Елім деп еңіреп өткен тұлға

Елім деп еңіреп өткен тұлға

немесе Алаш ардақтысы Елдес Омарұлы жайлы толғаныс

Соңы. Басы №88 санда

Шынында да Елдес аға қазақ тілінің, қазақ әрпінің ғана емес, жүрегі қазақ деп соққан, елім деп еңіреген талай ердің қорғаушысы болған, ажал алдында да қаймықпай, тура сөзін айта білген.

Ел басына қара бұлт үйірілген ауыр жылдарды Елдес Омарұлы өзінің жан аямас достары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаевтармен бірге өткізеді. Осы бесеуіне ашылған № 6 іс бойынша 1929 жылғы 16 тамызда Біріккен саяси басқарманың Шығыс бөлімі бастығының көмекшісі Саенко Қылмыстық кодекстің 207 статьясын басшылыққа алып, қаулы шығарады. Мәскеудің атышулы Бутыр түрмесіне де Елдес аға өз әріптестерімен бірге түседі.

Ал 1929 жылы 24 қарашада Біріккен саяси басқарманың Шығыс бөлімінің бастығы Міржақыпты 14-ші камераға алып кеткеннен кейін бұған дейін бір камерада отырып келген Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек, Елдес және тағы бірнеше адамды бір-бірінен бөлектеп, жеке камераға отырғызуды сұраған құжат та мұрағат деректерінде сақталған.

Елдес Омарұлы қызық күндерді де достарымен бірге көріп, қысылтаяң заман қияметін туған даланың аяулы перзенттерімен, алаштың ардақты ұлдарымен бірге тартады. Елдестің Мағжанмен, Ахметпен және басқа қазақтың біртуар ұлдарымен түскен суреттері де табылды.

Дүкенбай Досжановтың 1992 жылы Қазақстан баспасынан жарық көрген «Абақты» деп аталған кітабында ғалым туралы нақты деректер келтірілген. Жазушы тапқан деректерге қарағанда, 1930 жылы 4 көкекте Біріккен саяси Бас басқарманың алқасы Ахмет, Міржақып, Жүсіпбекке қоса барлығы он үш кісіге ату жазасын қолдану туралы қаулы қабылдайды. Кейінірек Мағжан, Елдес және Дамулла Битілеуовке ұйғарылған ату жазасы концлагерьде он жыл отыруға алмастырылады.

Елдес бұл мерзімді Мағжан және Міржақыппен бірге Қиыр солтүстікте, Карелия орманының ішінде өткізеді.

Тағдыр тәлкегі ме, мақсат бірлігі ме, әйтеуір, Алаш асылдары қайда да бірге жүргенге, өмір тауқыметін бірдей көргенге ұқсайды. Орынборда бас қосқан қазақ зиялылары ұлтты аман сақтау үшін жалпы қазақ съезін шақырайық деген пәтуаға келгенде, Алашорда мүддесі үшін құрылған ұйымдастыру алқасындағы бес адамның бірі Елдес Омарұлы.Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сағындық Досжановтардың жанынан табылған Елдес 1918-19 жылдары Алашорданың Қостанай уезіндегі комиссары болғаның жоғарыда айтқанбыз.

Қазақтың Ломоносовы атанған ағаның «Ломоносов» деген бүркеншік аты да болған. «Тайбағар» деген атпен «Жас қазақ» журналына (1924 жыл № 5-7) «Қазақ салты» және «Дағдылы жол мен айлалы жол» деген мақалаларын бастырған. Бірқатар шығармаларын «Әділ» деген бүркеншіқ атпен жариялаған.

Керекуде шығып тұратын «Дауа» газетінің 1994 ж. № 1 (наурыз) санында жазушы Рамазан Тоқтаровтың «Күні бардың күншілдігі жоқ» деп аталған мақаласы басылды.
Онда оқу-ағарту жұмысында жүрген ірі мемлекет қайраткерлері мен қазақ зиялыларының іргелері ажырамай, үнемі бірге бас қосқаны айтылады. Жазушы осы мақаласында арыстарымыз өздерінің оңаша отырыс-мәжілістерінде бірін бірі қосалқы аттарымен атағанын жазады. Мысалы: Міржақып – Қоңқақ, Мендешев – Шұбар, Сәкен – Долан, Елдес – Жорғақ.

«Жұлдыз» журналының 1996 жылғы маусым айындағы санында Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар апайдың «Ардақтап өтем әкемді» деп аталған естелігі жарық көрді. Осы естелігінде апай Елдес ағасын ерекше ыстық сезіммен еске алады:

«… Бұл кісіні Елдес аға дейтін едім. Папам екеуі қатты қалжыңдасатын, қуақы сөйлейтін, өзі күлмей, жұртты күлдіретін қасиеті болатын. Кейін дәрігерлік институтта оқып жүргенімде Елдес аға мен Ісмет Кеңесбаев сонда орыстарға қазақ тілінен сабақ берді. 1935 жылдары жиі көріп тұрдым. Папамның ең жақын жолдасымен ұшырасқанымда көз алдымнан бұлдырлап, алыстағы сағымдай, тілесең де оралмайтын бақытты бала кезім елестеп өтетін. Әкемді бір көруге зар болған сағынышым одан сайын күшейіп, жүрегімді сыздататын.

Елдес аға өзінің досы Міржақып қайтыс болғанын естігенде Кеңесбаевқа: «Ісмет, бүгін мен үшін қаралы күн, аза тұтамын, аяулы Міржақып Дулатов, жан жолдасым дүние салғанын естідім, менің сабағымды өзің жүргізе сал», – депті. Мұны маған алпысыншы жылы Ісмет ағаның өзі айтты. Елдес аға, папам және басқа он төрт кісімен бірге 1988 жылы ноябрьде, алпыс жылдан соң ақталып шықты», – деп жазады Гүлнар апай.

Гүлнар апай Елдес ағаның зайыбы Эльзаны және Міржақыптың үзеңгілес серіктерінің бірі, қазіргі Қостанай облысының Қарабалық өңірінде туып-өскен Ғаббас Нұрымовтың үйінде болғанында тебірене жазады. Ғаббас тұңғыш рет Алаш маршын орындаған. Кейін Совнаркомда жауапты қызмет атқарған, білікті аудармашы болған ардагер ағаларымыздың бірі.

Елдес ағаның інілері Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімдерінің бірі Қапаш Шуақаев пен Қостанай облысының тұрғыны Абай Қошаловтың айтуына қарағанда, алғаш сотталған жылдары Елдес аға тозақта болғандай қүй кешкенін кейін елге оралғанда айтқан көрінеді. «Адам ит жанды деген өтірік екен, адам иттен де төзімді болады екен. Іш ауруынан адамдар шыбындай қырылғанда да аман қалғандар болды. Егер жүз тал кендір талдасаң, бір күрешке быламық береді, жұтқан жұтамайды дегендей, жүруге шамам келмесе де, жатып, кендір талдап, быламық ішіп, ес жидым» – дейді екен.

Ел адамдарының сөзіне қарағанда, жиырма бірінші жылғы аштықта Елдес сол тұстағы қазақ зиялыларымен тізе қосып, Торғай облысы қазақтарын аштықтан аман алып қалу үшін көп күш-жігер жұмсаған. Семей байларынан үйір-үйір жылқы алғызып, көп адамды аштықтың аранынан арашалап қалған.

Елдес Әлихан мен Ахаңды қазақ ұлтының көсемдері деп таныса, олар да Елдес десе ішкен асын жерге қоятын. Елдес «Пішіндеме» мен «Кескіндеме» жарық көргеннен кейін ең алғашқы бағаны да солардың аузынан естіген. Геометрия мен тригенометрияны тәржімалауға болады деген үш ұйықтасақ ойымызға келмепті, сен қазақ ұғымына сай балама тапқан екенсің, – деп екеуі бірдей балаша мәз болған.

Сондықтан да Елдес математиканы қазақшалау барысында тағы да арқа тұтар екі ағасын алға салып, солармен ақылдасып алуды жөн көрген. Біреуіне арнайы хат жазып, ақыл қосуын сұраса, екіншісімен көзбе-көз кездесіп, пікірлескен. Ахмет Елдестің аудармаларын және жаңа баламаларын қуана құптаған болатын. Сол жолы Елдеске Әлиханның өзіне жазғанындай ғылымның түрлі саласында жаңа сөздер жасауда өзіңнен асқан ешкім жоқ болып тұр, Елдес! – деп арқасынан қаққан.

Әлихан Ахмет Байтұрсыновқа жазған хатында: «Елдесім жақсы жігіт. Бұрын да жақсы еді. Енді онан да сүйікті болып кетті. Бір күні Шәңгерей маған: «Мен сені жақсы көрем. Білесің бе? – деді. Мен: «Жоқ!» – дедім. Шәңгерей маған: «Сен шын қазақсың ба? Сені қазақ деп жақсы көрем!» – деді. Физиканы оқып қарасам, Елдесім де қазақ екен», – деп жазыпты.

Мұхтар Әуезовтің жан достарының бірі болған Елдес Омарұлы Мұхтардың алғашқы әйелі Райханнан туған қызы Мұғамила апайды жас кезінде Мұхаңның өтініші бойынша Семейден ертіп әкеліп, жазушының отбасына тапсырған екен. Ұлы жазушы Валентина Николаевнадан туған тұңғыш ұлдарының есімін Елдес Омарұлының құрметіне Елдес деп қойған. Өкіншке орай, нәресте бір жасқа толмай шетінеп кеткен.

Көлемі үш жүз беттен құралған қазақ әдебиеті туралы жазушы еңбегінеең алғаш орыс тілінде пікір жазған да Елдес Омарұлы. Онда Елдес аға жазушының еңбектеріне жақсы баға береді.

Жазушы Бейбіт Сапаралы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Арыстар өмірінің асыл үзігі» деген мақаласында (20 мамыр,1997 жыл): «1934-1937 жылдар аралығында Алматыда Қазақтың Ұлт мәдениеті ғылыми-зерттеу институты (КНИИНК) жұмыс істеп, әдебиет пен фольклор, тіл, тарих, сурет сызу мәселелері бойынша қомақты-қомақты еңбектер тындырғаны белгілі. Тап осы ғылыми-зерттеу ордасы аясында Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы ауқымды арнада келісім-шарт бойынша жұмыс істегенін институттың сақталып қалған (көрнекті ғалым, тіл маманы – түрколог Сәрсен Аманжоловтың жеке мұрағатынан табылған болатын – Б. С.) ресми кіріс-шығыс қағазы арқылы анықталған болса, жаңадан табылған Әлихан ақсақал хатының мазмұны сол деректерді үсті-үстіне айғақтап, бекітіп беріп тұр», – дейді.

Жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбаев «Жұлдыз» журналында (№1,2010 жыл) жарық көрген «Ұраным – Алаш» атты эссесінде тергеуші Логачевтің Елдестен алған жауабын келтіреді. Осы еңбегінде: «Алашорда» көсемдерінің арасындағы «сүйкімді сері» атанған Елдес Омаровтың еріксіз жазылған жоғарыдағы «естелігі» Әлиханның көзқарасы мен жан дүниесін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді… «Өзінің шыққан әлеуметтік-таптық тегіне қарамастан, қазақ халқының барлық түтін иесі өз жерін емін-еркін пайдалануы тиіс» деген талаптың түпкі астарында: қазақ жері – қазақтардың ұлттық байлығы деген үлкен мағына бар еді» – деп жазады.

Елдес өз жауабында: «Ал ауылдағы таптық жіктеуге келсек, оны мен – Омаров, қазақ халқының көпшілік бөлігі – байларға байлаулы болғандықтан да, онымен ашық күресе алмайды, байдың ықпалындағы кедей өзінің үкімін ауқаттыларға қарсы жүргізе алмады деп ойладық» – деген түсініктеме берген.

Елдес ұлт мүддесін көздеп:«Қазақстанда ешқандай басы артық жер жоқ, сондықтан да еліміздің еуропалық бөлігіндегі губернияларынан қоныс аударушыларды көшіріп әкелу туралы әңгіме болуы мүмкін емес.

Төңкеріске дейін де, төңкерістен кейін де Қазақстанға қоныстанған орыс тұрғындары жергілікті халыққа жер бөлініп берілгеннен кейін, оның ыңғайына қарап, ең соңынан барып жерге орналастырылуы керек. Егер де жергілікті қазақ халқының талабын қанағаттандыру үшін, қажет болса, онда орыс тұрғындарын Қазақстаннан көшіріп жіберу қажет» – деп кесіп айтқан.Яғни, Алаш арыстарының жерге деген көзқарасы бірдей болғаны Елдестің осы сөзінен-ақ айқын аңғарылады.

Елдес ағаның ел деп соққан жүрегі тоқтаған жоқ, 1992 жылы Елдес Омарұлының тұғанына 100 жыл толуын туып-өскен жері – Таран ауданының жұртшылығы атап өтті. Оның атымен мектеп аталып, есімі көшелерге берілді.

Сәкен Сейфуллин көзі тірісінде Елдес Омарұлына үлкен баға берген.

Ол өзінің естелігінде: «Бұл туралы маған, қысты күні Ахмет Байтұрсыновтан қай жағынан болса да кем емес деп жүрген Елдес Омарұлы келіп, біраз сөз айтты. Оған да мен мәселені газет бетіне, көптің талқысына сал деген едім. Ол ауырып қалды…» – деп жазған.

Елдес Омарұлының орыс тілінде жазған негізгі мақалаларының бірі Ахмет Байтұрсыновтың еңбектерін талдауға арналған. Мұнда ол Ахметтің қазақ әліппесін жасаудағы, қазақ жазуын жаңғыртудағы төл еңбегіне жан-жақты тоқтала келіп, ақын, аудармашы, көркем сөз бен көсем сөз шебері, педагог және қоғам қайраткері есебіндегі талантына шынайы баға береді.

«Ақаңды барлық қазақ даласы біледі, оны сыйлайды, сүйеді, бірақ, ол әлі өз бағасын алып біткен жоқ», – деп жазады Елдес аға. Осы сөздерді Елдес Омарұлының өзіне байланысты айтуға да болар еді. Қас талант жылдар өткен сайын саф алтындай жарқырай бермек.

Ақылбек Шаяхмет, «Алтын қалам» иегері, Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры

Редакция НК

оставить комментарий

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись