Темірдей тәртіптің адамы

Темірдей тәртіптің адамы

Қостанай қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Юрий Харьяков жайлы толғаныс

Денисов ауылының тумасы

Қостанайда журналист болып қызмет атқарған отыз бес жылдың ішінде талай жүректері елім, халқым деп соққан азаматтармен жүздесіп, олармен сыйластым.
Солардың арасында бүгінгі кейіпкерім Юрий Александрович Харьяков та бар. Оған ерекше риза болатыным, облыс өміріндегі көптеген қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Кез-келген жиындарға дер кезінде келіп, өзінің азаматтығын танытып, ой -пікірлерін ортаға салып жатады.

Осы көрнекті тұлға келесі аптада 70 жасқа толғалы отыр. Бірақ оның жүріс-тұрысына, қимыл-қозғалысына қарап, бұл жасты мүлдем бермейсіз. Әлі тың да сергек көрінеді.
Бәлкім спортпен айналысатындықтан да болар. Бойы тіп-тік, сөзі де нық, кез-келген адамды бір көргеннен баурап, туған бауырындай көріп кететін адами қасиеттері де жеткілікті.

Жақында онымен қызмет бөлмесіне барып, асықпай сөйлестім. Мерейтой иесінің айтары да мол. Бір сәт терең ой үстінде қалды. Оның көз алдына сонау артта қалған балалық шағы, әке-шешесінің тәлім-тәрбиесі, оқыған жылдары елестеді ме екен.

Оның айтқандарының бәрін де қойын дәптеріме жазып алып, оқырман қауымға рет-ретімен жеткізуге тырыстым. Юрий Александрович Харьяков 1947 жылы 20 қарашада Денисов ауданының орталығы Денисов селосында дүниеге келді.

Бұлардың әулеті ежелден халық арасында құрметпен аталады. Себебі, оның атасы Данил кезінде осы селоның қалыптасуына айтарлықтай үлесін қосқан адам. Оны жергілікті жұртшылық та ұмытпай, әлі күнге дейін айтып жүреді.

Оның тәрбиеленген отбасын да жұртшылықтың бәрі де жақсы біледі. Себебі, ата-анасы да айналасындағыларға нұрлы шуағын шашқан иман жүзді кісілер болатын.
Отбасының иесі яғни әкесі Александр шын мәнінде бүкіл ғұмырын Қазақстанды көркейтіп, еліміздің экономикасын өркендетуге арнаған азамат еді. Ол сонау бір жылдары Денисов аудандық атқару комитетінде жауапты жұмыс істеді.

Содан кейін осы аудандық жоспарлау комиссиясының төрағасы болды. Бұл жұмыс орны қазіргі уақытта экономика басқармасы деп аталады.

Өз жұмысына шексіз берілген жан таңның атысынан күннің батысына дейін тыным таппайтын. Ауданның бүкіл жетістігін бес саусақтай білетін.

Кейіпкерімнің сөзіне қарағанда, ардақты әкесі өте бейнетқор, оқыған-тоқығаны мол, тәртіпті шексіз сүйетін және өңірде үлкенді-кішілі қауымның арасында беделі жоғары кісі болған.

Ал өзін кішкентайынан алақанына салып аялап өсірген аяулы анасы Вера да жүрегі дархан, тек ғана отбасының амандық-саулығын тілеп, құрметті демалысқа шыққанша аудандық тұқым лабораториясында, содан кейін почта саласында қызмет атқарды.

Бір шаңырақта төрт ұл бала өсті. Кейіпкерім жанұядағы үшінші перзент. Ағалары Валерий, Анатолий және кіші інісі Владимирлер де түрлі мамандықтарды меңгеріп, жемісті жұмыс істеді.

Осы ағайындылардан қазір жалғыз өзі ғана қалды. Әрдайым әке-шешесі мен бауырларын қимастықпен еске алып отырады. Әрине, қазір сол бақытты күндердің бәрі де сағынышқа айналғаны белгілі.

Белсенділік мектептен басталды

Онымен кездесу барысында журналистік қызығушылықпен сонау бір жылдары мектепте қалай оқығандығын, азамат ретінде қалыптасу жолдарын да сұрадым.
Ол өзіне тән шешендікпен өткен кезеңдерге де қысқаша шолу жасады. Өзінің бойындағы тәртіпке мойынсыну, жауапкершілікті сезіну секілді асыл қасиеттер ардақты әкесінен дарып, білім ордасында одан әрі жалғаса түсті.

Орта мектепте беделді де алғыр оқушылардың бірі болды. Сабақты да жақсы оқыды. Мектеп түлектерінің 50 жылдығын өткізуге өзі тікелей мұрындық болып, сыныптастарының басын қосты. Өздері өткен жарты ғасырдағы күндерді еске алып, бір жасап қалды.

Юрий Александрович білім ордасын аяқтаған соң Қызыл Тулы Тынық мұхиты флотында өзінің азаматтық борышын өтеді. Онда да өңірдің намысын бермеді. Әрдайым өз қатарластарының алды болды.

Әскердегі жылдар да бозбалалар үшін нағыз шыңдалу мектебі емес пе. Ол жақтан да көп жайды көңіліне түйді. Туған жеріне оралған соң да қол қусырып қарап отыра алмады, бірден жауапты қызметке кірісті.

Мұндағы басшылар да оның оралуын асыға күткен секілді. Өйткені, әбден саяси жағынан шыңдалып, темірдей тәртіпке үйренген азаматқа бірден аудандағы «Қайрат» ерікті спорт қоғамын басқаруды тапсырды.

Бұл да оларды жерге қаратпады. Ә, дегеннен жұмысты ұршықша иіріп, ауданның жастарын ортақ мүддеге шебер жұмылдыра білді. Содан арада көп өтпей оған тағы да сенім артылды. Аудандық спорт комитетінің төрағасы болып бекітілді.

Жоғары білім алуды да ұмытқан жоқ. Негізгі қызметінен қол үзбей жүріп, Қостанай ауылшаруашылығы институтының зооинженерлік факультетін сырттай оқып бітірді.
Сол жылдары ауданда спорт саласы ерекше көзге түсті. Қаншама спорт майталмандары дайындалды. Мұнда әрине, оның қосқан үлесі айрықша дер едік.
Мұндай іскер де ұйымдастырушылық қабілеті жоғары азаматқа аудан басшылары ерекше құрметпен қарады. Себебі, қандай маңызды жұмыс атқарылмасын ол оны тап-тұйнақтай атқарып, басқарған саласын тек алға қарай жетеледі.

Сөйтіп, өзі де көпке танылды. 1975 жылы аудандық кеңеске депутат болып сайланды және аудандық атқару комитетінің ұйымдастыру-нұсқау бөліміне басшы етіп тағайындалды.
Бұл қызмет оның бойындағы барлық сол уақытқа сай біліктілігін, адамдарға деген ерекше қарым-қатынасын жарқырата көрсетті. Өзі алдындағы тәжірибелі жандардан көп жайды үйренсе, өзінің ізін басып келе жатқан жастарға да үлгі-өнеге бола білді.

Ол кездері комсомол да өте маңызды ұйым болатын. Ол ұзақ жылдары бойы аудандық комсомол комитетінің бюро мүшесі ретінде жігіттер мен қыздарға ұйытқы бола білді. Барлық саладағы жұмыстардың жандана түсуіне өзінің тікелей септігін тигізді деп нық сеніммен айта аламыз.

Әрқашан да өңірдегі басқосуларда өзінің тапқырлығымен, көптің алдында еркін сөйлеуімен дараланды. Сондықтан да болар, 1982 жылы Қостанай облыстық атқару комитетіне нұсқаушы болып жоғарылатылды.

Мұнда да абырой мен құрметке бөленді. Ұқыптылықты жаны сүйетін азамат арада көп өтпей осы жерде ұйымдастыру бөлімінің басшысы болып бекітілді. Бұл қызметтің де өзіне тән қиындығы мен қуанышы жеткілікті. Мұны тек ғана өзінің басынан өткізген адал да ой-өрісі кең азамат түсіне алады.

Қандай қызметте де елдің сеніміне ие болған Юрий Александрович 1997 жылы яғни 50 жасқа толған кезінде Қостанай облыстық тәртіптік кеңесінің алғашқы төрағасы болды.
2005 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін Қостанай облыстық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі басқарманың секретариат меңгерушісі-басқарма басшысының орынбасары секілді жауапты қызметті де абыроймен атқарды.

Өздеріңіз білесіздер, ол 2015 жылдың желтоқсан айынан бері Қостанай қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Бұл жұмыс та өте жауапты. Қазіргі таңда кеңесте 76 Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оған теңестірілгендер бар.

Жалпы, облыс орталығында бұларға тіркелген 22600-ден астам адам есепте тұрады. Олардың бәрі де бүкіл жастық шағын туған елі мен халқына адал қызмет етуге арнаған аға буын өкілдері.

Биылғы жыл да бұлар үшін өте жемісті болды. Халықаралық қарттар күні де тиісті деңгейде өткізілді. Қазан айы «Егде кісілдерді қолдау» айы ретінде жұртшылықтың есінде қалды.

Отбасы — өмірінің мәні

Айналасындағы үлкен мен кішіге әрқашан да ізеттілік танытып, көтермелейтін асыл азамат отбасында да бақытты. Сүйікті жары Вера Петровнамен бір шаңырақтың астында бақытты ғұмыр кешіп келе жатқандарына да көп жылдардың жүзі болды.

Зайыбы зейнеткерлікке дейін медицина саласында жұмыс істеді. Облыстық психиатриялық ауруханада бас дәрігердің орынбасары ретінде көптің құрметіне бөленді.
Шаңырақтың шырайын келтіріп отырған бәйбішесі Таран ауданындағы Викторов кеңшарының тумасы. Ол да жастайынан спортпен шұғылданды. Волейбол түрімен айналысты.
Юрий Александрович жастай сүйіп қосылған жары екеуі қос ұлдарына тағылымды тәрбие берді. Олар да ата-аналарының сенімін ақтады. Бұл күндері әріптестерінің арасында сыйлы да беделді мамандар.

Өткен жылдардағы жемісті қызметі үшін ол „Еңбектегі ерлігі үшін„ және бірқатар басқа да медальдармен марапатталды. Спорт саласынан алған грамоталары, басқа да сый-құрметтері жеткілікті.

Спорт демекші, ол бозбала кезінен бастап, оның волейбол түрімен еркін айналысты. Сонау бір жылдары Денисов селосында жүргенде футболдан команда капитаны атанып, өңірдің атын елімізге танытты.

Қоғамдық жұмыстарда да өзін жан-жақты көрсетті деп ерекше құрметпен атай аламыз. 1992 жылдан бастап гандболдан Қостанай облыстық федерациясының президенті. Он жылдан астам уақыт бойы осы сала бойынша Қазақстан Республикасының вице -президенті.

Ол қазіргі таңда Қостанай қалалық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясының мүшесі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының тұңғыш басшысы әлі де осы комиссияның белді мүшесі, қалалық қоғамдық кеңестің де мүшесі.

Өздеріңіз де байқап отырған шағарсыздар, бұл бір азамат үшін аз емес. Осының бәріне де уақыт табады. Әрдайым өзінің ұсыныстарымен көзге түсіп жатады. Мұндай іскер азаматтарды біз әрдайым жоғары бағалап, ардақ тұтуға тиіспіз.

Бұл күндері қаламызда 90 және одан жоғары жастағы 260 ағаларымыз бен апаларымыз ғұмыр кешіп жатыр. Олардың ең үлкені Марфуға апамыз. Келесі жылы екі абыз ақсақал ғасырға толады.

Қалалық ардагерлер кеңесіне шаһар басшысы Базыл Жақыпов үнемі көмектесіп, қамқорлық жасайды.

Оразалы Жақсанов

Редакция НК

оставить комментарий

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись