Балаларын байлыққа санаған

Балаларын байлыққа санаған

Абыз ақсақал Сарман Керейбаев жайлы толғаныс

Сүйгінсайдың сүйікті ұлы еді

Адам баласы тірі кезінде бір-бірінің қадірін біле бермейтіндігі рас екен. Оны арамызда сыйласып жүрген қаншама ардақты кісілер дүниеден өткен кезде айқын сезінеміз.

Соларды қазір біз ерекше сағынышпен еске аламыз. Осы жақында ғана бақилық болған Сарман Жарқетерұлы Керейбаев сондай асыл, айналасына шуағын төккен кісілердің бірегейі­-тін.

Көпшілік білетін болар, Қарасу ауданында Сүйгінсай деп аталатын құтты мекен бар. Қазір еліміз үшін аянбай еңбек етіп жатқан тұлғалардың бірқатары осы ауылда туылып, осында ер жетті.

Біздің Сарман ағамызға да бұл құтты қоныс өте қымбат еді. Өйткені, ол 1928 жылы 26 қаңтарда аталған елді мекенде туылған болатын.

Кішкентайынан елгезек бала атанды. Әке-шешесінің тәрбиесінің арқасында еңбекқор болып қалыптасты. Ауылда тұрған адамдардың күн көріс көзі негізінен мал емес пе.

Сондықтан ол малсақ болып өсті деп нық сеніммен айта аламыз. Өскенше ата-анасына қолғабыс етіп, олардың ауырын жеңілдетті. Міне, осындай ұл ержете келе өз бетімен алға ұмтылып, қатарластарынан оқ бойы озық жүрді.

Өздеріңізге мәлім, мұндай елді-мекендерде өскен бозбалалар әдетте техника тілін меңгеруге құштар келеді. Сондықтан Сәкең де механизаторлық кәсіпті игерді.

Құтты қоныстағы сыйлы да халықтың ыстық ілтипатына бөленген осы мамандық иелері көпшілікке кеңінен танымал. Кешегі Кеңес Одағы кезінде жоспар деген болды.

Сондықтан ерте көктемнен бастап тракторшы ретінде егіске қатысса, қоңыр күзде бітік шыққан өнімді шашпай-төкпей жинап алу үшін комбайн штурвалына отырды.

Ел құрметіне бөленіп, алдыңғы шептегі азаматтардың қатарына қосылды. Кезінде шаруашылық басшылары азаматтың іскерлігіне, табандылығына тәнті болып, қаншама рет топ алдында оған лайықты ілтипат танытты.

Бірақ ол ешқашан да барға тасып, жоққа жасыған емес. Қолынан келсе өзгелерге демеу болды. Бұл әрине, кішкентайынан ата анасының берген тәрбиесінің жемісі.

Жылдар өте ол да парасат биігінен көрінді. Өзінің сүйген қызы Кәменге үйленіп, жеке шаңырақ көтерді. Бұл да бақытты кезең болатын.

Келіншегі де азаматына сай ілтипатты да инабатты, қазақ қызы-тын. Екеуі жарасымды ғұмыр кешіп, 8 бала өсірді. Оның біреуі ерте шетінеп кетті. Қалғандары ата-анасының сенімін ақтады.

Ұл-қыздары өмірінің сәні болды

Сарман Жарқетерұлы мал шаруашылығына да ерте араласты. Кеңшардың маңдай алды маманы ретінде сонау Мәскеудегі Бүкіл Одақтық халықшаруашылығы көрмесіне де қатысып, өңірдің абыройын асқақтатты.
Мұндай азаматты айналасындағы кісілер де өздеріне үлгі тұтты. Бірнеше рет Черняев ауылдық кеңесінің депутаты болып сайланды. Жерлестерінің сенімін ақтап, еңбек озаты ретінде қаншама жастарға тәлімгерлік етті.

Тағдыр ол кісіні маңдайынан сипай қойған жоқ. Сүйіп қосылған жары Кәмен апамыз қайтыс болып, отбасының барлық ауыртпалығы өзінің иығына түсті.

Сөйтіп, оған шиеттей бала-шағаға әрі әке, әрі ана болуға тура келді. Осыларға көз түрткі болмасын деп екінші рет үйленген жоқ. Ұл мен қыздары да саналы болып өсті.

Әкелерінің өздері үшін отқа да, суға да түсуге дайын екендерін сезінді. Бәрі де шаңырақ иесіне еліктеп, ес білгеннен шаруағы бейім болды. Ұлдары ер жетті, қыздары бой жетті.

Үйдің тұңғышы Темірхан жоғары оқу орнында өзінің болашақ жары Зейникамалды кездестіріп, Керейбаевтар әулетіне келін етіп түсірді. Сол кездегі Сарман ақсақалдың қуаныштан көзне жас алғандығын ағайын-туыстары, бірге өскен замандастары әлі күнге дейін ұмыта қойған жоқ.

Темірхан атына заты сай, жауапкершілігі мол, бір сөзді мәрт жігіт, Ұлағатты педагог атанды. Қазір де ол Қостанай шаһарындағы бір білім ордасының басшысы.

Зейникамал да ата-ана тәрбиесін көргендігін тіршілікте дәлелдеді. Отағасының інілері мен қарындастары қатарға қосылғанша оларға жеңгелері ретінде қамқорлық танытты.

Осы әулеттегі Темірханнан кейінгі Алмагүл, Балдырған, Айнагүл, Асылхан, Ерхан, Ақжәмилер әкелерінің өмірдегі тірегі болды. Ағамыз бақилық болғанша олардың жанынан табылып, өздерінің перзенттік парыздарын өтеді.

Сарман ата өзін бақыттымын деп есептеді. Өйткені, балаларының бәрі де оны жерге қаратпады. Тиісті мамандықтарын таңдап, елі мен халқына адал қызмет етті.

Ол осы ұл мен қыздарынан 11 немере, 14 шөбере сүйді. Шөберелерінің алақандарынан су ішті. Бұдан артық қуаныш, мәртебе болушы ма еді.

Мына өмірге бәріміз де қонақпыз. Ағамыздың бақилық болғанына да 40 күнге жақындап қалды. Алайда оның орны өзімен аралас құралас болған кісілердің арасында көрініп қалды.

Біз Сарман Жарқетерұлына жатқан жеріңіз жарық, топырағыңыз торқа, иманыңыз серік болсын дейміз.

Оразалы Жақсанов

Администратор сайта

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись