Латын әліпбиінің болашағы

Латын әліпбиінің болашағы

Барша қауымды толғандырады

Қазақ халқының ардақты ұлы Ахмет Байтұрсынұлы кезінде: «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі… Біздің заманымыз – жазу заманы, жазу мен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман» деген болатын. Бұл әрбір зиялы азаматтың есінде болса керек.

Бүгінгі таңда қазақ қоғамында латын алфавитіне өту мәселесі қызу талқыланып жатыр. Осы мәселеге сәйкес бірқатар көзқарастар орын алуда.

Әліпби – тек сауат ашу ғана емес, ғылым-білім үйренудің баспалдағы. А.Байтұрсынұлы мұрасының негізінде мектеп оқулықтары – қазақ тілі мен әдебиетінің жазылып әрі оқытылып келгені анық. Орыстың тіл зерттеуші ғалымдары төте жазудағы әліпбиге 1924, 1931 жылдары «Байтурсуновская графика», «Байтурсыновский алфавит» деп атау берген. Біздің бүгінгі жетілген қазақ тіліндегі 40 (жуан, жіңішке белгіні есептеу шарт емес) әріптің түп негізі А.Байтұрсынұлы емлесімен тығыз байланысты. Төте жазуға тұрақтамауымызға сол тұстағы саясат та әсер еткен болуы керек.

Ахмет Байтұрсынов жасаған төте жазу орыс ғалымдары арқылы әлемге танылып, жоғары бағасын алды. Ғалымның әліпби мен жазу санасында ашқан осы ғылыми жаңалығы, жазу заңдылықтарымыздың негізгі тірегі болып, басқа әліпбиге, латынға, одан кириллицаға көшкенімізбен де қазіргі күнде де жазуымызға қызмет етіп келеді.
Ал қазіргі қиындықтарымыз да осы Ахмет Байтұрсынов көрсеткен кейбір ұстанымдардан ауытқып, кірме дыбыстарды әліппеге талғаусыз қабылдап, содан соң кірме сөздерді де өзгеріссіз жазып, өзіміздің төл сөздеріміз бен терминдерімізді де ғалым көрсеткен жолмен қарыштата алмауымыздан туындады.

Біздің алдымызда – басқа елдердің тәжірибелері бар. Яғни бауырлас елдердің осындай өзгерістер жасауға жіберген уақытынан қысқа мерзім алынуы тиіс.

Қазақ тілінің жазу тарихында әліпби жүйесі бірнеше тарихи кезеңдерді басынан өткізіп, ұлттық әліпби деңгейіне жеткен. Бірнеше ғасыр бойы қазақ халқы араб графикасына негізделген әліпби жүйесін пайдаланып келген-ді. 1929-40 жылдар аралығында латын графикасына негізделген әліпбиді жазу жүйесіне енгізіп, 1940 жылдан бері қарай кирил графикасы әліпбиін қолданып келеді.

Қазақ тіліне қызмет ететін жазу таңбалары (графика, алфавит, әліпби) мен орфографиясы (емле) проблемасы ХІХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап баспасөз бетінде көтеріліп, әлеумет назарына іліне бастады. Қазақ жазбаларының орфографиясы мен жазба мәдениеті туралы әлеуметтік үн де ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы 10-15 жылы барысында ашығырақ шықты, мақалалар жарияланды, қазіргі тыныс белгілерінің түр-тұрпаты мен орындары көрсетілді.

Ғалым араб жазулы (таңбалы) қазақтың өз алфавитін (әліпбиін) жасап, ғылым-білім дүниесіне ұсынады. Жүйелілікпен түзілген бұл әліпбиін Ахмет Байтұрсынов тәртіпті жазу деп атаймыз деді: «Тәртіпті жазу дегеніміз тілдегі бар дыбыстың бас-басына арналған белгісі (әрпі) бар болса» деп анықтайды. Нағыз ғылыми дәлелдермен орын алған үлкен тартыстан кейін 1929 жылы қазақ халқы сан ғасыр қолданып келген араб жазуынан жаңа жазу – латынға көшті.

Тағы да сол кездегі империялық саясаттың тегеурінімен латын жазуы аласталып, кириллица − «орыс жазуы» қабылданды. Бұл тұстағы «орыс жазуын» қостайтын ғылыми-теориялық негіздеме әлсіз болды, араб жазуындай (сан ғасырлық) қолданыстағы тарихи дәстүрі болған жоқ, не қазақ тілінің дыбыс құрылымына сәйкестену мүмкіндігі де (қазақ жазбасына қажет дыбыс әріптерінің болу-болмауы) өзге жазулардан (айталық, алдыңғы латын әліпбиінен) артықшылығы көрінбеді, не сауатты жазуға ұсынылатын емле ережелерінде үлкен өзгерістер болмады.

Мемлекет мықты болса, оның елі де, болашағы да мығым. Біздің Президентіміздің арман-аңсары да осы қазақ мемлекетін сондай биік әлеуетке жеткізу екені «Қазақстан-2050» Стратегиясынан анық байқалады.

Мемлекет басшысының халыққа арнаған стратегиялық бағдарламасындағы айрықша назар аударатын мәселе – мемлекеттік тіл, тілдердің үш тұғырлылығы туралы жайлар. Елбасының: «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет… Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек» деген сөзі баршаның есінде болса керек.»

Әсел Салықова,
№8 орта мектептің қазақ тілі және әдебиеті
пәнінің мұғалімі

Редакция НК

оставить комментарий

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись