Қостанайда Тұңғыш Президент күні мерекесі жоғары деңгейде өтті

1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай облыс орталығында көптеген танымдық-тағылымдық жағы мол бағдарламалар ұйымдастырылып, одан үлкенді- кішілі қауым ұмытылмас әсер алды.

Солардың бірі — Қостанай облысы әкімі Архимед Мұхамбетовтың қатысуымен өткен «Тәуелсіз елдің Көшбасшысы» деп аталатын облыстық салтанат дер едік. Содан кейін мерекелік концерт болды.

Жалпы, өңірімізде осынау айтулы мерекеге байланысты іс шаралар қарашаның 20-нан басталды. Бұларды кейінгі жастар айтып жүретіндей қаншама рухани жағынан берері мол басқосулар ұйымдастырылды.

Біздің Қазақстан халықтар арасындағы ерекше ырыс-ынтымағымен, бірлігімен дараланады. Сондықтан да болар аталмыш мейрам қарсаңында Қостанай шаһарындағы «Мирас» мәдениет үйінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында білім алып жатқан жастар арасында облыстық толеранттылық фестивалі жиналған жұртшылыққа жоғары көңіл-күй сыйлады.

Сондай-ақ аталған бағдарлама шеңберінде «Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан тарихын өзгерткен бастамалары» деген танымдық жағы айрықша басқосудан да үкілі үмітіміз болып табылатын жастар қаншама өнеге алды.

Сол мереке күндері жерлестеріміз алаңға шығып, ұйымдастырылған концерттік бағдарламаларды тамашалады. Олардың арасынан ақсақалды қарттарымыз бен ақжаулықты аналарымызды көріп, тәнті болдық.

Әрине, қала мекемелері мен ұйымдары, барша тұрғындар да Тұңғыш Президент күнін өздері қызмет атқаратын орындарда, білім ордаларында лайықты қарсы алуға тырысқандары олардың жүздерінен айқын көрінеді.

Бұл күндері қазақ елін әлем біледі. Мұның бәрі де мемлекет басшысының көреген саясаты мен алдағыны болжай білетін ерекше қайраткерлік, іскерлік қасиеттерінің арқасы дер едік.

Мұны өңірдегі барша жұртшылық мақтанышпен ауызға алады. Мәселен, Қостанай шаһарындағы Сырбай Мәуленов атындағы қазақ гимназиясының директоры Бекежан Көшмырзин былай дейді:

-Өзім басқаратын білім ордасының ұжымы Тұңғыш Президент күнін ерекше қуанышпен қарсы алды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халқымыздың бақыты үшін туған жан.

Өткен тәуелсіздік алған жылдарда республикамызды дүниежүзі мойындады. Тіпті өзге елдер бізден үлгі алатын деңгейге жеттік. Мысалы, үстіміздегі жылы Елордамыз Астанада халықаралық „ЭКСПО-2017„ көрмесі ұйымдастырылды.

Оған әлемнің көптеген мемлекеттерінен өкілдері қатысып, Қазақстанның қысқа мерзімде қол жеткізген табыстарына таң қалды. Барша қауым осы жетістіктерді Елбасының есімімен тығыз байланыстырады.

Биыл мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани-жаңғыру» деп аталатын аса құнды бағдарламалық мақаласы жарық көрді. Ол күллі отандастарымызды жігерлендіріп, жасампаздық істерге жетелейді.

Тұңғыш Президентіміздің ғұмыры кейінгі жастарға өнеге. Сондықтан да болса керек, облыста «Елбасым мақтанышым» деген тақырыпта мәнерлеп оқу, «Президенттің өмірбаяны-елдің өмірбаяны» тақырыбында шығармалар байқаулары тиісті деңгейде өткендігін де айтып өткен абзал.

Сондай-ақ көпшілік қауым «Елбасымыз Нұрсұлтан» деген авторлық өлеңдерді тыңдап, рухани жағынан жандүниелерін байытты. Сонымен қатар мемлекет басшысының барша ұлттар арасында үлкен құрметке бөленгендігін айқын сезінді.

Облыс орталығында түрлі тақырыптағы өзек еткен бағдарламалармен қатар спорттық іс шаралар, көрмелер, сынып сағаттары, дөңгелек үстелдер де ойдағыдай ұйымдастырылды.

Редакция НК

оставить комментарий

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись