Шотбай Манасбаев хақында

Ұстаз ұлы сөз. Оның алдынан дана да, ана да, бала да өтеді. Кімде болсын балғын балалық шағында мектеп табалдырығын аттап, ұстаздан ұлағатты тәрбие мен білім алады.
Қостанай қаласының білім ошақтарында көптеген тәжірибелі ұстаздар еңбек етеді. Олар әрдайым баланың біліміне, тәрбиесіне жіті назар аударып, бірыңғай ұлттық тестілеуге әрдайым тыңғылықты дайындайды.
Мәселен, бұл орайда білімнің қара шаңырағына айналған Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың жөні бөлек.
Бұл жерді шынымен де парасатты ұстаздар мен зерделі шәкірттердің ордасы десек қателесе қоймаспыз. Мұнда оқушылардың жан-жақты болып шығуына көп көңіл бөлінеді.
Шәкірттер тек оқып ғана қоймай, түрлі ғылыми жұмыстармен, спортпен айналысып, көптеген жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Бұл күндері аталмыш оқу орнын республика жұртшылығы жақсы біледі.
Өзім бүгін ұстаз жайлы сыр шерткенде кейіпкерім Шотбай Манасбаевтың ешкімге ұқсамайтын мінезі мен әдістемесі, тың жаңалықтарға талпынысы жайлы айтқым келеді.
Ол қазіргі таңда аталмыш мектеп-интернаттағы белді педагогтардың қатарында. Осы кәсіпті таңдағанына да көп жылдардың жүзі болды. Бірақ әрқашанда күнделікті сабағына тыңғылықты дайындалады. Онымен әңгіме барысында маған өзінің сонау балалық шағынан бастап осы кезге дейінгі өмір жолдары жайлы жан-жақты баяндап берді.
Тұла бойынан қазақылық пен ізгіліктің иісі аңқып тұратын азамат облыс орталығынан әудем жерде Наурызым ауданының Қайғы деп аталатын елді мекенінде дүниеге келді. Негізгі таңдаған кәсібі физик-математик.
Ол қазіргі жұмыс істеп жатқан білім ордасын ерекше мақтанышпен айтады. Себебі, өзі де кезінде осы жерден терең білім алып, үлкен өмірге қадам басқан. Шотбай көп балалы үйде өсті. Өзі соның алтыншысы екен. Бұл кішкентайынан сабаққа алғыр, адамдарға жақын болды. Ұстаздарының үлгілі шәкірті атанды.
Осы талпыныспен білімге деген құштарлық кейін өзі ұстаз болған кезінде септігін тигізді. Онымен сұхбаттасқанда маған былай деді:
– Біздің жас кезімізде мұғалімдердің беделі өте жоғары болатын. Өзім физика пәніне ерекше құштар болдым. Осы пәннен дәріс беретін ағамыздың сөйлеген сөздері жүріс-тұрысы оқушыларға деген ықыласы бізге тағылым болды.
Соған қатты еліктедім. Ертең өскенде мен де ұстаз болып елім мен халқыма адал қызмет етемін деген мақсат қойдым. Мына, өмірден түйгенім адам баласы шындап қолға алса кез-келген асуларды алады екен.
Ол қолына диплом алған соң 1984-1997 жылдар аралығында Наурызым ауданындағы өзінің туған ауылында еңбек етті. Уақыт өте яғни 1997 жылы қаламыздағы өзі жұмыс істеп жатқан мектеп-интернатқа ұстаз болып келді.
Қазіргі таңда ол заман талабына сай информатика пәнінен сабақ береді. Елімізде 1998 жылдары аталмыш пән жаппай мектептерге енгізіле бастағаны белгілі. Осы орайда барлық өңірлердегі оқу орындарына компьютер құралы қойыла бастады. Сол кездері Шотбай Манасбаев Жангелді және Амангеді аудандарында арнайы болып, сондағы бірнеше ауылдардағы білім ордаларына компьютер орнатып, оның қалай қолдануға болатынын жергілікті ұстаздарға үйреткен.
Сонымен қатар 2000 жылдың басында Арқалық қаласында компьютердің қолданысқа енуіне байланысты өткізілген семинарға қатысып, оның қазіргі заман талабына айналып отырған құрал екендігі жайында жан-жақты әңгімелеген болатын. Оның осы атқарған жұмыстары да көпшіліктің есінде боса керек.

Администратор сайта

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись