Әкелі-балалы Қайырбай және Қайролла Есболовтар жайлы толғаныс

Ел сыйлаған ақсақал еді

 

Жалпы, Қостанай өңірінде Есболовтар әулеті өте қадірлі. Осы киелі отбасының ақылшысы әрі бәйтерегі болған Қайырбай ақсақал бүкіл саналы өмірін Қазақстанды өркендетуге арнаған көрнекті тұлға-тын.

Жергілікті үлкенді-кішілі қауымның бәрі де оны кешегі Ұлы Отан соғысының ардагері, білікті басшы, кісілігі мол азамат әрі еліміздің еңбек сіңірген ауылшаруашылығы қызметкері ретінде де өте құрмет тұтты.

Ол шын мәнінде мұндай ілтипатқа қашан да әбден лайықты еді. Кезінде халықтың ерекше сеніміне ие болып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып та сайланды.
Алайда ол өзін әрдайым қарапайым ұстайтын. Айналасындағы әріптестері мен көмекке мұқтаж жандарға шуағын шашып жүретін елгезек те қайырымды жан-ды. Сондықтан да әлі күнге дейін оны білетіндер: «Қайырбай ағамыз шын мәнінде атына заты сай мейірбан кісі еді» деп ғұмырын кейінгілерге үлгі етеді.

Осынау ардақты тұлға 1917 жылы Қостанай ауданына қарасты бұрынғы Красный Октябрь елді мекенінде дүниеге келді. Ол да ес білгеннен замандастары секілді білімге ерекше зейінділік танытты.

Міне, осындай таудай талабының арқасында алдымен Қостанай педагогикалық, содан кейін ауылшаруашылық техникумын ойдағыдай тәмәмдады.
Бұл орта арнаулы оқу орындарында да өзінің бойындағы асыл қасиеттерін барынша жарқыратып көрсетті. Ол өзінің еңбек жолын ұстаздық қызметтен бастады. 1937-1940 жылдар аралығында облысымыздың қазіргі Денисов ауданына қарасты Бестөбе ауылындағы бастауыш мектепте мұғалімдік жұмыс істеп, сол елді мекендегі бауырларымыздың перзенттерін тек ізгілікке тәрбиеледі.

Ер азаматтың Отанын қорғау басты парызы екендігі баршаға мәлім. Ол 1940 жылы әскер қатарына шақырылды. Содан әрі қарай Ұлы Отан соғысына қатысып, қанды майданның бел ортасында жүрді. Мәскеуден Германияға дейін жетті.

Сол сұм соғыста взвод командирі, 391-ші Режицк атқыштар дивизиясының құрамындағы артиллериялық полкта байланыс басшысы секілді міндеттерді абыроймен атқарды. Өзінің қызметіне қашан да аса жауапкершілікпен қарайтын тиянақты азамат туған жеріне 1946 жылы оралды.

Жерлестері батыл да ержүрек азаматты ерекше қуанышпен қарсы алды. Бұл кезде оның кеудесінде Отан соғысының І дәрежелі және «Қызыл Жұлдыз» ордендері мен «Көрсеткен ерлігі үшін», «Москваны қорғағаны үшін», «Германиядағы жеңіс үшін» секілді медальдар жарқырайтын.

Тиянақтылығымен дараланды

Ол қанды майданнан оралған соң да жоғарыдағы басшылардың тапсырмасымен талай лауазымды қызметтерді атқарды. Алдымен Қостанай қалалық партия комитетіне қатардағы нұсқаушы болып жұмысқа кірісті.

Бұл жерде өзін жан-жақты танытқан ол көп өтпей үлкен сенімге ие болды. Қостанай қалалық, Қарасу және Обаған аудандық партия комитеттерінің екінші хатшысы болып тағайындалды. Бұл түсінген адамға үлкен жауапкершілік еді.

Осы жерлерде де бойындағы сергектік, адамгершілік қасиеттерінің арқасында жұртшылық арасында үлкен абыройға бөленді. Сондықтан да болса керек, оны облыс басшылары да, барша замандастары да өзгелерге үлгі етті.

Ол кешегі тың және тыңайған жерлерді игеруге де белсене қатысты. Бұрынғы Обаған ауданына қарасты Жданов колхозының төрағасы болып сайланды. Осы тарихымызда ерекше орын алған кезеңдегі белсенді жұмысы үшін «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталды.

Жылдар өткен сайын оның қызметтегі абыройы асқақтап, беделі де көтерілді. 1958 жылы бұрынғы Затобол аудандық партия комитетінің хатшысы болса, содан кейін осы аудандық атқару комитетінің төрағасы болып лауазымды жұмысқа бекітілді.

Қайсы жерде жұмыс істесе де сол қызметінде үлкен табыстарға қол жеткізіп, өңірлеріміз барынша өркендей түсті. Өзі де кемелденіп, өмірлік тәжірибесі барынша артты.
Оның ғұмырында 1966 жылдың да орны бөлек. Өйткені, қазағы қалың Амангелді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалды. Бұл жерде табаны күректей алты жыл аянбай қызмет атқарды.

Жергілікті ағайындар оның еңбегін жоғары бағалады. Әлі күнге дейін Қайырбай ағаның есімін естісе жандары жадырап, ол туралы жылы лебіздерін білдіріп жатады. Бұл да болса азаматтың қандай білікті кісі болғандығын көрсетіп тұрған жоқ па?

Осы Торғайлық ағайындар оны еліміздің Жоғарғы Кеңесіне депутат етіп сайлады. Содан кейін яғни зейнеткерлікке шыққанға дейін кәсіподақ саласында басшылық қызметте болды. Бұл салада да үлкен құрметке бөленді.

Мемлекет тарапынан еңбегі бағаланып, кеудесіне қос Еңбек Қызыл Ту, Ленин ордендері мен «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін тақты. Республикамыздың еңбек сіңірген ауылшаруашылығы қызметкері жоғары атағына ие болды.

Қайырбек ағамыз жан-жары Алмагүл апамыз екеуі бақытты ғұмыр кешті. Олар Қайролла, Сағидолла, Роза, Ахмет есімді перзенттеріне кішкентайынан тағылымды тәрбие берді. Солардан үш немере, алты шөбере сүйді.

Бір ұлдары Ахмет 24 жасында дүниеден өтті. Соның қайғысы отағасының жанына қатты батты. Егер осы ұлы тірі болғанда биыл 60 жасқа толар еді-ау.

Сүйікті келіні Биғаш Мағзұмқызының айтуына қарағанда, шаңырақтың иесі яғни қайын атасы өте ішкі мәдениеті жоғары, адам баласын ардақ тұтатын аяулы кісі болыпты.
қолы жеңіл оташы

Қайырбай атамыз балаларының бәрін де шексіз жақсы көрді. Олар да әкесі мен анасы Алмагүл апамызды өздеріне пір тұтты. Отбасының тірегі жүрегі жұмсақ болғанымен, өмірде перзенттеріне қатал талап қойып, олардың тиянақты білім алуына айрықша көңіл бөлді.

Осындай үміт күткен ұлының бірі сөз еткелі отырған Қайролла Есболов еді. Ол кісі 1947 жылы 13 желтоқсанда облыс орталығы Қостанай шаһарында дүниеге келді.

Біздің қазақ «Әке көрген оқ жонар» деп босқа айтпайды. Осы бәріміз үшін ардақты аға әрі тұлға Қайролла Қайырбайұлы асқар таудай әкесінен көп тағылым алды. Оның жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, адамдармен қарым қатынасы қашан да өзіне ғибрат болатын.

Қайролла жастайынан өте зейінділік танытты. Орта мектепті күміс медальмен аяқтады. Өзі мектеп қабырғасында жүргенде адам жанының арашашысы болуды армандайтын.
Сондықтан да шығар, 1966 жылы шахтер қаласы болып табылатын Қарағанды шаһарындағы мемлекеттік медициналық институтқа түсті. Осы жоғары оқу орнындағы емдеу факультетіндегі беделді де алғыр студенттердің санатында болды.

Аталған институтты 1972 жылы үздік дипломмен аяқтады. Әрқашан да бір қалыпты мінезді Қайрекең сөздің емес, нағыз істің адамы-тын. Сондықтан да Қайырбай атамыз секілді өзіне жүктелген міндетін әрқашан да үлкен абыроймен атқаратын.

Қолына диплом алған соң туған жеріне оралды. Содан ол Қостанай қалалық ауруханасына дәрігер-оташы болып қызметке қабылданды. Осы аса бір білгірлікті, жүрек жылуын, адам баласына деген айрықша құрметті қажет ететін мамандықты сегіз жыл бойы мінсіз атқарды.

Содан кейін оған үлкен сенім артылып, ота жасайтын бөлімшенің меңгерушілігіне жоғарылатылды. Мұнда да әріптестерінің арасында сыйлы да абыройлы болды. Салмақты мінезімен, өз кәсібіне деген шеберлігімен әрдайым дараланатын.

Мұндай өз саласын жетік білетін дәрігер қайда да назарға ілінбей қоймайды. Сондықтан да болар, оны тиісті орындар 1981-1984 жылдар аралығында Моңғолияға жіберді. Онда бұл дәрігер-кеңесші болып жұмыс істеді.

Шет елде аяулы жары Биғаш Мағзұмқызы екеуі мол тәжірибе жинақтап, үлкен беделге ие болды. Қостанайға келген соң ол алдымен хирургия бөлімшесінің меңгерушісі болып тағайындалды.

Бұл қызметте жүріп, талай азаматтардың емделіп, отбасына үлкен қуанышпен оралуына өзінің тікелей ықпалын тигізді. Өңірде қолы жеңіл оташы атанды. Құлан таза жазылып, қатарға қосылған замандастары оған әрдайым ерекше бір құрметпен қарады.

Содан кейін бас дәрігер болып тағайындалып, өмірінің соңғы күндеріне дейін қалалық аурухананың беделін көтерді. Кейінгі жастарға тәлімгерлік етті. Әріптестерінің кәсіби біліктіліктерін көтеруге барын салды.

Әкесі секілді халық қалаулысы атанып, қалалық мәслихатқа қос рет депутат болып сайланды. Жемісті қызметі үшін «Денсаулық саласының үздігі» төс белгісімен марапатталды. Кеудесіне бірнеше медальдар тақты.

Ол отбасында да сүйікті жар, ардақты әке, бақытты ата болды. Осы арада оның ғұмырлық серігі Биғаш Мағзұмқызы туралы да қысқаша тоқталып өткеніміз жөн болар. Өйткені, олар сонау Қарағандыда оқып жүрген кезде танысып, 1969 жылы шаңырақ көтерді.

Сөйтіп, Биғаш әпкеміз Есболовтар әулетіне өзімен бірге құт-береке алып келді. Сүйікті келін атанып, атасы мен енесінің туған қызындай болып кетті. Қайырбай ақсақал екеуіне өзінің ақ батасын берді.

Қайролла аға мен Биғаш әпкеміз өзгелерге ғибрат боларлықтай сыйласты. Тек ағамыз 2008 жылы кенеттен жүрек ауруынан қайтыс болып бәрімізді де мұңайтты. Алайда оның өмірін бұл күндері ұлдары Ринат пен үш немересі жалғастырып жатыр.

Бұлардың үлкен перзенттері Талғаттың да өмірі қысқа болды. Биғаш Мағзұмқызы да облыстағы білікті дәрігер. Ол зейнеткерлікке шықса да бұл күндері қалалық балалар ауруханасындағы беделді педиатр.

Ол да отағасы Қайролла аға секілді ырыс-берекесі мол шаңырақта тәрбиеленді. Балалық шағы Меңдіқара ауданына қарасты Красно преснен елді мекенінде өтті.

Әкесі Мағзұм мен анасы Гауһар апамыз осы ауылдағы аса беделді жандар еді. Олар да кезінде ұстаздық қызмет атқарып, кейінгі жас ұрпаққа ұлағатты сөздерімен өнеге көрсеткен кісілер ретінде белгілі.

Мектепте жақсы оқыған Биғаш апамыз білім ордасын 1966 жылы ойдағыдай тәмәмдаған соң Қарағанды мемлекеттік медицина институтына түсіп, оны ойдағыдай аяқтады.
Оның көп жылғы қызметі облыс орталығындағы балалар ауруханасында өтті. Осындағы өте білікті маман ретінде өңірде ерекше құрметпен аталып, кейінгі ақ халатты абзал жандар яғни сіңілілеріне үлгі болды.

Ол қайын атасы Қайырбай ақсақал мен ғұмырлық серігі Қайролла ағамыз жайлы мәліметтерді бере отырып, олармен сыйласа өткен жылдарды ғұмырындағы ең бір айшықты кезеңдерге балайтындығын тебірене жеткізді. Әңгіме арасында көзіне жас та алды.

Отағасының шырағын сөндірмей отырған жүрегі нәзік жанның ендігі мақсаты Есболовтар әулетінің мәртебесін асқақтата отырып, жан-жарының ұрпақтарына тәлімді тәрбие беру екендігін айтты.

Біз алдағы уақытта олардың киелі әулеттеріне тек шадыман-шаттық, бақыт пен береке тілейміз.

Оразалы Жақсанов

Оразалы Жаксанов

оставить комментарий

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись