Бейімбет Майлиннің баласымен  бірге оқыған

Бейімбет Майлиннің баласымен бірге оқыған

немесе келер жылы ғасырға толатын Мағауия Жүнісов жайлы толғаныс

Қостанайдың іргесін қалауға қатысқан

Біздің қазақ «Қарты бар елдің қазынасы бар» деп босқа айтпайды. Өйткені, арамызда жүрген әрі өмірдің талай асуларыннан өткен абыз ақсақалдарымыз біздің байлығымыз әрі асқар тауымыз.

Сол себептен де осы арамыздағы ардақтыларымызды бағалап, олардың елі мен халқына сіңірген еңбектерін кейінгі жастарға үлгі, өнеге ету біздің қаламгерлік парызымыз деп түсінемін.

Қостанай өңіріндегі өзгелерге айрықша ғибрат етерлік қымбат жандардың бірегейі облыс орталығының «Наурыз» шағын ауданында тұратын Мағауия Жүнісов десек орынды болар.

Оның бір сүйікті ұлы Абай Жүнісов бұл күндері Қостанай құрылыс-техникалық колледжінің басшысы. Өзі Қазақстан Республикасының құрметті сәулетшісі.

Белгілі ғалым кез-келген тақырыпта еркін сөйлесе алатын, қазіргі заманға сай өзіндік айтар ой мен пікірі бар азамат.

Мағауия аға бұл күндері осы ұлымен бірге тұрады.

Келіні Гүлнара да қазақтың барлық асыл қасиеттерін бойына сіңірген қазақ қызы. Сондықтан да болар, ұлы мен келіні ардақты ағамыздың алаңсыз ғұмыр кешіп, осындай ұзақ жасауына өздерінің перзенттік үлестерін тигізіп жатқаны айдан анық.

Ұлы Абайдың айтуына қарағанда, қарт кісі үйдің берекесі. Шаңырақ мәртебесі. Әлі күнге дейін өмірде кездесетін мәселелер туындаса ардақты әкесімен ақылдасып отырады.

Өйткені, Мағауия аға өмір көрген, талай лауазымды да жауапты қызметтерді абыроймен атқарған айтулы тұлға.

Кезінде елімізге тұтқа болған талай көрнекті мемлекет қайраткерлерімен жүздесіп, басқа да көптеген қазақ зиялыларының ұлағатты сөздері мен мәнді әңгімелерін тыңдаған, руханият пен парасатты жоғары қойған ағамыз.

Ол кісі негізі 1919 жылы 11 ақпанда қазіргі Қостанай облысы Меңдіқара ауданына қарасты Борков селолық округының аумағындағы бұрынғы Әділбай деп аталатын елді-мекенде дүниеге келген.

Бұл қасиетті ауыл олардың ежелден келе жатқан ата қонысы еді. Әкесі Жүніс ақсақал өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу, айналасында әрі ел арасында өте беделді аталарымыздың бірі болыпты.

Осы зерделі ақсақал сонау бір жылдары Тройцкідегі медресені де тәмәмдаған. Өзінің аса қабілеттілігінен де болар, орыс, татар, араб тілдерін жетік меңгерген.

Аталар сөзі – ақылдың көзі

Сондай сауатты жан өзі араласатын кісілердің арасында да жақсы қырларымен дараланған. Ислам дінін берік ұстанған иманды азамат жаяулап-жалпылап, қасиетті Меккеге үш рет барыпты.

Алайда ол уақытта дінге деген көзқарастың жалпы кешегі Кеңес Одағында қандай болғаны көпшілікке аян болса керек. Дінді құбыжық етіп көрсеткен жоқ па.

Жүніс атамыздың үйінен қонақ арылмайтын. Сол кісілердің бәрін де қабақ шытпай қарсы алып, үйіндегі бар дәмдісін алдарына тосатын Мағауия ағамыздың анасы Жәми апамыз еді.

Бұл кісінің қолы қашан да ашық-ты. Сондықтан да араласатын кісілері де өте көп-ті. Жүніс атамыз бен Жәми апамыздың үйінде негізіңен үйелмелі-сүйелмелі төрт-бес бала тәрбиеленді.

Үйдің ең кенжесі біздің бүгінгі кейіпкеріміз Мәкең еді. Шаңырақтың кішкентайы болған соң оның еркелеу болып өскені де заңды-тын. Кейбір деректерге қарасақ, Мағауия ағамыз әкесі 55 жасқа толғанда дүниеге келіпті.

Бірақ мұның бойындағы адам баласына деген жұғымдылық, тапсырылған іске тиянақтылық сол бала кезінде-ақ айналасындағыларға анық сезілді. Олар түбінде бұдан ел қамын ойлайтын, ұлтжанды азамат шығатындығына кәміл сенді.

Жылдар өте берді. Осы аталған Жүніс ақсақалдың отбасындағы перзенттерінің бірі — Ахметуәли 1928 жылы қызмет бабымен Алматыдағы республикалық мемлекеттік жоспарлау комитетіне жауапты қызметке тағайындалды.

Парасатты азамат өзімен бірге соңынан ерген кішкентай інісін де ала кеткен-ді. Мағауия Жүнісұлының сөзіне сүйенетін болсақ, дәл сол кездері Алматы қаласы дәл қазіргідей ерекшеленіп, көп қабатты үйлер әлі де болса қанатын кеңге жая қоймаған екен.

Осы шақта Астана Қызылордадан жаңа ғана осында көшірілген-ді. Сондықтан шаһардың әлеуметтік келбеті енді-енді ғана ажарланып келе жатқан болатын.

Сол уақытта мұнда небәрі 150 мыңдай ғана халық тұрмыс кешіпті. Шаһардағы азаматтар негізінен бір қабатты үйлерде тұрып жатты.

Канализация деген мүлдем болмаған. Аталған кездегі зиялы деген азаматтардың өзі пешке кәдімгі сексеуілді жағатын. Дегенмен де табиғаттың жөні бөлек. Алматы кімді болсын өзінің айрықша көркімен баурап алатын.
Мәкеңнің сөзіне қарағанда, көшелердің бойындағы арықтардан сылдырып аққан мөлдір суларды ішсең, ол кәдімгідей бал татиды екен. Әсіресе, Алматының апорты қандай еді десеңізші.

Өзін осы қалаға алып келген ағасы да ой-өрісі жоғары азамат-ты. Ол қазақ халқының ұлы жазушысы Бейімбет Майлинмен араласып, сыйласты. Араларындағы достық та керемет болатын.

Білім өмірін нұрландырды

Сол ардақты ағасы Мағауия Жүнісұлының өз қатарынан қалмай білім алуы үшін қолынан келгеннің бәрін де жасады. Алдымен жоғарыда аталған қаладағы №18 қазақ бастауыш мектебінде дәріс алды.

Тіпті Би ағаның сүйікті ұлы Әукенмен бірге бір сыныпта оқыды. Одан кейін сондағы №2 орта мектепті қазақтың белгілі қаламгері, кезінде республикалық „Социалистік Қазақстан„ газетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарған Хайдар Баймұхамбетовпен қатар аяқтады.

Өйткені, осы жерде бұлар қаншама ізгі қасиеттерді бойларына жинады. Бұларға заманында Мәскеуде терең білім алған мықты да зиялы педагогтар тәлім-тәрбие берді.

Уақыт дегенде шек бар ма. Білімге құштарлық танытып жүрген шақта келесі жылы ғасырға толатын Мағауия ағамыз өзінің 20 жасқа толған бозбала екендігін сезбей де қалыпты.

Өзіне нық сенгендіктен шығар, сол кездегі бұрынғы алып Одақтың астанасы Мәскеу шаһарындағы тарих және мұрағат институтына студент болып қабылданды.

Кейін ол оқу орны гуманитарлық академия деп аталды. Үлкен шаһар бұларды тек ғана ширатып, білім нәрімен сусындатып ғана қойған жоқ, өмірге деген өздерінің көзқарастарын қалыптастырды. Жаман мен жақсының парқын ажырататын жағдайға жеткізді.

Өзі студент болған жылдары тек ғана таңдаған мамандығын жетік меңгеруге талпынды. Өзге жігіттер секілді жатақханада тұрды. Бұлардың екінші үйіне айналған орыннан Кремльдің Спаский мұнарасы сонадайдан көзге көрініп тұратын.

Кейде бұлар түнде сағаттың соғысын да еститін. Міне, осы жайлардың бәрі де жалынды жас жігіттің санасында мәңгілік сақталып қалыпты. Мұны мен әңгіме барысында да анық байқадым.

Өздеріңізге белгілі, 1941 жылы 22 маусымда неміс жендеттері кенеттен Кеңес Одағына соғыс ашты. Бұл әрине, қаншама айрандай ұйып отырған отбасына қайғы-қасірет әкелді. Әсіресе, білімнің қызығына түскен бозабалалардың институтты толықтай аяқтауына мүмкіндік бермеді.

Алайда жастар жігіттер үшін Отан қорғаудан артық міндет жоқ екендігін жан жүректерімен сезінді. Сол себептен де бұлар да өз қатарларынан қалмай қанды майланға аттанды.

Ауыр жылдар әбден шыңдады

Мағауия Жүнісұлы Урал әскери округіндегі 776-шы жеке атқыш батальонында қатардағы жауынгер болып қызмет атқарып жатты. Алайда сол соғыс жүріп жатқан жылдары Тула қару-жарақ зауыты Челябі облысы Златоуст қаласына көшірілген-ді.

Содан бұлар уақыт талабына орай аталмыш зауыттың бір цехында техник болып соғыс аяқталғанша яғни 1945 жылға дейін аянбай еңбек етті. Аталған мекеменің аты зауыт деп аталғаны болмаса, бұларда да тәртіп әскердегідей қатаң болды.

Себебі, мұндағылар өз міндеттеріне қанды майданда толарсақтан саз кешіп жүргендерден артық қарамаса, жауапкершілікті кем сезінбеді. Бұлардың әзірлеген қару-жарақтар майданға жөнелтіліп, өзіміз айтып жүретін Ұлы Жеңісті жақындатуға барынша үлес қосты.

Мағауия аға 1945 жылы тамыз айында туып өскен жері Қостанайға оралып, уақытты оздырмай облыстық атқару комитетіне аға нұсқаушы болып қызметке орналасқаны да бізге мәлім.

Содан кейін темірдей тәртіпті ұнататын, тапсырылған міндетіне барын салатын азамат алғашқы күннен бастап жоғарыдағы басшылардың назарын өзіне аударды. Міне, осы шақтан белгілі тұлғаның жауапты қызметте өсу кезеңі жалғаса түсті деуге болады.

Осы арада сөзіміз нақты болу үшін бірқатар мысалдар да келтіре кетелік. Аталған мекемеде көп өтпей сектор меңгерушілігіне көтерілді. Артынша облыстық атқару комитетінде төрағаның көмекшісі атанды.

Арада кішкене уақыт өткен соң хатшы лауазымына тағайындалды. Сөйтіп үлкен шыңдалу мектебінен өтті. Сонау тың игеру жылдары кадрлық өзгерістер де болды. Сол уақытта бұл жоғарыда тілге тиек етілген атқару комитетінде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.

Ағамызға Қостанай қаласының құрметті азаматы мәртебелі атағы босқа берілген жоқ. Өйткені, облыс орталығы мұның көз алдында көркейді.

Мысалы, қазіргі Қостанай шаһары ол қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып жауапты қызметті атқарып жүргенде дәл қазіргідей аса көрікті де сұлу деңгейде емес-ті.

Дәл сол кезеңдерде облыс орталығында су жүйелері, канализация дегендер атымен болмады. Бұл күндердегідей асфальт жол да мүлдем жоқ-ты. Дәл қазіргідей қаз-қатар тізілген көп қабатты үйлер де сирек-ті.

Мәселен, Ұлы Отан соғысына дейін шаһардағы қазіргі Гоголь көшесінде ғана жалғыз үш қабатты тұрғын үй салынған екен. Оны сол үйдегі қазандық арқылы жылытқан. Бұл үйде облыстық партия комитетінен бастап, бірінші басшылар ғана тұрды.

Балалары – өмірінің мәні

Ағамыздың айта берсек, елі мен халқына сіңірген еңбегі өте көп. Қостанай қаласының шаһар болып қалыптасуына, көркейіп гүлденуіне тікелей атсалысқан азамат ретінде де баршаның алдына өте абыройлы да беделді.

Ол өмірінің соңғы кезеңдерінде жоғарыда сөз етілген қалалық атқару комитетінде хатшы болып қызмет атқарды. Оның алдынан өтпеген азаматтар кемде-кем болар. 30 жыл қатарынан қалалық кеңестің депутаты болып сайланған санаулы абыз ағаларымыздың бірі.

«Еңбегіне қарай өнбегі» демекші, талай атақ-дәрежеге ие болды. Кеудесіне тағылған қаншама медальдар сол сөзіміздің дәлелі іспетті. Ол өмірлік серігі Зайра апамыз екеуі ұзақ жылдар бойы бақытты ғұмыр кешті. Ол кісі де кезінде Ленинградта оқыған қазақтың аяулы қызы еді.

Апамыз Қостанай шаһарында логопедтік қызметтің негізін қалады. Отағасы Мағауия аға екеуі үш балаларына тағылымды тәрбие берді. Бір өкініштісі, ұзақ жылдар бойы шаңырақ иесінің жансерігі болған аяулы жан осыдан үш жыл бұрын дүниеден өтті.

Олар үш бала тәрбиеледі. Ұлдарының есімдері көпке белгілі. Болат Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі. Бұл күндері Астанада тұрады. Ал осы дүниені жазу кезінде ардақты әкесі жайлы толғана сыр шерткен Абай да елімізге танымал азамат.

Осы шаңырақтың бір ұлы Әмір дүниеден ерте өтті. Ол да білікті дәрігер болатын. Қазір 100 жасқа қадам басқан Мағауия аға ортаншы ұлы Абай және сүйікті келіні Гүлнараның астық ықыласына бөленген.

Балаларынан 6 немере, 5 шөбере сүйді. Ол кемеңгер ақсақал. Елбасының жүргізіп жатқан саясатын толық қолдайды. Тәуелсіз Қазақстанның алдағы уақытта да гүлдене әрі нұрлана беретініне нық сенеді.

Оразалы Жақсанов

Администратор сайта

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись