Қазақтың көрнекті қайраткері

Қазақтың көрнекті қайраткері

Даңқты жерлесіміз Омар Досжанов хақында. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасында айтылғандай, біз ұлттық кодымызды сақтауымыз қажет. Ол бәріміз үшін де аса маңызды.

Ұлттық кодты сақтау дегеніміз – ұлттық болмысымызды нығайтып, оны ұрпақтан-ұрпаққа мұра ету деген сөз. Ұлттық болмыстың өзі біздің ежелден келе жатқан қазақи салт-дәстүрлерімізді, мәдениетімізді заманға сай одан әрі байытып, дамытып, оны бүгінгі ұрпақтың санасы мен тұрмысына сіңіру арқылы жаңа ғасырдың жаңа ұрпағын қалыптастыру.
Қазақ халқының елім деп еңіреп өткен азаматтары қаншама. Солар жайлы республикалық басылым беттерінде жазылып жатыр. Теледидардан да көрсетілуде.

Сондай даңқты аталарымыздың бірі — Омар Досжанов жайлы өз ойымды білдіргім келеді. Ол Қазақстандағы және Қостанай уезінде Кеңес үкіметін орнату жолындағы күреске белсене қатысқан тұлға. Даңқты азамат Торғай облысы, Қостанай уезі, Дамбар болысында (қазіргі Таран ауданында) дүниеге келген.

Сауатты да өткір мінезді, әділетті Досжанов кезінде байлар мен атқа мінер алаяқтардың, қожа-молдалардың, патша әкімдерінің зорлық-зомбылықтарына батыл түрде қарсы шықты. Қарапайым кедейлерді қорғап, әрқашан солардың жағында болды.

Оны көзі көргендердің айтуына қарағанда, ақ гвардияшыл жендеттер Омар Досжановты 1918 жылы 23 маусымда қазіргі Краснопартизан, бұрынғы Қонай және Оржанбайсай арасындағы шұңқырда (қазіргі Красный Партизан ауылының жері) атыпты.

Ол өлімнен қорықпай, жендеттерге қарап тұрып: «Сендер мені өлтірсеңдер де, халықты өлтіре алмайсыңдар»,- деп қайсарлықпен көз жұмыпты. Әрине, осындай ержүрек тұлғаларымыздың аты ешқашан да ұмыт болмайды. Көптеген ақын-жазушыларымыз өз шығармаларына бұл кісінің ерлігін арқау етті.
Қостанай қаласынан 20 шақырымдай жердегі Қонай поселкесінің маңында Омар Досжановтың құрметіне орнатылған ескерткіш бар. Осы елді-мекендегі Чапаев негізгі мектебінің ұжымы сол ескерткішті қамқорлыққа алған.

Жылына екі рет жөндеу жұмыстарын жүргізеді, жан – жағын жинап, әктеп, сырлайды. Оған бару үшін арнайы көлік керек, өйткені, ол Қонай поселкесінен 4 шақырымдай жерде. Осы ескерткіш Қонай поселкесінің ішінде орналасса немесе қайта өңдеу жұмыстары жүргізілсе нұр үстіне нұр болар еді.

Елбасының жоғарыда аталған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын мақаласы барша қауым тарапынан қолдау тапты. Біздің әріптестеріміз де оны оқып, рухтары көтерілді.

Гүлбаршын Жүнісова,
Чапаев негізгі мектебі директорының
орынбасары

Редакция НК

оставить комментарий

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись