Қайсар Әлімнің шығармашылығына 55 жыл толды

Жуырда Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты, журналист, жазушы Қайсар Әлімнің шығармашылығына 55 толуына орай шығармашылық кеш болып өтті.

Кештің кейіпкері Жангелдин ауданы Қызбел ауылында дүниеге келген. Талантты, қайталанбас тұлғалардың мекеніне айналған Торғай топырағында туып өскен жазушының еңбегі мен дарыны барша қазақ халқына мәлім.

Ол ғибратты ғұмыр кешіп, тек өзінің таланты мен еңбекқорлығының арқасында талай белестерді бағындырды. Жазған туындылары көпшіілктің рухани азығына айналды.

Жерлестері де талантты қаламгерді сағынып қалыпты. Сондықтан да болса керек, залда жиналған адам өте көп болды. Олардың жүздерінен Қайсар Әлімге деген ерекше құрметті де байқау қиын емес-ті.

Осынау аталған кеш журналист-жазушыға арналған бейне фильмді көрсетуден басталды. Жиналған қауымның алдында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов сөз сөйлеп, мерейтой иесін шын жүректен құттықтады. Оған сый – сияпат жасады.

Ғұмырын журналистика саласына арнаған азамат ұзақ жылдар бойы облыстық «Қостанай таңы» газетінде, содан соң еліміздегі баспасөздің қара шаңырағы болып табылатын «Егемен Қазақстанда» адал еңбек етті.
Қайсар Әлімнің «Махаббат жыршысы», «Кәусар», қажылық сапардан оралған соң жазған «Мекке, Мәдинам менің» деп аталатын туындылары барша қазақ елінің жүрегінен берік орын алды десем қателеспеген болармын.

Қарапайым да байсалды жанның өмірге деген көзқарасы ерекше. Жазушының Торғай жеріндей кең пейілі кімді болсын бірден баурап алады. Оның жазбаларынан қазақтың байтақ даласын, табиғаттың тамаша көріністерін айқын сезінесіз.

Осындай тағылымды кеште І. Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері «Қызбелді сүю бір бақыт» деп аталатын туындыны сахналап, жұртшылықтың назарына ұсынды.

Өзінің туған жерін шексіз сүйетін жазушының танымдық жағы мол шығармасы баршаның көңілінен шықты. Сондай-ақ облыстық филармонияның әншілері асқақтата ән салып, бишілері мың бұрала биледі. Күмбірлете күй шертілді.

Сонымен жерлестеріміз осы басқосудан ерекше рухани ләззат алды. Қайсар аға да бір серпіліп, жерлестері мен әріптестерінің ыстық ықыласына бөленді.

Өзіндік оқырманы мол жазушы бақытты екен. Мұны біз кеш иесінің дидарындағы жоғары көңіл-күйден де байқадық. Сөйтіп, ол Елордамыз Астанаға үлкен қуанышпен оралды.

Қаламыңыз мұқалмасын, ел мақтынышына айнала беріңіз Қайсар аға!

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Суретті түсірген Бағдад АХМЕТБЕКОВ

Администратор сайта

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись