Новости

Мәжіліс депутаттары «СарыарқаАвтопром» серіктестігінде болды

Олар кәсіпорынды аралап, көлік құрастыру ісіне куә болды

Биыл облысымыз машина құрастыруды былтырғымен салыстырғанда өндіріс көлемін екі есеге ұлғайтуды жоспарлап отыр. Айталық, «Сарыарқа Автопром» ЖШС 52 мың автокөлік құрастыруды межелеп, көшбасшылық орынға ие болмақ. Оған кәсіп орын әлеуеті жетеді.

Құрастырылатын көліктер ішінде автобустар мен «Jac», «Ravon», «Hyundai» сынды маркалы жеңіл көліктер бар. Мұнда 22 875 дана көлік шығарылған. Оның 2 137-і экспортталған. Ол елдер, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Белорусия елдеріне саудаланған. Сонымен қатар, жыл санап отандық нарықта зауыт өнімдеріне деген сұраныс та артып келеді.

Жуырда аумаққа ат басын бұрған Мәжіліс депутаттары Қуаныш Сұлтанов пен Ирина Аронова «Сарыарқа Автопром» серіктестігінде болып, көлік шығару барысын көзбен көрді.

– Мен Қостанай машина зауыты туралы көп еститінмін. Бүгін бірінші рет келіп, өндіріспен таныстым. Кәсіпорын отандық көлік құрастырумен қатар, өңірдегі әлеуметтік мәселелердің де оң шешім табуына ықпал етіп отыр. Мұнда 1100 адам тұрақты жұмыс істейді екен. Олардың дені жастар. Мұндағы өндірістік технология жаңа. Өнім де сапалы. Егер алдағы уақытта машина сатып алу қажет болса, мен Қостанайда шығатын автокөліктердің бірін таңдайтын боламын, – деді Қуаныш Сұлтанов.

Зауыт басшыларының мәліметінше, биыл «Сарыарқа Автопромда» шығарылған көлік алдыңғы кезеңге қарағанда екі есеге көп.  Өндіріс көлемі 2018 жылдың қаңтар-қараша айларындағы нәтижелерден 54,7 пайызға артық. Бұл қазақстандық автокөлік өнеркәсібі тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.

– Шиналар бойынша біз Мәскеу зауытымен жұмыс істейміз. Пластик Челябіден жеткізіледі. Енді Өскеменмен келісімшарт жүргізіп жатырмыз. Ол жақтағы шыны зауытының технологиясы заман талабына сай, – деді «Сарыарқа Автопром» ЖШС кәсіпорнының маманы Әділ Шайкемелов.

Зауыт сонымен қатар Қытайлық инвесторлармен көлік жасау саласында әріптес болуды қолға алмақ. Аспан асты елінің инвесторлары Тобыл өңірінде жаңа брендтегі автомобильдерді шығаруды көздейді.

Депутаттар қызметкерлермен кездесу өткізіп болған соң, «Шырша отырғыз» акциясына қатысты. Кәсіпорын қызметкерлері бұл шараны жақында ғана қолға алғандарын айтады. Негізгі мақсаты – жаңа жыл мерекесі қарсаңында жас өскін шыршаны жазықсыз қиып, табиғат байлығына балта сілтеушілерге қарсылық таныту.

Бастаманы депутаттар да қолдады. Қуаныш Сұлтанов пен Ирина Аронова өз көшеттерін құтыға отырғызып, оның сыртына аты-жөндерін жазып қалдырды. Ал жас өскін шыршаларды көктем шыға зауыт ауласына отырғызбақ.

Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77