде(бүгінде әлеуметтік-гуманитарлық) 90-шы жылдары Моңғолиядан қоныс аударған отбасылардың біршама ұл-қыздары оқыды.

Олар [ф] дыбысына тілі келмегендіктен, «физика», «фабрика» деген сөздерді «пизика», «пабрика» деп айтатын.Сондай-ақ олар ц, ч әріптермен келетін сөздерді де өзгешелеу дыбыстайтын. Шынында да, ұлттық ерекшелігіміз ескерілмей, қолданылып келген осындай әріптерден арыла отырып, бүгінде әлеуеті әлденеше зор латын әліпбиіне оралуымыздың қисындылығы нанымды көрінеді.

Оралу демекші, осыған орай мына бір тарихи дерек те еске түсіп отыр. Сол өзіміз жұмыс істеген оқу орнының мұражайында атақты түлегіміз, академик Манаш Қозыбаевқа жеке мүйіс арнап, оның атында жеке дәрісхана жасақтадық.

Манаш Қабашұлына қатысты жәдігерлер арасында латын қаріптерімен жазылған құнды құжаттарының көшірмелері де баршылық. Өзге әріптермен болса да, қазақ тілінде толтырылған мәтіндерді түсініп оқи беретінбіз.

Сондай-ақ сол жылдары мұражайдың көрнекі тұсында тағы бір аяулы түлегіміздің қойын кітапшасы мен майданнан жолдаған, латын қарпімен жазған үшбу хаты жататын. Қабден Жанбосынов -қазіргі Науырзым ауданының тумасы.Меңдіқара педучилищесінде үздік оқып, атаулы шәкіртақыға ие болған жас талап көпшілік назарына ілігіп, ол туралы аудандық газеттер екі тілде «Стипендиат» деген атпен шағын мақала жариялаған екен.

Шеті мүжіліп, әбден сарғайған газет қиындыларын, оның өз қолымен жазған өмірбаянын оқып, келешегі зор бозбаланың өмірі қанды қырғында қиылып, тіпті хабар-ошарсыз кеткенін де оның туысы, әріптесеміз М. Жанбосыновадан білдік.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында осы жолдар авторлары бірі арманда кеткен боздақ жайлы мақала жазып, ол «Қостанай таңында», кейін журналист Сәлім Меңдібаев құрастырған «Өшпес даңқ» кітабына кірді. «Аруақ риза болмай, тірі байымайды» демекші, бұл да болса, 20 жасында Отан үшін шейіт болған жауынгерге деген құрмет, көпшілік жадында жүрсін деген ниет болатын.

Ел тарихынан сыр шертетін осы бір үзіктен аңғарған боларсыздар, тағы да қайталайық: қазақ тарихы үшін латын әліпбиі жат дүние емес, аға буын өкілдері пайдаланған жазуды игеріп кететінімізге күмән жоқ.

Олай болса, жасаған таңдауымызға қатысты айтылған кейбір пікірлерге аз-кем тоқталып өтейік.Академик Серік Қирабаев мәңгі ел боламыз десек, мәңгі қалатын тілімізді, әліпбиімізді жасауымыз қажеттігін айтып, бұл істе өте мұқият болуға және қоғаммен санаса отырып әрекет жасауға кеңес береді.
Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлінің «Таңба таңдау- өркениет жолын да таңдау деген мағына береді. Сондықтан осы тұрғыдан алғанда, Мәңгілік Ел мұратын тұғырлы ететін тарихи таңдау жасалды деп ойлаймыз» деуі бекер емес.

Осы мазмұндас пікірді қазіргі Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов былайша білдіріпті: «Жазуымызды жаңартып, тілімізді түлеткіміз келсе, сол арқылы санамызды сілкіндіріп, елдігімізді ерекшелегіміз келсе, бұл іске тәуекел етуіміз керек».

Бүгінде латыншаға оралудың астарында өркениет көшінің алдыңғы легінен лайықты орын алуға деген талпыныс жатыр. Талпынысымыз дұрыс болып жатса, яғни жазушы Төлен Әбдік жазғандай: «Қолдан келгенше, өз ойларымызды ортаға салып, түсінісіп, белгілі бір ортақ тұжырымның төңірегіне топтаса алсақ, құба-құп».
Осыдан 10 жыл бұрыңғы сұхбатында профессор Әлімхан Жүнісбек латын әліпбиін қолдай келе: «Кім не десе, о десін, менің ойымша, ағылшын тілінің емле-ережесі аз таңбамен көп дыбысты қамтудың ең озық үлгісі боп табылады» деп, айтқан.

Ғаламдық дамудың жаңа дәуірінде латын әліпбиіне көшу мәселесі тарихи қажеттілік болып табылады Әліпбиімізді латын графикасына негіздеуіміздің басты себебі-халықаралық ақпараттық кеңістікке ену, әлемдік технологияны игеру.

Қазір әлемдегі халықтың 80 пайызы латын графикасын пайдаланып отыр, жер-жаһандағы ақпараттың 70 пайызы осы таңбамен таратылып жатыр. Әліпби жаңарту- бұл дамуға, жаңашылдыққа ұмтылу.

Латын әліпбиі тілдерді еркін меңгеруге жол ашады.Айталық, білетіндердің пайымдауынша, латын өзге этностардың ағылшын тілі мен қазақ тілін үйренуіне ыңғайлы. Қазақстанға әлемдік ақпараттық кеңістіктен лайықты орын алуға жол ашады. Жаңа әліпбидің артықшылығы –мемлекеттік тіліміз ендігі кезекте ғылым мен білімге, компьютер мен интернетке тіпті де оңтайлана,ыңғайлана түседі.

Қазақстан әлемдегі бар қазақтың Отаны дейміз, олай болса, қазақ тілінің бірыңғай стандартты әліпбиі де әлемдегі бар қазақтың ортақ әліпбиі болады, түркі тілдес халықтарды жақындастыра түседі.

Дүйім жұрт жұмыла мән беріп жатқан осынау маңызды бір бастамаға қатысты «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» Парламенттік тыңдау өткені де мәлім. Мұнда сөз алған Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы аталмыш стандартта тіліміздің ерекшеліктері мен ел дамуының болашақ алғышарттары түгел ескерілгенін атап өтті.

Филолог-ғалым, А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек бұл тек тілдің ғана реформасы емес, діл реформасы, жанымыздың жаңғыруы, маңызды стратегиялық бағдарлама десе, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов әліпби жасау және оны енгізумен бірге жаңа жазу ережелері де қабылдануы тиістігін айтты.

Оның бұл ойын ғалым, ҚР Парламенті Мәжілісі аппаратының Редакциялау және аударма бөлімі меңгерушісінің орынбасары Төрегелді Тұяқбайдың: «…Қазақ әліпбиін түзумен бірге қазақ тілі грамматикасын, әсіресе фонетикасын, тіл оқыту әдістемесін дау-дамайсыз, парадигмалық-прагматикалық тұрғыдан қайта қарауымыз керек» деген сөздері нақтылай түскендей.

Әдістеме демекші, Парламенттік тыңдау барысында Білім және ғылым министрлігінің өкілі А.Аймағамбетов бұл ретте асығыстыққа жол берілмейтінін, педагогтермен, ата-аналармен алдын ала талқылау жасалғаннан кейін, ең бірінші кезекте кадрлар даярлау, оқулықтар басып шығару, нормативтік сөздіктер әзірлеу секілді жұмыстар жоспарлы түрде атқарылатыны жөнінде хабардар етті.

Елбасы мақаласында атап көрсетілгендей, латын әліпбиі бұқаралық сананы өзгертіп, қоғамның ішкі тұтастығын қалыптастыратын басты құралдың бірі болады. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, 2017 жылдың соңына қарай латын графикасындағы әліпбидің бірыңғай стандартын қабылдау ұсынылды.

2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз керек. 2022 жылдан бастап 1-сынып оқушылары латын әліпбиімен оқитын болады. 2025 жылғы қарай ісқағаздары, мерзімді басылымдар, оқулықтар-бәрі де латын қаріптерімен басылып шыға бастауы тиіс.
Иә, ауқымды да салмақты іске тәуекел еттік. Әйтсе де арамызда қазақ классиктерінің, өзге де мықты қаламгерлеріміздің құнды шығармалары, жалпы әдебиетіміз, мәдениет, тарихымызға қатысты құндылықтарымыз қандай күйде болмақшы деп алаңдаушылық білдірушілер де баршылық.

Бұл да ескерусіз қалмайтын сыңайлы. Алдағы уақытта конвертер жүйесі енгізілмекші. «Attila group» интернет компаниясының өкілі Біләл Қуаныштың айтуынша, конвертер жүйесін компьютер немесе телефонға орнату арқылы кез келген мәтінді жаңа әліпби нұсқасына немесе басқа әліпби нұсқасын латынға яки басқа да әліпбиге аударуға болады.
Яғни сайтқа салынған материалдар конвертердің көмегімен автоматты түрде латын қарпіне аударылады. Конвертер жүйесі жылдар бойы дамытылып, сөздерді қатесіз жазуға «автоматты редактор» қызметін де атқара алады. Басқаша айтар болсақ, Мәңгілік Еліміздің мәңгілік тілін әлемде мықты саналатын латын әріптерімен жаңғырту мәселесі жан-жақты қарастырылуда.

Пиалаш Сүйінкина, Қазақстан Республикасы білім беру саласының құрметті қызметкері

Редакция НК

оставить комментарий

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись