Еліміздің абыройын асқақтатқан күн

Еліміздің абыройын асқақтатқан күн

Елордамыздың 20 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтті
Көптен күткен Астана күні де барлық қызық-думанымен есте қалды. Осы мерейлі мерекенің куәсі ретінде, бас шаһарда болдым.
Бұл қалаға жауапты жұмысыма байланысты бармағаныма да жеті жылдың жүзі болыпты. Сол аралықта Астана адам танымастай өзгергенін бірден байқадым. 2011 жылы «Бәйтерек» монументіне көтеріліп, жоғарыдан қарағанда Елордамыз кәдімгі алақанға салғандай көрінеді.
Шыны керек, біраз уақыттан бері Астанада жаңа ғимараттар бой көтеріп, барынша ажарлана түскен. Алыс жолдан келіп, шамалы мерзім демалған соң кешкі салқынмен әсем қаланың көшелерін араладым.
Ең алдымен атбасын бұрған жерім былтыр ғана әлемдік деңгейде ұйымдастырылған «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ғимараты болды.
Мұнда босқа бармаппын. Өйткені, дәл сол кезде Астананың 20 жылдық мерейтойына арналған көңілді тапқырлар алаңының ойындары өтіп жатты. Бұл клубтың жетекшісі әрі кештің жүргізушісі Тұрсынбек Қабатовтың да өнерін барша қазақ біледі.
Сондықтан осы «КТА ойындарын» тамашалаған соң ЭКСПО-ның ішіндегі «Номад сити хол» сарайына беттедік. Осылайша 4 командадын құралған дарынды да көңілді жастардың өнеріне тәнті болып, жарасымды әзілдеріне дән риза болып ерекше әсерге бөлендік.
Сол күні еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтарды да көрдік. Олардың арасында ақсақалды қарттар мен ақ жаулықты әжелеріміз де бар.
Басқа да замандастарымыздың жүздерінен Елордамызға деген айрықша мақтаныш сезімін айқын сездік. Олармен де тілдесіп, жағымды пікірлерін естідік.
Сонымен қатар мұндағы үлкен сауда ортылықтардың іші де бұрынғыдан көркейіп, әсемдене түскен. Осы ретте ЭКСПО ғимаратының жанындағы үлкен «Мегаға» кіріп, оның да жарасымды сән-салтанатына таң қалыстық.
Баланың қуанышына не жетсін. Ондағы балаларға арналған ойын алаңдары, әртүрлі карусельдер мен машиналар, жануарлар әлемі олар түгілі үлкендерді де қызықтырады.
Сондай-ақ түнгі Астананың көркі қандай ғажап десеңізші. Алыстан түрлі-түсті шамдар көздің жауын алады. Жалпы, тиісті орындар айтулы меркеге жан-жақты дайындалғандығы көрініп-ақ тұр.
Астана нағыз дүниежүзіндегі сұлу да көрікті шаһарға айналған. Түрлі түсті өң беретін су бұрқақтар биікке атқылап, үлкен шаһардың ауасын тазарта түскендей. Жан-жақтан келген жұртшылық өткен кезеңдердегі жаңалықтармен сұлу ғимараттарға сүйсіне қарауда.
Сонымен осы қалада болған екі-үш күннің ішінде алған әсеріміз өте көп. Әрине, оның бәрін осындай бір мақалада баяндап беру де әсте мүмкін емес.
Қазір жаз айы. Қалаға келушілер жеткілікті. Өйткені, олар кезекті демалыстарын алғандықтан жандарына балаларын да ертіп алған. Міне, осылайша біз Елорданың мерейтойын өз көзімізбен көріп, талай жайды көңілімізге түйдік.
Өз басым Астананың алдағы уақытта да гүлдене беретіндігіне нық сенімдімін. Өйткені, бас қаламыз жылдап емес, күн сайын өсіп, өркендеп келеді. Мұндағы тұрғындар саны да қазіргі таңда миллионнан асқаны белгілі.
Қала тұрғындары да астаналық менталитетке әбден үйренген. Олардың бойынан жоғары парасат, терең білім, адамға деген ерекше құрмет сезіледі. Құрылыс барынша қарқын алғандықтан жаңа пәтердің кілтіне ие болып жатқандар да аз емес.

Редакция НК

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись