Здравоохранение Новости

Ардагерлер бір жыл бойы пойызбен тегін жүреді

Бұл акция «Жеңіс» республикалық әлеуметтік-қайырымдылық жобаның аясында өтіп жатыр

Соғыс және тыл ардагерлері жыл бойы теміржолда тегін жүреді, — деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз орталығына сілтеме жасап.

Елімізде «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қоры «Жолаушылар тасымалы» АҚ-мен біріге отырып Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлеріне теміржолда жол бойы тегін жүру акциясының өтіп жатқанын хабарлайды. Бұл акция «Жеңіс» деп аталатын республикалық әлеуметік-қайырымдылық жобаның аясында өтіп жатыр.

Аталмыш акцияның шарттарына сай барлық ардагерлер «Жолаушылар тасымалы» АҚ-на қарасты барша бағыттарда және де Компанияның ТМД аумағына жүретін пойыздарында тегін жүре алады. Оларға барлық вагондарда купе және де «Тұлпар-тальго» вагондарында «Турист» пен мүгедектерге арналған арнайы орындар қарастырылған.

Сондай-ақ сапар барысында, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне тегін тамақ беріледі. Жол билеттерін рәсімдеу үшін билет кассаларына жеке куәлікпен қоса Ұлы отан соғысы мен тыл ардагері екенін растайтын құжатты алып барулары қажет. ТМД аумағына сапар шегетін ардагерлер жол билетін тек Қазақстан Республикасында сатып ала алатынын айтып өткен жөн.
Осындай елең еткізер жаңалықты естіген тыл ардагері Балғабай Ақышовты сөзге тартқанымызда ол бізге былай деді:

– Бір жыл бойы соғыс және тыл ардагерлеріне пойызбен жүру тегін дегенді естіп қуанып қалдым. Өзім кішкентайымнан еңбекке ерте араласып, тыл ардагері атандым.

Біздің балалық шақ та, жастық шақта оңай болмады ғой. Қазір міне, сол кездегі ерең еңбектің арқасында келген Жеңіс күндерде бейбіт ғұмыр кешіп жатырмыз. Еңбегіміздің зейнетін көріп жүрген жайымыз бар.

Өзім он баланың әкесімін. Жасым 90-нан асса да жүріс-тұрысым ширақ.

Балаларымның барлығы үйлі-баранды. Бірде Аткөрімдегі ұлыма барсам, бірде Нұр-Сұлтан қаласында тұратын кенже баламның үйіне табан тіреп, немерелерімді көріп, сағынышымды басамын.

Арасында қыздарыма да барып, жиендерімнің маңдайынан иіскеп қайтамын. Сондықтан мен сияқты өз еркімен жүріп-тұра алатын ардагерлер үшін тегін жол жүрудің тигізер пайдасы орасан.

Міне, осындай абыз жандар үшін қандай жағдай жасалса да артық емес әрине.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77