Новости Образование

Ұстаздар күні – дәрежесі биік, ұлағатты мереке

Алты алаштың басы бір жерге қосылса, төрдегі орын – ұстаздікі

Қаламыздағы «Жастар сарайында» ұстаздардың төл мерекесіне арналған салттанатты шара өтті.

Ұстаздарды құрметтеуге арналған шара басталар алдында ғимараттың орталық алаңында қаз-қатар тік тұрған оқушылар құшақ-құшақ гүлдерімен ардагер ұстаздар мен мұғалімдерді бар құрмет-қошеметпен қарсы алды.

Салтанатты шараға Қостанай өңірінің түкпір-түкпірінен көп жылдар бойына қызмет істеп, бүгінде зейнет жасына шыққан ардагер ұстаздар шақырылған. Сонымен қатар, шараға облыс әкімі Архимед Бегежанұлы Мұхамбетов арнайы қатынасты.

– Біздің әрқайсымыздың өмірімізде тәлім алып, өнегесін көрген аяулы ұстаздарымыз бар. Олар бізді білім нәрімен сусындатып қана қоймай, білікті маман, елдің лайықты азаматы етіп тәрбиелеуге бар күш-жігерін салды. «Ұстазы жақсының, ұстанымы жақсы» деген қанатты сөз сондай абзал жандарға арналғаны айқын. Бүгін сіздерді және сіздер арқылы Қостанай облысының барша ұстаздар қауымын төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Өмір бойы  білім алу, табысқа талпынған әр қазақстандықтың жеке ұстанымы болуы тиіс» деп әрдайым айтып келеді. Осындай қағида біздің балаларымыздың болашағы жарқын болуын, еліміздің өркендеуі мен гүлденуін қамтамасыз ететіні сөзсіз. Тобыл-Торғай өңірінің ұстаздар қауымы, қазақтың тұғыш ағартушы, педагогы Ыбырай Алтынсариннің жерлестері ретінде өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру ісін абыроймен жалғастыратынына сенімдімін, – деді облыс әкімі Архимед Бегежанұлы өзінің құттықтау сөзінде.

Ұзақ жылдар бойы ұстаздар өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеп, өз туған жерін, тарихын мәдениеті мен дәстүрін біліп сыйлауға үйретеді.

«Алты алаштың басы бір жерге қосылса, төрдегі орын – ұстаздікі», – деп ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың осы бір қанатты сөзі ешқашан мәнін жоймақ емес.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77