Кейбір кісілер өзін өзгелерден ерекше ұстамайды, Олар тек ғана күнделікті жұмысын абыроймен атқарып, содан ләззат алады. Халыққа адал қызмет етуді өмірінің мәні деп есептейді.

Міне, осындай замандастарымыздың бірі бүгінгі кейіпкеріміз әрі қарапайым ғана жан Жанна Марыныч. Оны облыс орталығындағы поштадан кездестірдім.

Жүзі жарқын кісімен тез тіл табысып кеттім. Оның әрбір сөзінен өмір көргендігі, әріптестеріне құрметі, негізгі қызметіне деген жауапкершілігі айқын көрініп тұрды.

Өзі нақты істің адамы екен. Соны да байқадым. Маған өзі туралы жан -жақты баяндап берді. Ол қашан да өзінің таңдаған кәсібіне адалдық танытып келеді. Сондықтан да ұжымда беделді әрі абыройлы.

Онымен сөйлесу барысында осы салада жұмыс істеп келе жатқанына 15 жылдың жүзі болғандығын білдім. Сондықтан өзінің учаскесіндегі барлық тұрғындарды бес саусақтай біледі. Оларды күнделікті қуантуға тырысады.

Себебі, кейбір аға буын өкілдері яғни аталарымыз бен әжелеріміз жырақта тұратын ұлдары мен қыздарынан, немерелері мен шөберелерінен хат алғанда қалай қуанады десеңізші.

Сондай сәттерде бұның өзі де көтеріңкі көңіл күйде жүреді. Себебі, адам баласына мұндай шаттық сыйлаудан артық бақыт бола ма? Ол уақытпен санасу дегенді білмейді.

Баршаға мәлім, солтүстіктің ауа-райы құбылмалы келеді. Ол қақаған суықта, жауынды-шашынды күндерде, кәдімгі шілденің ыстық аптаптарында да өз жұмысына барынша адалдық танытып, газет-журналдарды дер кезінде жеткізуге тырысады.

Әйел адамның негізгі жұмысынан басқа да отбасында шаруалары жеткілікті. Жұмыстан кейін үйіне жеткенше асығады. Өйткені, оны шаңырақта сүйікті қос немересі күтіп отырады.

Өзі де аяулы ана. Жастайынан ізгілікке, еңбекқорлыққа баулыған ұлы Анатолий де анасының арқа сүйер азаматына айналған. Ол да шешесінің мейірбандылығы мен қамқорлығына өте тәнті.

Люба есімді бойжеткенмен шаңырақ көтеріп, өзін аялап өсірген анасының қолын ұзартты. Ерлі-зайыптылар Жаннаны өздеріне ақылшы ретінде әрдайым жоғары ұстайды. Бұл сондай сый-құрметке дән риза болып, өзін бақытты сезінеді.

Жылдар өткен сайын Жаннаның тәжірибесі де молайды. Әріптестерінің арасында әрқашанда құрметке бөленгенгендіктен олардың бәрі де мұны өздеріне үлгі тұтады.

Міне, жазғы шілде басталды. Күн ысып жатыр. Соған қарамастан хат тасушы замандасымыз өзінің жұмысына деген жауапкершілігін барынша арттырып, қала тұрғындарынң ыстық ықыласына бөленуде.

– Мамандықтың қайсысы болса да қадірлі. Өз басым жоғары білім алмадым деп ешқашан да өкінбеймін. Хат тасушы атану да кез-келгеннің қолынан келмейді. Оған да төзімділік, сабырлылық керек.

Сол себептен де шаһар азаматтарына қуаныш сыйлау менің басты мақсатым. Осындағы әріптестеріме де алғысым шексіз. Олар мені үнемі қолдап отырады. Басшыларымыз да мен секілді қарапайым қызметкерлерге қолдан келген жағдайды туғызады,-дейді ол.

Міне, ол да бір күнгі жұмысын аяқтап, үйіне қарай беттеді. Таңертеңнен бастап қалалық поштаға келіп, газет-журналдар мен хаттарды иелеріне жеткізді. Қаншама кісілердің тарапынан жылы сөз естіді.

Осының бәрі де сайып келгенде, өзінің өмірге деген құштарлығын барынша арттыра түседі. Енді ертең де жерлестеріне қуаныш сыйласам деп ойлап келеді.

Редакция НК

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись