Көрнекті ғалым, академик Зұлқарнай Алдамжардың аяулы жары Гүлсара Мамажанмен сырласу
Республикамызда бүкіл ғұмырын ғылымға арнаған Зұлқарнай Алдамжарұлы

Алдамжарды білмейтіндер жоқ.

Өйткені, ұлтжанды азамат дүниеден өткенше Қазақстанның солтүстік өңірінде жатқан Қостанай шаһарында жемісті қызмет атқарып, үлкен абыройға бөленді.

Өңірімізде алғашқылардың бірі болып жеке оқу орнын ашқаны да баршаға мәлім. Бұл күндері іргелі оқу орны болып табылатын Қостанай әлеуметтік-техникалық университеті көптеген білікті мамандардың қара шаңырағы атанып отыр. Қазақтың көрнекті ғалымы егер тірі болғанда биыл 80 жасқа толар еді.

Осы мерейтой қарсаңында артында өшпес із қалдырған асыл азаматтың өнегелі істерін жалғастырып келе жатқан ғұмырлық қосағы Гүлсара Шолпанбайқызы Мамажанмен әңгімелескен едік.

Бүгін осы сыр-сұхбатты жұртшылық назарына ұсынып отырмыз.

– Аса қадірлі Гүлсара Шолпанбайқызы, сіздің өміріңізде қазақтың біртуар перзенті, қайсар да батыл тұлға Зұлқарнай Алдамжарұлы ерекше орын алғандығын жақсы білеміз. Өйткені кезінде екеуіміз тату-тәтті ғұмыр кештіңіздер. Бүгінгі әңгімемізді отағасымен екеуіміздің әу баста қай жерде танысқандарыңыздан бастасақ орынды болар еді?

-Иә ол да бір қызық дәурен еді ғой. Өмірімнің ең бір шуақты күндерін бірге өткізген жылдарды ешқашан да ұмытпаймын. Әрдайым есімде сақтайтыным хақ.

Дұрыс айтасыз, біз өте сыйластық. Оны перзенттерімізге, басқа да қимас жандарға әңгіменің орайы келгенде айтып отырамын.

Ол шын мәнінде жардың қадірін және өзін де құрметтете білетін басқаларға да әрдайым ілтипатпен қарайтын ішкі мәдениеті жоғары, нағыз зиялы азамат еді ғой.

Өздеріңіз де білетін шығарсыздар, біздің кезіміздегі қазақтың жігіттері мен қыздары Алатаудың баурайындағы әсем қала Алматыда оқуды армандайтын. Өйткені, еліміздің бұрынғы астанасы, көрік-келбетін айтпағанда, нағыз мәдениет пен парасаттың, білімнің ордасы емес пе еді.

Өзім сонау мектеп қабырғасында жүргеннен бастап өзге құрбыларым секілді еліме пайдамды тигізер мамандықты таңдауға бел будым. Содан кейін сол уақыттағы республикамыздағы ең маңдай алды оқу орны С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне құжатымды тапсырып, талапкер атандым.

Бақытым шығар, барлық емтихандардан мүдірмей өтіп, студенттер қатарына қабылдандым. Арманым орындалып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастармен тез тіл табысып, араласып кеттік. Себебі, бәріміз де мақсат та, мүдде де ортақ болды ғой.

Ол кездегі бойжеткендер ұяң әрі кішіпейіл келетін. Ер азаматтарға да құрметпен қарайтынбыз. Факультеттегі оқуға түскен жігіттердің арасында Атыраулық Зұлқарнай Алдамжарұлы да болды.

Бозбала кезінде Зәкең шашы әдемі таралған өте көрікті жігіт-ті. Сол уақыттың өзінде ол өзінің ғылымға, білімге деген ынтызарлығымен өзгелерден ерекшеленетін еді. Мектепті үздік аттестатпен аяқтаған ол университетте де алдыңғы қатарлы студенттердің бірі болды.

Міне, сол жылдары онымен танысқан болатынбыз. Бес жыл бес күндей болмай зырылдап өте шықты. Екеуміздің көңіліміз жарасып, үлкен өмірге қадам жасауға бел будық. Біздің өмірге деген көзқарасымыз да әрдайым бір жерден шығатын.

Қолымызға диплом алатын шақ та жетті. 1962 жылы біз жоғары оқу орнын тәмәмдап, өз алдымызға отау тіктік. Міне, содан кейін ынтымақты ғұмыр кештік.

Отағасының туып-өскен жері Атырау өңірі ғой. Сол облыс орталығына бардық. Бізді оның барша туған-туысқандары жылы жүзбен қарсы алды.

Туған-туысқандарымен өте сыйластым

– Өткен жылдардағы өзіңізбен болған бір жүздесуде Атырау өңіріндегі ағайындар өзіңізге ерекше құрметпен қарағандықтан олардың арасында ибалы келін болғаныңызды айтып едіңіз, соған тағы да қысқаша тоқталатын кез келген секілді?

– Қарағым бәрі де отбасындағы ана тәрбиесіне байланысты ғой. Өйткені, шешеміз бізге кішкентайымыздан: Қыз бала жат жұртты кез-келген жас келін табалдырықты аттағанда сол әулетті бақытты қыламын„ деген ойда болуы керек деп үнемі құлағымызға құйып отыратын.

Шешелеріміздің осындай пайдалы ақыл-кеңестерін ғұмыр бойы бойтұмардай ұстандық. Өйткені, күйеуіңді ұнатқан соң, оның ата-анасынан бастап барлық туысқандарын құрметтеуге тиістісің. Сонымен мен де жаңа ортаға келген соң өнегелі отбасы мен киелі жерден шыққандығымды көрсетуге барынша талпындым.

Өзімнің жібектей мінезіммен Алдамжар әулетінің мәртебесін асырып, сыйлы келін атандым. Атам Алдамжар мен енем Мәнзия айналасындағыларға өте сыйлы кісілер-тін. Олар мені туған балаларындай көріп, баталарын берді. Сондықтан да мен үлкен ата-әжелеріміздің үміттерін ақтауға тырыстым.
Сүйіп қосылған жарым Зәкең екеуміз де университетті жаңадан бітірген маман болған соң жастық шағымызды еліміз бен халқымызға адал қызмет етуге арнадық.

Отағасы мұнайлы өңірдегі ұстаз кадрларының қара шаңырағы болып табылатын педагогикалық институтқа оқытушы болып орналасты. Ал мен облыстық мұрағатқа қызметке қабылдандым.

Мұрағаттың қай өңірде болсын қандай орын алатындығын көзі ашық, көкірегі ояу жұртшылық жақсы түсінеді деген ойдамын. Мұнда облыстың өткен-кеткен тарихы, аса маңызды құжаттар сақталатындығы белгілі.

Алматы секілді үлкен қаладағы маңдай алды университетті ойдағыдай бітіріп келген дипломды маман ретінде өзімнің қабілетімді жаңа ортада бір кісідей дәлелдеген секілдімін.

Содан осы бір ұжымда ұзақ жылдар бойы табан аудармай жұмыс істедім. Директорлық лауазымға дейін көтерілдім. Әрине, атқарған қызметім ескерусіз қалған жоқ. «Мұрағат ісінің үздігі» белгісін кеудеме тақтым. Басқа да құрметке бөленгенім әлі есімде.

Отағасын ел құрметтеді

– Қазақтың көрнекті ғалымы Зұлқарнай ағаны республиканың барша зиялы қауымы ерекше сыйлады. Қазір де мен білетін замандастары кездескен сәттері ол туралы тек ғана жылы лебіздерін білдіріп жатады.

Сіздер бұл өңірге қай жылдары келдіңіздер, осы жайлы да қысқаша әңгімелеп берсеңіз?

– Шаңырағымның иесі Зұлқарнай Алдамжарұлы қай кезде де өзіне бекітілген міндетіне барынша жауапкершілікпен қарайтын. Уақытпен санасу дегенді мүлдем білмейтін.Осы шаһарға келмес бұрын ол Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің проректоры қызметін атқарды.

Бәлкім, қалың жұртшылықтың есінде шығар, кезінде қостанайлық ардақты азамат Шайсұлтан Шаяхметов еліміздің білім министрі болды. Осы зиялы жан 1988 жылы қараша айында Зәкеңді қызмет бабымен қабылдады. Содан ол әңгіме барысында бұған: «Қостанай педагогикалық институтына ректор болып барсаңыз қайтеді?» деп ұсыныс жасады.

Сол кезде Зұлқарнай ғылыммен шұғылданғысы келетінін айтқанда ол «Орысы басым өлкеге барғанда алдымнан шығып қарсы алар қазақы бір азаматты көрсем» деген асыл арманы бар екендігін жасырмай айтады. Әрине, министрдің бұл сөзі оның қабылдауында болған бұған үлкен ой салғаны анық.
Осы министрмен арадағы әңгімеден кейін 1989 жылы Зұлқарнай Алдамжарұлы сайлау арқылы Қостанай педагогикалық институтына ректор болып бекітілді. Содан кейін біз Қостанайға біржола көшіп келдік.

Бәлкім сіз де ұмытпаған шағарсыз, уақыт өте осы оқу орны университетке айналды. Оған қазақ халқының рухани көсемі Ахмет Байтұрсыновтың есімі берілді.

Сонымен қатар университеттің қарсы алдындағы алаңға Ахаңның ескерткішін орнатуға да мұрындық болды. Әрине, мұның бәрі де өздігінен бола салатын оңай шаруа емес-ті. Ахаңды ғұмыр бойы өзіне пір тұтқан ол қаншама түндерді ұйқысыз өткізіп, тиісті орындарға барып, ұсыныстарын дәлелдеп бақты.

Бір тоқтала кетер жай, Зәкең қандай мәселені қолға алса да оның түпкілікті шешімін табуына барлық қажыр-қайратын аямай жұмсайтын табанды жан еді.
Батыл да қайсар тұлғаның облыстағы халық үшін атқарған жұмыстарының бәрін осындай бір сұхбатта айтып шығу мүмкін емес.

Мәселен, 1997 жылы қалада Ахаңның 125 жылдығы ойдағыдай аталып өтті. Оның аруағына бағышталып Құран оқылды, ас берілді. Университетте оған арнап мұражай ашылды. Ахмет Байтұрсыновтың ізі қалған жерлерге «Ақ жол» ғылыми-танымдық экспедициясы ұйымдастырылды.

– Зұлқарнай Алдамжарұлы өңірдің қазақылануына, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеруге қомақты үлесін қосқандығы көпке белгілі. Осы жөнінде не айтар едіңіз?

-Ол әрқашан да халықтың мүддесіне жоғары қойды. Елге қызмет ету ол үшін басты мұрат еді. Сондықтан да аянбай еңбек етті.

Талантты жастардың қамқоршысы болды. Сондықтан қолынан іс келетін, ғылымға бейімді жастарды қолдады. Олардың кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғауына да қамқорлық жасады. Кезінде одан көрген шапағаттарын көптеген шәкірттері ауыздарынан тастамай айтып жүретіндігін де білеміз.

«Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, өнерлі, талантты жігіттер мен қыздардың қабілеттерін жарқырата көрсетулеріне жағдай туғызды.

– Гүлсара Шолпанбайқызы, Зұлқарнай аға қандай әке болды? Ол кісінің қалың жұртшылық біле бермейтін қандай қырлары мен атақ-дәрежелері бар еді? Сұхбатымыздың соңында осы жайлы тілге тиек етсеңіз?

– Отағасы екеуміз де қазақы ортадан шыққандықтан ба, бір-бірімізді жақсы түсіндік. Ұзақ жылдар бойы білгенімізді өзімізден тараған ұрпақтарымыздың бойларына сіңіруге тырыстық.

Ол мінезге өте бай, алды кең азамат еді. Туыстары мен бауырларына аса мейірімділікпен қарайтын. Қыздарын да жанындай жақсы көрді. Олар да әке сенімін ақтады.

Қазір Бибігүл мен Гүлзада әкелері негізін қалаған оқу орнының абырой-атағын асқақтату үшін уақытпен санаспай қызмет атқарып келеді. Ал немересі Абыройбек атасы десе ішкен асын жерге қоятын. Ол да жігіт болып қалды.

– Сұхбатыңызға рахмет! Отбасыңызда алдағы уақытта тек қуаныш бола берсін.

Әңгімелескен Оразалы Жақсанов

Оразалы Жаксанов

оставить комментарий

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись