Адам өмірінің арашашысы

Адам өмірінің арашашысы

Білікті дәрігер Марат Күзембаев жайлы әңгіме. Бала кезде кімнің де болсын ата-анасының халық үшін атқарып жатқан қызметіне қызығушылықпен қарайтыны белгілі
Менің бүгінгі кейіпкерім Марат Күзембаев та анасы Қарлығаштың үнемі қасында жүріп, дәрігерлік мамандыққа бейім болды. Сонымен қатар мектеп қабырғасында биология, химия пәндерін сүйіп оқып, медицинаға құштарлық танытты.

Баласының білімге деген ынтызарлығын байқаған ата-анасы да оның талабын қолдап, бетін қайтарған жоқ. Осылайша ол арман биігіне көтерілу үшін тек ғана алға ұмтылды. Мектепті аяқтар алдында қалыптасқан бірыңғай ұлттық тесте жоғары балл жинап, Астана қаласындағы медициналық университетке мемлекеттік грант бойынша оқуға түсті. Мұнда ол 5 жыл білім алып, дәрігерлік мамандықты игерді. Сонымен қатар 2 жыл магистратурада оқып, білімін жетілдірді.
Университетті тәмәмдаған соң Қостанай облысына қарасты Қамысты ауданындағы өзінің кіндік қаны тамған Бестөбе деп аталатын ауылындағы медицина мекемесінде бір жылдай дәрігер болып қызмет атқарды.

Содан кейін яғни 2015 жылы Қостанай қаласындағы № 1 емханаға жұмысқа орналасты. Ол бұл қызметте де үлкен абыройға кенелді. Ол қазіргі таңда осындағы скринг орталығын басқарады. Бұл орталықта 8 түрлі аурудың алдын алу үшін толық тексерістен өткізеді. Мұндағы қызметкерлер қант диабеті, көздің қан қысымы, әйелдердің жатыр және сүт безінің ісігін және асқазан, тік ішекте кездесетін ауруларды анықтайды.

Бүгінде жас талғамайтын оба ауруы халықтың үнемі толық тексеруден өтуін қажет етіп отырғаны белгілі. Сондықтан қала тұрғындары оны жете түсінгендіктен скринг орталығына келіп, жан-жақты қаралады.

Өйткені, қай дерттің болмасын бастапқы кезеңде анықталып, емделгені жөн. Ал егер сырқатты асқындырып алсаңыз, ол кез-келген адамның өміріне қауіп төндірері сөзсіз.

Үш жылдан бері аталмыш орталықты басқарып келе жатқан жас маман Марат Серікбайұлы шаһардағы ғұмыл кешіп жатқан азаматтардың дер кезінде тексерістен өтуіне айрықша көңіл бөледі. Өйткені, олар жылына екі рет қаралып отырғандары абзал. Себебі, дәрігер ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеуді басты қағида етіп ұстанады.

Марат Күзембаев жетекшілік ететін скринг орталығының қызметі тегін екендігін қалың жұртшылықтың есіне салғымыз келеді. Сондықтан да кез-келген жерлестеріміз осы мәселеге айрықша назар аударса екен.

Орталықтағы тексеріс барысында адамның барлық мүшелерінің саулығы жете қаралады. Сараптама жасатып, егер бір сырқат түрі байқала қалған жағдайда емдеуге жіберіледі.

Адам жанының арашасы болуды жастайынан таңдаған Марат бүгінде сол өзі туған ауылы Бестөбедегі ата-анасының нағыз қамқоршысы. Отбасындағы жалғыз бала болғандықтан да бүгінде зейнеткерлік жасқа жақындап қалған әкесі мен анасына қолғабыс етеді. Мақпал есімді келіншегі екеуі оларға Томерис есімді сүп-сүйкімді немере сүйгізіп отыр.

Әкесі Серікбай да еңбекке ерте араласқан жан. Ол да бозбала шағынан құрылыс саласына ден қойып, әрқашан перзентінің өз қатарынан қалмай жоғары білім алуына айрықша назар аударды.
Міне, осындай қарапайым да еңбекқор, білімді жандардың жанұясында дүниеге келіп, тәлімді тәрбие алған Мараттың алға қойған мақсаттары да биік. Ол ең алдымен халыққа игі қызмет етуді армандады.

Сол арманыда уақыт өте жүзеге асты. Ол бүгінде алдына келген кісілермен тез тіл табысып, олардың денінің сау болуына өзінің үлесін қосып келеді. Өткен жылдарда білімді маманның шапағатына бөленген қаншама азаматтар сырқаттарынан құлан таза айығып, отбасыларына аман-есен оралды.

Ол басқаратын орталықта 46 медициналық білімі бар қызметкерлер жұмыс істейді. Мамандардың бәрі өздерінің күнделікті қызметтеріне үлкен жауапкершілікпен қарап, науқастардың әрдайым жанынан табылады. Сонымен қатар мұнда қызмет атқаратын әлеуметтік қызметкерлер мен психолог мамандардың ла алар орны ерекше.

Редакция НК

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись