Биыл Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы Қостанай Мемлекеттік педагогикалық университеті үшін ерекше жыл

Биыл Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы Қостанай Мемлекеттік педагогикалық университеті үшін ерекше жыл

Тарихы тереңнен бастау алатын мыңдаған шәкірттерді білім нәрімен сусындатқан білім ордасына 80 жыл толып отыр


Ордалы оқу орынға көрнекті ғалым-математик, ҚР Ғылым академиясының академигі, радиациялық трансферия теориясы саласындағы қазақстандық ғылыми мектебінің негізін қалаушы Өмірзақ Махмұтұлы Сұлтанғазинның есімі берілген болатын.

Енді міне, академикке арналып университет алаңынан тас тұғыр тұрғызылып, сонымен қатар ғалым атынадағы дәрісхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Салтанатты шараға, ҚР мемлекет және қоғам қайраткері, академик Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев, ҚР Парлимент сенатының депутаты, Қазақстан математикалық қоғамының президенті, Түркі әлемінің математикалық қоғамының президенті Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов және ғалымның жары мен туыстары, замандастары, зиялы қауым өкілдері мен оқытушылар, студенттер және БАҚ өкілдері қатынасты.

Өмірзақ Махмұтұлы 1936 жылы 4 қазанда Қостанай облысы, Сарыкөл ауданы, Қараоба ауылында дүниеге келген. Осынау құтты өлкеден ғылым көгіне қанат қақты.

Еліміздің ғарыш саласындағы жетістігінің бастауында Сұлтанғазиннің тұрғандығы қостанайлықтар үшін зор қуаныш.

Қажетті пәнаралық бағдарламаларды қалыптастыруда маңызды және жемісті жұмыс жасады, олардың сапалы орындалуына қол жеткізді.

Радиациялық тасымалдаудың кинетикалық теориясындағы көп өлшемді мәселелердің айырымдық сызбаларын құру және дәлелдеу әдістерін қоса алғанда, Больцман теңдеуі мен есептеу математикасының сызықты емес модельдерінің математикалық теориясындағы зерттеулердің нәтижелері, плазма теориясын, шығарылған газдардың динамикасында, сәуле беру теориясы және өзге ғылыми жұмыстары үшін Ө.Сұлтангазин КСРО Мемлекеттік сыйлығына, Жаратылыстану ғылымдары саласындағы Чехословакия Ғылым академиясының сыйлығына ие болды.

Жиында бірінші болып сөз алған Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев қостанайлық жерлестерімен қауышқанына қуанышты екендігін жеткізді.

— Сіздердің университеттеріңіз аңыз адам, әлем таныған көрнекті ғалым, академик Өмірзақ Махмұтұлы Сұлтанғазинның есімімен аталғанына қуаныштымын.

Өмірзақ Махмұтұлы Қазақстандық ғалымдардың ішінен күллі әлем таныған академиктердің бірі де, бірегейі. АШҚ құрама штаттарында, Ұлыбритания, Франция, Япония және өзге шет елдерде дәріс оқып, қызмет жасады. Ғылым мектептерінің негізін қалады. Сол себепті де біз онымен мақтанамыз.

Математика ғылымында ғалымдарды өздерін еңбегіне қарай нөмірлеп қояды екен бірінші, екінші… дегендей. Соның ең біріншісі бүкіл әлем мойындаған ғалым, француз академиясының президенті математик Жак Леонис еңбегін жоғары бағалап, хат жазған. «Мен сіздің ғылыми жұмыстарыңызды өте жоғары бағалаймын.

Сіздің Больцман теңдеулері туралы классикалық теңдеулеріңізді аса қызыға оқығаным әлі есімде. Жаңасібірде, Мәскеуде, Парижде кездесіп сіздің дәрістеріңізді қызыға тыңдағанымды ұмытпаймын.

Франция акдаемиясымен барлық француз әріптестердің атынан сізге деген шын жүректен шыққан сәлемімді жолдаймын», — делінген хатын Кенжеғали Әбенұлы өзінің шағын кітапшасынан оқып берді.

Жиынға арнайы қатысып отырған ҚР Парламент сенатының депутаты, Білім және ғылым министрлігінің экс-министрі, Қазақстан математикалық қоғамының президенті, Түркі әлемінің математикалық қоғамының президенті, Жұмағұлов Бақытжан Тұрсынұлы да өз лебізін білдірді.

— Оқу орынның ірге тасының қаланғанына 80 жыл толуымен сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Ең бірінші еліміз үшін жақсы маман дайындап шығуларыңызға тілектеспін. Бюстің ашылу салтанатына қатысқаныма өте қуаныштымын. Бұл өте маңызды сәт. Мен Өмірзақ Махмұтұлын қырық бес жылдай уақыт бойына білемін.

Ол кісінің студенті болдым, дәрістерін тыңдадым. Ол ғылымның барлық сатыларынан өтті. Әрқайсымызға қолдау білдірді. Кенжеғали Әбенұлы айтып отырған Жак Леонис Жаңасібірге ұшып келген де, бірден Өмірзақ Махмұтұлын іздеген. «Мен оның жұмыстарымен жақсы таныспын, енді өзімен жақын танысқым келеді» дегеніне өзім куә болдым,-деді Бақытжан Тұрсынұлы.

Ескерткіш-бюстің ашылу шарасынан соң, университет ішінен арнайы беріліп отырған дәрісхананың керме жібін қию рәсімі өтті

Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

Администратор сайта

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись