Ынтымақтары жарасқан Талғатбек және Алша Бапақовтардың ғұмыры баршаға өнеге
Еңбекпен келген абырой

Еліміз егемендік алып, көк туымыз биікте желбіреген соң бұрынғы облыс орталығы уақыт өте республикамыздың бас қаласы Астанаға айналды. Келер жылы оның 20 жылдығы аталып өтілгелі отыр.

Осы қысқа мерзім ішінде Елордамыз дүние жүзіне танылды. Олардың арасында біздің Қостанай өңірінде ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, кейін осы көрікті шаһарға қоныс тепкен жерлестеріміз де аз емес.

Жуырда осы жерде тіршілік кешіп жатқан асыл ағамыз Талғатбек пен аяулы апамыз Алша Бапақовтардың киелі шаңырағында болдық. Олар аталған қаланың Сарыарқа көшесіндегі 11 үйдің 3 -ші пәтерінде тұрады.

Осынау зәулім ғимарат дәл Сарыарқа ауданы әкімдігінің жанында орналасқан. Бұл қаланың нағыз орталығы болып табылады. Биік үй сәнді де өте ауқымды екен.

Алдын ала хабарласқандықтан ба, олардың тұрып жатқан мекенін қиналмай таптық. Есікті олардың немерелері Әділ ашты. Көп ұзамай Тәкең мен ол кісінің жан-жары Алша апамыз да келді.

Бұл кісілерді бұрыннан білетіндіктен әңгімеміз өзінің жалғасын тапты. «Туған жердің түтіні де ыстық» демекші, отағасы арадағы сәлемнен кейін Қостанайдағы соңғы өзгерістер мен игі істерді сұрады.

Заманы бір құрдастарының да хал-жағдайын білді. Оның араласқан кісілерінің көбісі бұл күндері жетпісті еңсеріп, сексеннің сеңгіріне қадам басқан белгілі тұлғалар. Олардың бәрі де кезінде үлкен мекемелерді басқарып, халқына адал қызмет еткен жандар.

Талғатбек Бапақовтың өзі де ұзақ жылдар бойы Тобыл-Торғай алаптық су шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары болды. Құрметті демалысқа осы жерден шықты.

Алғаны алғыс пен бата болды. Міне, осындай үлкенге құрмет, кішіге ізет танытқан аяулы азаматтың жұртшылық арасында сыйластығы мен беделі жоғары болғандығы айдан анық.

Ол лауазымды қызметтерде жүргенде әріптестеріне орынсыз сөйлеп, көңілдеріне қаяу түсірді дегенді мүлдем естіген емеспін. Қайта керісінше жүрегі жомарт, жетім-жесірге қамқор дегенді құлағым жиі шалатын.

Осы ағамыз зейнеткерлікке шығар кезде әріптестері қиналып, ең ізгі тілектерін білдіргені күні кеше ғана сияқты еді. Өмір деген бір орында тұрмайды екен. Содан бері де жеті жылдай өте шығыпты. Бұл күндері олар Елордамыздың белді тұрғындарына айналған.

Киелі Торғайдың ұрпағы

Торғай шын мәнінде қазақ халқына қаншама көрнекті тұлғаларды берген киелі өңір. Оған осында болған жандардың көздері әбден жетеді. Өйткені, онда барлық қазақы қасиеттер яғни ұлттық салт-дәстүрлеріміз, әдет-ғұрыптарымыз берік сақталған.

Онда өскен бозбалалар мен бойжеткендер ешқашан да үлкен кісінің жолын кесіп өтпейді. Міне, біздің кейіпкеріміз Талғатбек аға да Жангелдин ауданына қарасты Тосын деп аталатын елді мекенде осыдан 71 жыл бұрын дүниеге келді.

Бәрі де кішкентай кезінен отбасында алған ұлағатты тәлім-тәрбиеге байланысты. Әкесі Мырзалы ақсақал шын мәнінде өзі ғұмыр кешкен ортада өте сыйлы, рухани жандүниесінің байлығымен айналасындағыларға шуағын шашқын ерекше азамат еді.

Іскер де білікті азамат сонау Ұлы Отан соғысы кезінде жалпы, қазаққа кеңінен танымал Қызбел деп аталатын қазақы ауылда ауылдық кеңестің төрағасы болып жергілікті халықты орта мақсатқа жұмылдыра білді.

Ауылдастарының ыстық ықыласына бөленген қадірлі ағамыз содан кейін Қызылқоға деп аталатын іргелі колхозға басқарма басшысы болып тағайындалды. Жерлестері оны ерекше ардақтады. Себебі, ол айналасындағы қауымның жағдайын жасап, олардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады.

Ол зейнеткерлікке шығардың алдында фермаға басшылық етті. Өзі жоғары білімді маман болмаса да өмірден түйгені мол, бейнелеп айтатын болсақ, нағыз даланың академигі болатын. Сондай көкірегі шежіреге толы, аузы дуалы кісілер қазір көп деп айта алмаймыз.

Бір ауылды басқарып, оларға ақыл айту үшін де биік парасат, жоғары өре қажет емес пе. Мырзалы атамыз сөзге шешен, адамгершіліктігі мол, кейінгілерді соңынан ерте білетін нағыз өз заманының алғыр кісілерінің бірі болатын.

Талғатбек ағаның анасы Мағрипа апамыз да ауыл-аймаққа өте сыйлы, отағасының сенімді серігі, бір әулеттің ғана емес, күллі елді мекеннің инабатты келіні атанды. Ол басшының әйелі екенмін деп өзін өзгелерден биік ұстаған жоқ. Шаруашылықтағы барлық науқанды жұмыстардың бел ортасында жүріп, азаматының да, отбасының да абыройын асқақтатты.

Бұл шаңырақта бес бала өсті. Оның үшеуі ұл, екеуі қыз бала еді. Ал осы үйдің бір баласы яғни кейіпкеріміздің ағасы Мақсұтбек нағыз жерлестері айтып жүретіндей, ағаштан түйін түйген қолы шебер жан болатын.

Басқа бауырлары да өз кезеңіндегі кәсіптерді меңгеріп, туған жері мен халқына аянбай еңбек етіп, жақсы қырларымен танылды. Олардың бойларындағы осындай асыл қасиеттерді жерлестері әлі күнге дейін айтып келеді.

Зайыбымен студенттік жылдары табысты

Талғатбек ағамен сырласу барысында ол сонау артта қалған жылдарға да бір сәт назар аударып, шолу жасады. Өйткені, жастық шақ адам өміріндегі ең бір ұмытылмас әрі жүректе мәңгілік сақталып қалар шақ емес пе.

Ол 1964 жылы Жангелдин ауданындағы Киров атындағы орта мектепті ойдағыдай аяқтады. Содан кейін өзіне нық сенімді бозбала Тараз қаласындағы гидромелиоративтік-құрылыс институтына құжатын тапсырып, бағын сынады.

Жолы болды. Барлық сынақтардан сүрінбей өтті. Әрине, ол сәттегі қуаныштарын айтып жеткізе алмайды. Әйтеуір мұндағы бауырлары студент атанғанда өзіне тілектестіктерін білдіргені әлі күнге дейін жадында.

Жоғары оқу орнын тәмәмдаған соң ол кіндік қаны тамған және балалық шағы өткен Жангелдин ауданына оралды. Жергідікті кісілер де оның таудай талабын білгендіктен ауданаралық су жүйесі басқармасына бастапқыда прораб ретінде қызметке қабылдады.

Өзін іс барысында көрсете білген тиянақты да іскер жігіт көп өтпей бас инженер лауазымына бекітілді. Осылайша адал еңбектің нәтижесінде жұмыс бабымен биікке көтеріле берді.

Оның еңбек кітапшасында 1978-1988 жылдар аралығында бұрынғы Торғай облысының су шаруашылығы басқармасында шаруашылық есептегі бөлім басшысы ретінде қызметке қабылданғаны да тайға таңба басқандай етіп жазылған.

Талғатбек аға мен Алша апамыздың аяулы қыздары да бойжетті. Оларды оқыту әрі қызмет жайларына байланысты облыс орталығы Қостанай шаһарына қоныс аударуға тура келді.

Өзіне студент кезден бері таныс, өз саласының білгірі Бекқұл Садықов басқаратын Тобыл-Торғай алаптық су шаруашылығы басқармасына орынбасарлық лауазымға білек сыбана кірісті. Бекең мен Тәкең өте сыйласты. Бір-бірінің қадірін білді. Бекқұл ағамыз кенеттен қайтыс болғанда сыңарынан айырылған аққудай қатты қиналды.

Өйткені, екеуі жоғарыда аталған басқарманы алға сүйреп, іздерін басып келе жатқан жас мамандарды тәрбиелеп, олардың нағыз майталман болуларына барын салды. Қазіргі таңда сол шәкірттері олардан үйренгендері мен түйгендеріне сүйене отырып, таңдаған кәсіптері бойынша біліктілік танытып жүр.

Ерлі-зайыптылар сыйластығы

Талғатбек аға болашақ ғұмырлық серігімен Жамбыл облысының орталығы яғни көкорай шалғынға бөленген жасыл қала Таразда білім алып жүрген кезде танысып, бір-бірін ұнатты.

Ол кездері Алша апамыз нағыз ақылына көркі сай, ажарлы бойжеткен болатын. Тәкең де жігіттің сұлтаны дерліктей сымбатты да келісті бозбала-тын.

Бапақовтар әулетінің абыройын асырып, мәртебесін биіктеткен Алша апамыз осы Жамбыл облысының аруы еді. Ә дегеннен көңілдері жарасқан ғашықтар екі жақтағы туыстарына өздерінің жеке шаңырақ көтергілері келетін ойларын білдірді.

Бұлар да оларға қолдау көрсетіп, 1970 жылы әлгі өздері білім алған үлкен шаһарда студенттік тойларын өткізді. Жұбайлардың аттарына қаншама жылы лебіздер айтылды. Қазір соған көз жіберіп отырсақ, содан бері арада 47 жыл зуылдап өте шығыпты.

Шаңырақтың ұйытқысы болған Алша апамыздың ұстаз болғандығы жұртшылыққа мәлім. Талантты жан ең алдымен педагогикалық колледжді ойдағыдай тәмәмдады. Содан кейін Шымкент шаһарында білімін одан әрі жалғастырды.

Өз кәсібін жетік білетін маман талай жастарды тәрбиелеп, оларға сапалы білім берді. Солардың басым көпшілігі уақыт өте елімізге белгілі тұлғаларға айналды.

Талғат ағаның еңбегі де лайықты бағасын алды. Себебі, бұл күндері оның омырауында Қазақстан Республикасы ауылшаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі жарқырайды.

Ерлі-зайыптылар ешқашан да дүние мен мансап қуған жоқ. Олар бақытымыз да, байлығымыз да, ғұмырымыздың мәні мен сәні де перзенттеріміз деп есептейді.

Қыздары да ата-анасын ұятқа қалдырған емес. Кішкентайларынан әке-шешелерінің бір сөздерін екі етпей өскен қарындастарымыз қазір Талғатбек аға мен Алша апаны ерекше ардақ тұтады. Олардың жағдайын жасап, денсаулықтарына ерекше көңіл бөледі.

Бәрі де жоғары білімді әрі білікті мамандар. Мәселен, Сәуле қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде баспасөз саласында қызмет атқарады. Әріптестері арасында өте құрметті.

Осы жолы да онымен арнайы жолықтық. Жұмысында өте беделді екендігіне тағы да көзіміз жетті. Ол бұл күндері ата-анасымен бірге тұрады. Ұлы Әділ де әскер қатарында болып келіпті. Осы үлкен қаладағы университетте белді студент, болашақ заңгер.

Одан кейінгі Назыгүл Астана қаласы Сарыарқа ауданының судьясы. Нұргүл болса, Қостанай облыстық сотында қызмет атқарады. Беделді маман.
Гауһар есімді перзенттері қос дипломды қазақ қыздарының бірі. Ол ағылшын тілін жетік меңгерген. Сондай-ақ экономика саласының да білгірі.

Сүт кенжелері Меруерт болса, апаларының жолын қуып, заңгерлік мамандықты таңдады. Бәрі де бір-бір отбасының ырыс-берекесін келтіріп отыр.

Бұл шаңырақтың күйеу балалары Ергеш, Еркін, қос Нұрландар жастайынан ата-аналарынан тағылымды тәрбие алған ұлтымыздың мәрт жігіттері. Ергеш кәсіпкер болса, Еркін Амангелді ауданының және Нұрлан Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның прокурорлары.

Жалпы, бақыт қонған әулеттің иелері Талғатбек аға мен Алша апа осы перзенттерінен 10 немере сүйді. Олардың еңбектегі, оқудағы табыстары жайлы қуанышты хабарды естігенде төбелері көкке бір елі жетпей қалады.

Міне, Елордамыз Астанада ғұмыр кешсе де туған жерлері Қостанайды әрдайым сағынышпен еске алып, мұндағы игі өзгерістерге мәртебелері өсіп отыратын Бапақовтар әулетінің тұрмыс-тіршіліктері осындай.

Оразалы Жақсанов

Оразалы Жаксанов

оставить комментарий

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись