Елім деп соққан жүрек

Елім деп соққан жүрек

Немесе белгілі қоғам қайраткері Сапабек Әсіпұлы туралы сөз Алакөл ауылының тумасы.
Адам ғұмыры соншалықты қысқа екендігіне арамыздан небір асыл тұлғаларымыз кетіп жатқанда сезінеді екенсің

Қазақ елінің жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған әсіресе, мәселесін терең зерттеген Сапабек Әсіпұлы ағамыз кенеттен қайтыс болды деген сөзді естігенде шын мәнінде төбемізден біреу мұздай су құйып жібергендей сезінгеніміз рас.
Ол жайлы сөз болса көзіме ардақты тұлғаның облыстық «Қостанай таңы» газетіне келіп тұратын кезі елестейді. Сабырлы әрі көп тыңдап, аз сөйлейтін ағамызбен кездесудің өзі бір ғанибет еді. Сапекең редакцияның әрбір бөліміндегі жігіттерге кіріп, сәлем беріп, өзінің де сонау бір жылдары осы газетте жұмыс істегендігін айтатын.
Ағамыз жөнінде менің әріптестерім де қаншама жылы лебіздерін білдіріп, ол кісінің көптеген жас журналистерді тәрбиелеп қатарға қосқанын ерекше бір мақтанышпен тілге тиек ететін.
Жақсының аты қалады деген рас. Ол кісі туған жеріне соңғы демі біткенше адал қызмет етті. Қарт қаламгердің қолынан қаламы түскен жоқ. Талай мағыналы туындалар жазып, жастардың рухын көтеріп, өнеге көрсетті.
Журналистиканың нағыз тарланы Сапабек Әсіп 1925 жылы 21 қарашада қазіргі Қостанай облысы Амангелді ауданы Алакөл деп аталатын елді мекенде дүниеге келді.
Жастайынан өлең-жырға, ән-күйге ерекше құштар болып өсті. Оның да өзіндік себебі бар. Сайып келгенде, бәрі де өмір көрген үлкен кісілердің тәліміне байланысты ғой. Өйткені, оның әжесі Өскей Мәутенқызы сонау бір жылдары Торғай өңірінің белгілі ақыны Мәтібаймен айтысқа түсіп, жүлде алған.
Міне, осы асыл әжесі мұны кішкентай кезінен өзінің бауырына басып, аялап, ізгілікке тәрбиеледі. Сондықтан да болар, ол үлкен кісіге еліктеп, дүниетанымы ерте байытты. Әдебиет пен өнерге құштар болғаны бір жағынан сондықтан да шығар.
Кешегі ананы жесір, баланы жетім еткен қанды соғыс барлық отбасыларына кесірін тигізбей қойған жоқ. Елді-мекендердегі тірек болып отырған ер кісілердің бәрі де бірінен кейін бірі майданға аттанып жатты.
Сондықтан да болар, ол 1943 жылдың қақаған қаңтар айында соғысқа жіберілді. Алайда ол денсаулығына байланысты туған жеріне оралуға тура келді. Қарап отыратын уақыт па, елде қалған қыз-келіншектер және апаларымызбен қатар жүріп, тылда еңбек етті.
Сөйтіп, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің жақындауына өзінің қомақты үлесін қосты. Сол күндерді оның замандастары ерекше бір күрсініспен еске алады.
Қаламгерлігі өзгелерге ұқсамайтын
Иә, ол 93 жасқа қараған шағында ауыр науқастан соң мәңгілік көз жұмды. Сонау Алматыда жерленіп, қаламдас достары, туған туысқандары соңғы сапарға қимастықпен шығарып салды.
Кейбір мәліметтерге қарағанымызда, ағамыз 30 жылдай уақытын журналистика саласына бағыштап, қаншама сүбелі дүниелер жазды. Көрнекті тұлғаның сонау 1942 жылы яғни 17 жасында аудандық «Социалистік шаруа» газеті редакциясында жұмыс істегендігін білеміз.
Сонымен қатар уақыт өте өзі Амангелді ауданымен көршілес жатқан Жангелдин аудандық газетінің редакциясына басшылық етті. Сөйтіп, жергілікті басылымның абырой-беделін көтеріп, халыққа барынша жақындай түсті.
Қаншама қарапайым адамдарды көркем очерктері арқылы жергілікті журналистер дүйім жұртшылыққа танытты. Жастарды мектеп қабырғасынан бастап жасампаздыққа, бауырмалдыққа тәрбиелейтін құнды дүниелерді де жиі жариялап тұрды.
Сапекеңдей білікті журналист қайда да абырой мен беделге кенелері хақ. Оның Қостанай облыстық «Қостанай таңы» газеті бас редакторының орынбасары болған жылдардың да өңір өмірінде алар орны ерекше-тін.
Ол тек іскер де қабілетті басшы болып ғана қойған жоқ, қалам қарымымен қарамағындағы журналист іні-қарындастарына тәлімгер атанып, талай жастардың бойындағы табиғи дарындарын ашты.
Оларға мехнаты мол журналистік кәсіптің қыры мен сырын үйретті. Сондықтан да шығар, еңбек жолын жаңадан ғана бастаған тілшілер оны қашан да өздеріне ұстаз тұтты.
Қостанайдағы біршама жылдардан кейін Алматы қаласына қызметке шақырылды. Осында Қазақ Кеңес энциклопедиясы бас редакторының бірінші орынбасары лауазымында болып, күллі еліміздегі үлкенді-кішілі қауымның таным көкжиегін кеңейтетін қаншама дүниелерді шығарды.
Журналистика мен қаламгерлікте өзін жан-жақты көрсеткен жерлесіміз ғылымға да ден қойды. Сөйтіп, Кеңес Одағының Батыры, академик Мәлік Габдуллиннің басшылығымен ғылыми диссертациясын сәтті қорғап, филология ғылымының кандидаты атанды.
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі әрі осы Одақтың жанындағы «Жер және қазақ тағдыры» комиссиясының төрағасы ретінде де өзінің ұстанған берік ой-пікірі болды.
Өзі оннан астам кітап жазды. Осылардың ішінде ұлтымыздың бетке тұтар перзенттері Әліби Жангелдин, Нұрхан Ахметбеков, Омар Шипин және Тахауи Ахтанов секілді тарихи тұлғалар хақындағы монографиялардың авторы.
Оның жер мәселесіне байланысты жазған «Қазақ қасіреті» деп аталатын аса құнды дүниесі де кезінде барша ұлтын сүйетін азаматтардың көңілінен шығып, өзінің нағыз патриот екендігін дәлелдеді.
Ол барша қаламгерлердің сүйікті тәлімгері атанды. Отбасында сүйікті ата, әке, жар болды. Қос ұлы мен екі қызы да әкелерінен ұмытылмас тәлім-тәрбие алды.

Редакция НК

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись