Жәуке батырдың ескерткіші көпшіліктің тағзымететін орны

Ежелден елімізде болашақты болжаған әулие, батыр тұлғалы ата-бабаларымыз көп болған.
Үстіміздегі жылғы Елбасының «Болшаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын Жолдауының аясында осындай ерекше қайталанбас тұлғалардың кесенелері мен ескерткіштері орналасқан киелі жерлерді насихаттау қолға алынды.
Осы мақсатта еліміздің географиялық картасында киелі жерлер арнайы белгіленіп, назарға алынды.
Сол картаға қарап отырсаңыз батыр да, ақын да, небір әулие кісілер шыққан Торғай даласының алар орны айрықша. Бүгін әңгімемізге арқау болып отырған Жәуке батырды жұртшылық жақсы білсе керек.
Ол кезінде батыр, қолбасшы болған кісі. Оның ерлігі Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы күресте айқын көрінді. Елінің тәуелсіздігін аңсап, найзаның ұшы мен білектің күшімен байтақ жерін қорғау үшін қасықтай қаны қалғанша күрескен бір беткей де қайсар батыр еді.
Осы елінің жарқын болашағын ойлап, аянбай күрескен Жәуке Назарғұлұлына Арқалық қаласында ескерткіш орнатылған болатын. Батыр бабамыз қазіргі Амангелді ауданының Сарыторғай елді мекенінде дүниеге келген.
Жәуке Торғай даласының аязы мен желіне, ыстығы мен жауын-шашынына қарамастан шар болаттай шымыр боп өсіп, ерте ер жетеді. Қазақты құнарлы жерлерден ысырып бара жатқан, далалықтарға өктемдігін көрсеткен жымысқы саясатқа қарсы 1838 жылы Кенесары Қасымовтың көтерілісіне қосылғанда Жәуке батыр не бәрі он алты жастағы балаң жігіт еді.
Сол жолы Кенесары Ақмола бекінісін басып алғанда жас батыр Жәуке ерекше көзге түседі. Ол Кенесарының сенімді сарбаздарының біріне айналады. 1842 жылы Иман мен Жәуке батырлардың табандылығы арқасында Кенесары Торғай бойына қыстап шығады. 1844 жылы Ресей патшасының әскерлерімен бетпе-бет шайқаста, Екатеринск станицасына шабуыл кезінде де Жәукенің батырлығы көрінеді.
Батырға қойылған ескерткіштер – тек өнер туындысы ғана емес, ол бүгінгі ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға қызмет ететін, патриоттық сезімге тәрбиелейтін тамаша рухани құнды дүние екендігі белгілі.
Бүгінде Арқалық қаласында ескерткіштердің қатары күннен-күнге көбейіп келеді. Онда Ахмет Байтұрсыновтың, Кейкі, Амангелді батырлардың ескерткіші қалалықтардың және қала қонақтарының рухын көтеріп тұрады. Міне, енді олардың қатарына Жәуке батыр қосылды. Осы ескерткіштердің барлығы да мүсінші Әбілбек Ұзақовтың қолынан шыққан.
Байтақ жерін жаудан қорғауда батырларымыз қашан да тайсалып қалмады. Әрдайым ерлік пен елдіктің айқын айғағы болып, халқын отаршылдықтан қорғады. Қазақ халқы қазақ болып қалу үшін аянбай күресті. Ұлтымыздың болашағын сол кезде тереңнен ойлаған батырларымыздың тарихымыздан алар орны ерекше.
Сондықтан осындай жандардың алдында қандай құрмет көрсетілсе де әбден жарасады. Қазіргі таңда Жәуке батырдың ескерткіші жас ұрпақтың үнемі келіп, тағзым етіп, қайталанбас тұлғаларымызды еске алатын маңызды орындарының біріне айналғаны белгілі.

Администратор сайта

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись