Ұрпаққа ғұмырын арнаған

Ұрпаққа ғұмырын арнаған

Аяулы ұстаз Алтын Бимағамбетова жайлы толғаныс
Ресейде өсіп, қазақ елін көркейтті

Журналистік қызмет бабымен қаншама азаматтармен кездесіп, олармен сырласасың. Мәселен, облыстық тілдерді дамыту басқармасында бөлім басшысы болып жұмыс істейтін Кенжеғали інім де жаны жайсаң жігіт.

Онымен бірде әңгімелесіп отырып, ардақты анасының кезінде жас ұрпақты тәрбиелеп, оларға тағылымды тәрбие бергендігін естідім. Өзін дүниеге әкелген шешесі жайлы тебіренгенде мен де лезде қойын дәптеріме оның айтқан мәліметтерін түсіре қойған едім.

Міне, соны да оқырмандар назарына ұсынудың орайы осы жаңа жылдың басында келіп отыр. Оның баяндауына қарағанда, Алтын Сұлтанғалиқызы Бимағамбетова нағыз ұстаздардың ұстазы болған тұлға.

Ол сонау 1939 жылы Ресейдің Орынбор облысы Медногор шаһарында дүниеге келген. Мектепте де жақсы оқыды. Өздеріне дәріс беретін аяулы мұғалімдерінің жүріс-тұрысы, сөйлеген сөздері, киген киімдері ерекше әсер етіп, өскенде мен де осы кісілердей терең білімді мұғалім болсам деп армандайтын.

Біздің қазақ жастың тілегін береді дейді. Сол сөз дәл келді. Өйткені, әңгімемізге арқау болып отырған апамыз 1957 жылы М.Горкий атындағы Свердлов қаласындағы мемлекеттік университетіне студент болып қабылданды.

Ұлтымыздың қайсар қызы өзге мемлекеттерде ғұмыр кешіп жатса да, қазақ қызы деген ардақты атқа сай болуға тырысты. Осындағы тең құрбыларынан қалмай оқыды. Оның зейінділігі мен алғырлығына оқытушылары мен курстастары да таң қалатын.

Осы жоғары оқу орнынан орыс тілі және әдебиеті пәні мамандығын алып шықты. Ол 1963 жыл еді. Намысты да ұлтжанды жан сол кездің өзінде туған жеріне әрқашан да бүйрегі бұратын.

Себебі, ол білім алу барысында Қазақ ССР-інің Қостанай облысы топонимикасын зерттеп, осы тақырыпта ұзақ ізденістер жасап, дипломдық жұмысын ойдағыдай қорғады.
Ол университетті аяқтаған соң өзінің еңбек жолын Тройцк шаһарындағы №39 орта мектебінде орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде бастады. Әрине, қай жерде болмасын алғашқы кездері жас маманға сын көзбен қарайтындары белгілі.

Білімді Алтын Сұлтанғалиқызы бұл сынақтан да мүдірмей өтті. Өзінің жағымды мінезімен дараланды. Әріптестері де апамыздың мамандығын жетік меңгергендігіне көздері жетіп, оған ерекше құрметпен қарады.

Қосылған қос өзен секілденіп

Баршаға мәлім, бойжеткендер мен бозбалалар да өмірде түрлі жағдайларда жүздесіп, бір-бірін ұнатқан соң шаңырақ құрып жатады. Алтын апамыз да өзінің болашақ жары Әмірғали ағамызбен сол шақтары танысып, жеке отау көтерді.

Шіркін, жастық шаққа не жетсін. Қос ғашық мағыналы ғұмыр кешті. Өздерінің кәсіптерімен қызмет атқарып, айналасындағыларға тек жақсы жағынан танылды.

Бала бауыр етің емес пе. Бимағамбетовтер әулетінде тұңғыш перзенттері Бақытгүл олардың шынайы махаббатының куәсі ретінде сол қалада дүниеге келді.

Қыз бала отбасының бақытын шалқытты. Содан кейін ерлі-зайыптылар ойлана-толғана келе отбасылық жағдайға байланысты атамекеніміз Қазақстанға біржола қоныс аударды.
1967 жылы Қостанай облысы Наурызым ауданына қарасты Шолақсай елді мекеніндегі орта мектепте сол әу баста таңдаған орыс тілі және әдебиеті пәні бойынша жұмысын жалғастырды.

Өз ана тіліңе не жетсін. Жергілікті ағайындармен де тонның ішкі бауындай араласып, ежелден келе жатқан салт-дәстүірімізге, әдет-ғұрпымызға айрықша назар аударды.

Осындағы бауырларымыз да Әмірғали ағамыз бен Алтын апамыздың қонақжайлығына, кішіпейілділігіне, үлкенді-кішіні сыйлай білетін қасиеттеріне әрдайым риза болатын.

Аталған құтты елді мекен бұларға шын мәнінде ыңғайлы болды. Сол уақытта әулеттің ырыс-берекесі болып табылатын Нұрғали есімді ұлдары туылып, шаңырақтың шаттығын арттырды.

Отағасы көп өтпей әлгі ауылмен іргілес жатқан Шилі селосына ауысты. Сондықтан болар, сонда көшуге тура келді. Сол кездері бұл жерде «Первая Семилетка» кеншары дүрілдеп тұрған еді.

Бұл ауыл да бұлар үшін есте қаларлықтай болды. Себебі, құтты мекенде Қайырғали және Ерғали есімді шекесі торсықтай ұлдары дүние есігін ашып, ата-анасын шын мәніндегі бақытқа бөледі.

Біздің қазақ «Бір бала туса, бір түп жусан артық өседі» демей ме. Олардың қуаныштарын бүкіл көрші-көлемдері, ағайын-жұрттары шынайы ықыласпен тойлады. Олар бұларға: «Ұл мен қыздарың өскенде бүкіл қандастарымыз ардақ тұтар қайсар азаматтар болсын» деп ізгі тілектерін білдірді.

Олардың тілегі қабыл болып, үйдің берекесі арта түсті. Бұл кезде ерлі-зайыптылар да өмірдің біраз асуларынан өтіп, есімдері өңірге танылып қалған еді.

«Соснов» ауылындағы ШУАҚТЫ күндер

Олар үшін 1974 жылдың да орны бөлек. Себебі, Бимағамбетовтер әулеті Наурызым ауданындағы Соснов кеңшарына қоныс аударды. Осы жерде ұзақ жылдар бойы Өлеңді деп аталатын орта мектептің беделді мұғалімдерінің бірі болды.

Апамыздың бай тәжірибесі, ұстаздық кәсіби шеберлігі, адамдармен тіл табысудағы ұйымдастырушылық қабілеті ескеріліп, ол мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарды.

Сөйтіп, өзі білім ордасының өсіп-өркендеуіне, кейінгі жас ұстаздардың қалыптасуына айтарлықтай үлесін қосты. Біздің ұлтымыз қашан да баланы байлыққа санаған.

Сондықтан да болар, әлгі аталған елді мекенде сүйікті перзенттері Кенжеғали мен Оразғали дүниеге келгенде қандай сезімде болғандарын тілмен айтып жеткізу қиын.

Осы жерде олар 2007 жылға дейін табан аудармай жұмыс істеді. Өз саласын жетік білетін Алтын Сұлтанғалиқызы зейнеткерлікке шықса да аталған жердегі орта мектепте қызметін жалғастыра берді. Бұл әрине, басшылардың оның ұзақ жылғы қызметін, әріптестерінің арасындағы беделін, шәкірттерімен арадағы ізгі сыйластығын бағалағандығы еді.

Ұстаздың еңбегі қашан да шәкірттерінің тіршіліктегі жетістігімен бағаланады емес пе. Бұл жағынан алғанда ол өзін ерекше бақытты сезінеді. Себебі, кезінде одан дәріс алған балалар бұл күндері кең байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті қызмет етқарып жатыр.

Байырғы ұстаз үшін бұдан артық мәртебе, бұдан артық бақыт болушы ма еді. Олармен кездескен сәттерінде арқа-жарқа болып, өткен күндерді еске алатын.

Балалары жұрт қатарлы жоғары білім алды. Бәрі де өз салалары бойынша жұмыс істеп жатыр. Олардың шаңырақ көтерген сәттері де бұлардың мәңгілік жадында.

Отағасы Әмірғали ағамыз да өз заманының алдыңғы қатарлы азаматтарының бірі. Екеуі қосылғанға кейін бір-бірін түсінісіп, ұлдары мен қыздарын бүгінгі уақыт талаптарына сай тәрбиелеуге айрықша көңіл бөлген-ді.

Жылдар өте солардың жемісін көрді. Бәрі де үйлі-баранды болып, ата-аналарына немере сүйгізді. Олардың киелі шаңырақта басқосуы Бимағамбетовтер әулеті үшін ерекше қуаныш болатын.

Енді бір жанұяны басқарып, оның мәртебесінің асқақтауына көп жылдарын арнаған Әмірғали Бимағамбетов ағамыз жайлы тоқталып өтелік. Ол қазір 81 жаста. Кейбір дерек көздеріне қарағанда, ол 1936 жылы 9 мамырда дүниеге келген.

Әулет бақыты

Біз жоғарыда өзімізбен көршілес жатқан Челябі облысындағы Тройцк қаласын текке айтқан жоқпыз. Себебі, Әмірғали аға да әу баста сол уақыттағы ең беделді мамандықтың иесі болу үшін аталған шаһардағы ветеринарлық институтта оқыды.

Одан кейін Алматыдағы ауылшаруашылығы кадрларын дайындайтын еліміздегі таңдаулы оқу орындарының бірінде білімін жалғастырды. Онда ол агроном кәсібін игерді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, зейнеткерлікке шыққанша өңірдің бірқатар шаруашылықтарында жемісті қызмет атқарып, қазақ елінің дамып, өркендеуіне лайықты үлесін қосты.
Олар облыс орталығы Қостанай шаһарына 2007 жылы біржола көшіп келді. Әрине, ұзақ жылдар бойы ауылда тұрып қалған адамдарға қалаға үйрену де оңай болған жоқ. Қаншама жылдар бойы араласып, сыйласып қалған адамдарды ойлап, елеңдеумен болды.

Ең өкініштісі, бұрнағы жылы Алтын апамыз 77 жасында қайтыс болды. Әрине, „Тас түскен жеріне ауыр„ демекші, оның қазасы шаңырақ иелеріне, ұрпағы мен ағайын-туысқандарына оңай болмады.

Алайда өмірден көріп жүргеніміздей, ұрпағы бар адамды өлді деуге әсте болмайды деседі. Себебі, оның ғұмырын қазіргі таңда 5 ұлдары және қыздарынан тараған 11 немере және бір шөбересі жалғастырып жатыр.

Бәйбішесінің кенеттен қайтыс болуы көп жылдар бойы қос аққудай жарасып, бір шаңырақтың астында тіршілік кешкен отағасы Әмірғали ағаға да жеңілге соқпады.

Алайда ұрпақтарын көріп, шүкіршілік етеді. Өйткені, мынау жалған дүниеде мәңгілік еш пенде жоқ. Бәрі де өмірге қонақ. Тек біреу ерте, біреу кеш кетеді.

Ағамыз өткен кезеңдерде бір азаматтай аянбай жұмыс істеді. Кішкене шолу жасайтын болсақ, ол мемлекеттік органдарда және басқа да салаларда қызмет атқарып, үлкен абыройға бөленді.

Қашан да қарбалас жұмыстың бел ортасында жүретін азамат бұл күндері де үйде қол қусырып қарап отырмайды. Облыс орталығындағы Марат Қабдылсалықов басқаратын ардагерлердің «Ата» қорының қамқоршылар кеңесінің мүшесі.

Сондай-ақ ұйымдастырушылық қабілеті мол Әбекең өзі ғұмыр кешіп жатқан көп қабатты үй қарайтын «Виктория» пәтер иелері тұтынушылар кооперативіндегі ардагерлер кеңесінің төрағасы. Әрқашан да темірдей тәртіпті жақсы көреді.

Әкелерінің бойындағы осындай асыл қасиеттер балаларына да жұққан. Олар да аналары араларында жоқ болса да, өздерінің перзенттік парыздарын ұмытпай, әрдайым асқар таудай шаңырақ иесін ардақтап, оның бір сөзін екі етпей, кішіпейілділік танытып жатады.

«Ұстаз мектептің жүрегі» деген аталы сөзді берік ұстанған Алтын Сұлтанғалиқызының педагогтық қызметі де кезінде лайықты бағасын алды.

Кеудесіне «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісін, «Ана» медалін және күміс алқаны тақты. Өзінің кәсби шеберлігі үшін «Аға мұғалім» атағы да берілді.

Құрметті оқырман, әрбір отбасы мемлекетімізді құрайтыны белгілі. Ал Бимағамбетовтер әулеті осындай ұлтымызға өнеге болатын берекелі де мерекелі шаңырақ. Осы үйдің тұңғыш қыздары Бақыткүл кезінде Өлеңді орта мектебінің директоры да болды. Аудандық білім бөлімін де басқарды. Қазіргі таңда Амангелді ауданында осы салада жұмыс істейді.

Бұл шаңырақтың бір ұлы Кенжеғалидың сөзіне қарағанда, анасы өнерге жақын болған. Кезінде хорға қатысып, көпке танылған. Отағасы Әмірғалиді пір тұтқан. Оны әрине, келіндері көріп-біліп өсті. Ғибрат дегеніңіз де айналып келгенде осы емес пе.

Оразалы Жақсанов

Оразалы Жаксанов

оставить комментарий

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись