Қазақстанның болашағы жарқын

Қазақстанның болашағы жарқын

Замандастарымыз тәуелсіздік жайлы өз ойларын ортаға салады

Міне, Қазақстан Республикасының тәуелсіздік мерекесіне де санаулы күндер ғана қалды.

Газетіміздің арнаулы тілшісі осынау мейрам қарсаңында есімдері өңірімізге белгілі зиялы қауым өкілдерімен сөйлесіп, өткен жылдардағы қол жеткен жетістіктеріміз жайлы сырласқан еді.

Төменде осы сауалнаманы оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. Оның әсіресе, өскелең ұрпаққа берері мол деп есептейміз. Өйткені, республикамыздың тарихын білмей, болашақты болжау мүмкін емес.

 

Нәбидолла Кикебаев, академик, ауылшаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Бас директоры:

-Еліміз үшін алда келе жатқан ұлы мерекенің орны қашан да бөлек. Осы егемендіктің арқасында Қазақстанды әлем мойындады. Қазіргі таңда дүниежүзіндегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуға талпынып жатырмыз.

Республиканы өркендету жолындағы тың ізденістер мен өнімді еңбектер бәрімізді де қуантады. Осы арада өткен 26 жыл ішінде жүзеге асырылған істерге қысқаша шолу жасап көрелікші.

Қай салада болмасын ілгерлеушілік бар. Мұны бірінші кезекті халықтың әл ауқатынан да көруге болады. Бұл күндері еңбек етемін деген адамға жұмыс та кәсіп те бар.

Мемлекетіміз олар үшін қолдан келген жағдайдың бәрін де жасап жатыр.

Қазақстан тұрақтылықтың мекеніне айналды. Бұл сөзіме Астанадағы өткен кезеңдерде ұйымдастырылған игі шаралар нақты айғақ бола алады. Осы жүзеге асырылған барлық жарқын қадамдар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгер саясаты мен көрегенділігінің арқасы.

Өзім Қостанай ауылшаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басшысы болғандықтан аграрлық сала жөнінде де өз пікірімді білдіргенім абзал. Үстіміздегі жылы еліміздің басқа өңірлерін айтпағанда біздің Қостанай облысының диқандары бітік егін өсіріп, оны шашпай төкпей жинап алды.

Өңірде басқа да игі істер өте көп. Мені шаһарымызда көп қабатты ғимараттар тұрғызылып, құрылыс қарқын алып келе жатқандығы да шексіз қуанышқа бөлейтіндігін жасыра алмаймын.

Міне, тәуелсіздік күні де келіп қалды. Сондықтан барша қауымды бұл жарқын мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Әрбір отбасына мықты денсаулық, ырыс пен береке және молшылық тілеймін.

Серікбай Оспанов, көрнекті ақын, Қостанай қаласының құрметті азаматы:

-Тәуелсіздік біздің ата-бабаларымыздың асыл арманы болатын. Сол бақытты күндерге біз жеттік. Ендігі басты мақсат оны одан әрі баянды ету. Ол бәріміздің де туған жерімізге деген жанашырлығымызға, іскерлігімізге және тиянақтылығымызға әбден байланысты десем орынды болар.

Егемендік алған жылдар Қазақстан үшін нағыз өркендеу, кемелдену, ілгерілеу кезеңі болды десек орынды болар. Бұл күндері Отанымызды жаһан халқы жете біледі.

Артта қалған кезеңде мәдениет, экономика, денсаулық және барлық өзге де салаларда ауыз толтырып айтарлықтай биік деңгейге жеттік. Барлық шаһарларымыз құлпыра әрі гүлдене түсті.

Осы арада Елордамыз Астана жайлы ерекше тілге тиек еткім келеді. Өйткені, аз уақыттың ішінде ол әлемдегі ең сұлу әрі көркем қалалардың бірегейіне айналды.

Биыл онда халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі ойдағыдай ұйымдастырылды. Оған қаншама елдерден мәртебелі қонақтар келіп, тәнті болды. Бұл да болса қазақстандықтардың жасампаздық еңбегінің нәтижесі дер едім.

Өзім шығармашылық адамымын. Бүкіл өмірімді әдебиетіміз бен мәдениетімізге, ғылымға арнадым. Осы ең ұлы мерекеміз тәуелсіздік күніне байланысты қаншама танымдық-тағылымдық жағы мол өлең жаздым.

Биыл жарық көрген Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын мақаласы барша жұртшылыққа үлкен ой салды. Онда айтылған жайлардың бәрі де өте орынды. Мақалада алдағы уақытта жүзеге асыралатын міндеттер нақты көрсетілген.

Мен ұлттық құндылықтарымызды жоғары бағалаймын. Домбыра жасайтын өнерімді де исі қазақ жақсы біледі. Болашақта да рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыруға өзімнің лайықты үлесімді қоса беремін.

Қостанайлық ағайындарды ұлы мерекемен құттықтай отырып, оларға ізгілік пен ырыс-береке тілеймін.

Бахытбек Тәжімбет, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы:

-Тәуелсіздіктің барша жұртшылығы үшін алар орны ерекше. Осы егемендіктің арқасында кешегі Кеңес Одағы кезінде құбыжық етіп көрсетілген дініміз арамызға қайта оралды.

Қазақстан егемендік алған соң руханият саласына айрықша назар аударылды. Бұл күндері біздің өңіріміздегі аудандар мен қалалардағы мешіттерде ізгілік жолында қаншама жұмыстар атқарылып жатыр.

Дін қайраткерлері де еліміздегі халықтар арасындағы достықты, ауызбірлікті, ынтымақты нығайтуға өздерінің лайықты үлестерін қосуда. Алдағы уақытта да осы мақсатта аянбай қызмет атқара беретіндігіне өз басым нық сенімдімін.

Өңірдегі барша мұсылмандар қауымының атынан жерлестерімізді тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ұлы мереке әрбір шаңыраққа бақыт, қуаныш әрі ырыс-береке алып келсін.

Сәуле Кәрімова, №24 мектеп-гимназиясының директоры:

-Егемендік жайлы айтылар ойлар көп. Осы тәуелсіздіктің арқасында мемлекеттік тіліміз өзінің мәртебесін алды. Бұрын жоғалып кете жаздаған салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз қайта жандана түсті. Білім саласына да айрықша көңіл бөлінді. Бұл орайда мемлекет басшысының жасап жатқан қамқорлығын ерекше атап өткен жөн. Біздің мектеп-гимназия өткен жылдарда күрделі жөндеуден өткізіліп, адам танымастай өзгерді.

Мектеп гимназияның барша ұстаздары өздерінің төл міндеттерін жете түсініп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жұмыс істеуде. Соның нәтижесінде шәкірттеріміз де түрлі деңгейдегі жарыстарда топ жарып, ұжымымыз бен ата-аналарын қуанышқа бөлеуде.

Алда келе жатқан мерекемен барша өңір жұртшылығын құттықтаймын. Тәуелсіздігіміз одан әрі нығайып, Қазақстан гүлдене берсін.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Редакция НК

оставить комментарий

10 − семь =

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись