немесе облыстың бас кардиологы Дмитрий Лобков жайлы толғаныс
Әке жолын қуған ұл

Менің ұғуым бойынша біздің Қостанай өңірінде дәрігер Лобковтардың әулетін білмейтіндер жоқ шығар-ау. Өйткені, осы фамилия арқылы күллі қауымның шынайы алғысына бөленіп жүрген ардақты кісілердің бірегейі Владимир Владимирович Лобковты танып, сыйласып келе жатқандығыма көп жылдардың жүзі болды.

Оның адамгершілік қасиеттері өзгелерге қандай өнеге десеңізші, Ол қашан да көркем мінезімен қабылдауында болған кісілерге жылы ілтипат танытып, ішкі жоғары мәдениетін көрсетіп жатқаны.

Жалпы, әулет басшысы Владимир Георгьевич кезінде қарапайым ғана токарьлық мамандық атқарған. Ал шаңырақтың шырайын келтірген Просковья Семеновна үйдегі бес баласының тілеуін тілеген асыл кісі еді.

Олар осы перзенттерінің ел қатарынан кем болмауын армандады. Өсе келе солар олардың үміттерін ақтады. Себебі, бауырмал балалары Вениамин, Ангелина, Эмилия, Владимир және үйдің кенжесі Вера да өзіміз бүгін әңгіме еткелі отырған медицина саласына тікелей қатысы бар ардақты жандар.

Әңгіме арқауына айналған әулеттен алғаш үстіне ақ халат киіп дәрігер атанған Вениамин Владимирович Лобков білікті невропотолог еді. Ол кезінде еңбекқорлығының арқасында медицина ғылымының кандидаты атағын иеленген-ді. Еңбегі бағаланып, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласының үздігі атағын алған.

Шынында да ол ерте бастан осы мамандықты ұнатып, Өзбекстандағы Ташкент медициналық институтын ойдағыдай тәмәмдаған-ды. Содан кейін өзіміздің Қостанай облыстық ауруханасында невропотолог-дәрігер болып еңбек жолын бастаған-ды.

Өзінің біліктілігінің арқасында осы жердегі тұңғыш бөлімше меңгерушісі атанды. Қаншама адамдардың отбасына ерекше қуанышпен оралуына үлесін қосты.

«Ағаға қарап іні өсер» деген де сөз бар. Ағасының еңбекқорлығына, қайырымдылығына тәнті болып қалыптасқын оның туған інісі Владимир Владимирович те одан ерекше үлгі алды.

Соның да нәтижесі болар, Қарағанды қаласындағы медицина институтының емдеу факультетін тәмәмдап, Қостанай өңіріне оралды. Алдымен аталған шаһардағы №2 емханада қатардағы учаскелік терапевт болып жұмыс істеді.

Табиғатынан елгезек, адам баласын жатырқамайтын ол ә дегеннен әріптестерінің құрметіне бөленді. Ол науқастарды дәрі-дәрмекпен ғана емес, жылы сөздерімен де емдейді деген халық арасындағы сөз бостан бос айтылмаған. Ұзақ жылдар бойы облыстық аурухананың терапевт бөлімін басқарған азамат уақыт өте медицина ғылымының кандидаты атанды.

Оның ғылыми еңбектері беделді басылымдарда жарияланып, 20-дан астам өнертапқыштық ұсыныстарын енгізді. Сонымен бірге инемен емдеу, Су Джок және лазерлі терапияларды терең меңгеріп шықты.

Осындай нақты жұмыстарымен дараланған Владимир Владимирович бұл күндері өзінің «Авиценна» деп аталатын жеке емдеу кабинетін басқарады. Біліктілігінен де шығар, оған алғысын жаудырып жататын жандар аз емес.

Жас келсе іске

Владимир Владимирович тек дәрігер ғана емес, ардақты әке, білікті тәлімгер. Отбасында сүйікті жар. Өзінің бәйбішесі Светлана Ивановна екеуі қос перзенттеріне заман талабына сай тәрбие бергенін де білеміз.

Білімді мамандар болып қалыптасқан аяулы қыздары Ирина құтты жеріне қонды. Қазір оның Мария есімді сүп-сүйкімді қызы бар. Кезінде оның да жоғары білім алуы ата-анасын шексіз қуанышқа кенелткен еді.

Енді өздеріңіз де іштей байқап отырған боларсыздар, жазып жатқан дүниесміздің негізгі кейіпкері, олардың сенімін ақтаған ұлдары Дмитрий Владимирович және ол басқаратын облыстық кардиологиялық орталық жайлы болмақ.

Өзім бұрыннан білсем де жақында жас та болса үлкен ұжымға бас болып отырған азаматпен қызмет бөлмесінде арнайы кездесіп, асықпай әңгімелесудің сәті түсті.

Оның бір ерекше қасиеті қаншама біліктілігін жоғарылату мақсатында бірқатар шет елдерде болып, оқып келсе де ешқашан да өзін өзгелерден жоғары ұстамайтындығы.

Ол маған жуырда ғана республикалық басылымда жарық көрген Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын оқып шыққандығын әрі ондағы медицина саласына байланысты айтылған ой-тұжырымдарды күнделікті жұмыстарында басшылық алып отыратындығын ерекше бір ықыласпен баяндады.

Осы жолы Лобков жетекшілік етіп отырған орталықтың бөлмелерін де аралап шықтық. Оның тазалығына, емделушілерге ыңғайлылығына айрықша назар аударылатындығы көрініп тұр.

Басқа да бірқатар маман сөйлестік. Олардың бәрінің де білікті дәрігер жөнінде пікірлері өте жақсы. Мәселен, осы емдеу орнындағы бас медбике Несібелді Құрманова өзі сыйлайтын бас дәрігері Дмитрий Владимирович жайлы лебізін білдірді. Алдымен медицина саласында жүрген азаматтың өз мамандығының нағыз шебері екендігін алға тартты.

Сондай-ақ оның қарапайымдылығы, адамгершілігі, баршаға өнеге екендігін жеткізді. Қандай табыстарға ие болып жатса да асып-таспайтын сабырлы мінезі кейінгі жастарға қай жағынан алсақ та өнеге екендігін тілге тиек етті.

Дмитрий кішкентайынан өте зерек болып өсті. Мектепте де қатарынан қалмай жақсы оқыды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, оның келешекте білікті дәрігер болып қалыптасуына өзінің алдындағы үлкен кісілердің де ықпалы болды.

Себебі, әкесі Владимир Владимировичтің медицина десе аянбай еңбек ететіндігін, әрбір сырқатқа туған бауырындай айрықша қамқорлық танытандығын кішкентайынан көңілінен тоқыды.

Өйткені, отағасы палаталарындағы алыстан келген науқастардың құлан таза жазылып, үйлеріне оралған кезде үнемі жоғары көңіл-күйде болып келтін. Халыққа қызмет етудің қашан да түсінген адамға ерекше бақыт екендігін кішкентайынан ұғынды.

Жалпы, Дмитрий 1975 жылы осы өзіміздің облыс орталығы Қостанай шаһарында дүниеге келді. Содан кейін 1992 жылы орта мектепті тәмәмдады. Сол жылы бірден Қарағанды мемлекеттік медицина институтына студент болып қабылданды.

Сол жылдар бұл үшін нағыз іздену кезеңіне айналды. Өйткені, дәрігер жауапкершілігі мол мамандық. Себебі, қайсы сырқат болсын бұл кәсіп иесіне соңғы үмітпен келеді. Олардың жанынан табылып, қатарға қосу дәрігерлердің міндеті екендігі белгілі.

Студенттік шақтарда лайықты өткізген жас жігіт оқытушылары мен студенттердің арасында да үлкен беделге ие болды. Өйткені, жоғары оқу орнында да үлгірімі, өнегелі тәрбиесімен дараланды. Осылайша аталған институтты үздік дипломмен аяқтады.

Ол қолына диплом алған соң енді еліміз бен халқына адал қызмет ету үшін білікті кардиолог болуды алдына мақсат етіп қойды. Сол себептен 2004 жылы Мәскеу шаһарындағы академик Евгений Чазов басқаратын Мясников атындағы кардиологиялық ғылыми-зерттеу институтында мамандығына байланысты тағылымдамадан өтті.

Онымен де шектеліп қалмады. Араға үш жыл өткен соң Каунасс медицина университетіндегі профессор Р.Бенетис жетекшілік ететін кардиологиялық орыннан да тәлім алды.

Міне, осындай атақты тұлғалардан үйренгені мол дарынды жас жігіт туған жеріне оралған соң яғни 2008 жылы Қостанай облыстық ауруханасының кардиохирургиялық бөлімшесінің ашылуына тікелей ықпал етіп, оны біраз жылдар бойы басқарды.

Әрине, оның алдында Қостанай қалалық ауруханасының кардиологиялық бөлімінде қызмет атқарып, бөлімше меңгерушісі ретінде әбден шыңдалған еді.

Елбасымен қостанайдағы кездесу

Ол осында яғни облыстық ауруханадағы өзі ашқан бөлімшесінде бірқатар кісілердің жүрегіне операция жасады. Бұл әрине, ол кезде үлкен жаңалық әрі жұртшылықты елең еткізердей оқиға болатын.

Аталған жердегі қызмет атқарған тоғыз жылдың ішінде қаншама халықтың есінде қалар игі жұмыстар тындырылды. Оның бәрін бірдей бір мақалады баяндап беру де әсте мүмкін емес.

Баршаға мәлім, осыдан біраз жыл бұрын Елбасы Қостанай облысына іс сапармен келді. Сол кездесуде Дмитрий Владимирович сөз сөйлеп, Қостанай өңірінде де өзге аймақтардағы секілді арнайы кардилогиялық орталық ашу жөнінде өзінің ұсыныс жасаған болатын.

Жүзінен өз кәсібіне деген аса бір сүйіспеншілікті, мейірімділік пен құштарлықты сезген болар, мемлекет басшысы оның тілегін қолдады. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов те өзінің ықпалын тигізді.

Міне, осындай қамқор жандардың шапағатын сезінген бұл қазіргі таңда өзі басқаратын облыстық кардиологиялық орталықтың жұмысын барынша жандандыруға талпынып келеді.

Осы арада Дмитрийдің 2013 жылдан бері Қостанай облысының бас кардиохирургі қызметін де қоса атқарып жатқандығын айтып өткенім жөн секлді. Бұл жұмыс бір жағы оның бойындағы біліктілікті әрі кәсіби шеберлігінің өте жоғары екендігін байқатады емес пе.

Адал еңбек қашан да тіршілікте өзінің нәтижесін беретіндігін көріп жүрміз. Кейіпкерім ең алдымен өзі үшін басты марапат халықтың шынайы әрі шын жүректен шыққан алғысы деп есептейді.

Дегенмен де тиісті орындар тарапынан құрметті де айқын сезінді. Ол Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін төс белгісін кеудесіне тақты.

Оның өткен өмір жолынан байқағанымыздай дәрігерлікке өзінің шын мәніндегі ерекше ынтызарлығымен келгендігі. Сол кезде кейбір жастар табысы мол басқа кәсіптерді таңдап жатқанда бұл ауыртпалықтан қашпай, қиындығы да, қуанышы да жетерлік және уақытпен санасу дегенді білмейтін адам жанының арашасы болуға белін бекем түйді.

Одан қателескен жоқ. Бәрі де армандағандай болды.

Қазіргі таңда ол басқаратын қос қабатты орталық уақыт талабына сай келетін құрал-жабдықтармен жабдықталған.

Бұрыннан қалған «Бәрін де кадр шешеді» деген құнды пікір бар. Бұл орынды да. Бұл күндері ұжымда 40 адам қызмет атқарады. Оның арасында қаншама елге танымал жоғары білімді дәрігерлер жұмыс істейді.

Орталықтағы ортақ мақсат жолында аянбай қызмет атқарып жатқан кардиохирург Владислав Ачкасовтың да орны бөлек. Олардың бәрі де халық көңілінен шыққан тұлғалар.

Оразалы Жақсанов

Суретті түсірген Александр ОТКИН

Оразалы Жаксанов

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись