Елорданың көрікті жерлері

Елорданың көрікті жерлері

Бас қаламыз әлемдегі ең сұлу шаһарға айналды

Жерлестерімізбен кездескенде

Үстіміздегі жылы елордамыз Астанаға жиырма жыл толғаны белгілі. Бұл шаһарды көрген де, көрмеген де арманда. Өйткені, аталған мерзім ішінде қала адам танымастай өзгерді.

Алыстан мен мұндалаған шаһар сонадайдан жарқырап, көздің жауын алады. Әсіресе, түнгі елорданы көру бір ғанибет. Түрлі – түсті шамдар ғажайып көркімен кімнің болсын назарын еріксіз аударады.

Өзім бұл шаһарда көп болмағанмен, жылына екі рет жолым түсіп тұрады. Осы желтоқсанның басында Астанаға ат басын бұрып, оның қазіргі сән-салатанатына таң қалдым.

Бас қаланың тұрғындарымен де сөйлесіп, олардың ой-пікірлеріне де айырықша көңіл бөлдім. Осы қаладағы Ұлы дала көшесі, 8-ші үйде тұратын Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, талантты жерлесіміз, белгілі қаламгер Асқарбек Бектемісовпен жүздесіп, көптен көкейде жүрген сауалдарыма нақты жауап алдым.

– Өзімнің осы шаһарда тұрғаныма біраз жылдардың жүзі болып қалды. Астана менің көз алдымда өсіп, көркейді. Әрине, бас қаланың осындай деңгейге жетуіне мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі айырықша дер едім, – деп бастады әңгімесін әріптесіміз.

Асқарбек Назарбекұлы негізі құрылысшы. Сондықтан, шаһарда тұрғызылған әдемі ғимараттарға, бүгінгі уақыт талабына сай келетін көп қабатты үйлердің сапасына жоғары баға береді.

Сұхбаттасым мен ол үйдегі жеңгеміз Майя жуырда ғана жаңа пәтерге көшіпті. Сондықтан оларға қазақы дәстүр бойынша құтты болсын айтып, ізгі тілегімізді білдірдік.

Ерлі-зайыптылар біздің өңірдің тумалары. Отағасы Асқарбек Жангелдин ауданынан болса, жеңгеміз Әулиекөл ауданында дүниеге келген. Қазір қос перзентінің қуанышына бөленіп, немерелерінің қызығын көріп отыр.

Осы сапарымызда өзге де біздің өңірде өсіп, Астанада ғұмыр кешіп жатқан үлкенді-кішілі қауымды да жолықтырып, оларды да әңгімеге тарттық.

Мысалы, осында пароходта қызмет атқаратын Қайрат жан сырын ақтара келіп:

– Мен де киелі Торғай жерінде ер жеттім. Осы шаһарда тұрып жатқаныма біраз мерзім өтті. Өздеріңіз де келгелі бері байқаған шығарсыздар, Астанада игі өзгерістер өте көп.

Астана – қазір жастар қаласы атанды. Өйткені, республикамыздың барлық аймақтарынан білім іздеп келген жігіттер мен қыздар осындағы жоғары оқу орындарының студенттері.

Сондай-ақ, жаңадан отбасын құрып, өзім секілді шаңырақ көтергендері де аз емес. Олар елорданың тұрғындары екендіктерін мақтан етеді.

Замандастарымыз түрлі салаларда жұмыс істеп, Астананың өсіп — өркендеуіне өздерінің лайықты үлестерін қосып жатыр. Олардың да арасында отбасылы болған соң, жаңа пәтерлерде қоныс тойларын тойлап жатқаны да жеткілікті.

Мен өте бақытты азаматпын деп есептеймін. Жалпы Астанада халықтың саны бұл күндері бір миллионнан асты. Еліміздің өңірлерінен келген бауырларымыз өздерін бір үйдің адамдарындай сезінеді, – деді.

Астананың көрікті жерлері

Елордамыз Астанаға жан-жақтан арнайы келген азаматтар бас сұқпай кетпейтін орындар да аз емес. Соларға да тоқталып өткенді өзімнің азаматтық парызым деп санаймын.

Мысалы, «Бәйтерек» монументін алайықшы, ол бас қаладағы сәулет өнерінің бірегей туындысы десек артық айтпаған болармыз.

Кейбір деректерге сүйенетін болсақ, Сәулетшілер Одағының халықаралық қауымдастығы өткізген байқауда беделді халықаралық қазылар алқасының шешімімен 2002 жылғы ең таңдаулы жоба және құрылыс ретінде таңдап алынып, Бас жүлдеге ие болды.

Алыстан көз тартатын монументтің өзіндік ерекшелігі бар. Ол 105 метрлік металл құрамасынан, салмағы 1000 мың тоннадан ауыр, бес жүзге жуық қададан тұрады екен.

Мәселен, Есіл өзенінің сол жағалауынан бой көтерген зәулім «Бәйтеректің» биіктігі – 97 м, диаметрі – 27м.Оның ең жоғарғы жағында «Аялы алақан » композициясы орын тепкен. Ұшар басында алтын шар орналасқан.

Кейбір мәліметтерге қарағанда, арнайы шынылармен әйнектелген «Бәйтерек» күмбезінің салмағы 70 тонна. Міне, осыларды көрген адамдардың үлкен әсерге бөленіп, ұзақ уақыт жадыларында сақталары ақиқат.
Сонымен қатар алыс-жақыннан келген кісілер Тәуелсіздік сарайына да бет бұрады. Ол да елордамыздың көркіне көрік қосып, барша қауымның назарын өзіне аудармай қоймайды.

Кезінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл орынның тұсауын ресми түрде кескен еді. «Тәуелсіздік сарайы» еліміздің басты мерекесі болып табылатын Тәуелсіздіктің 17-ші жылы қарсаңыңда шаңырақ көтергендігі баршаға мәлім.

Осы жерде бір мезгілде 4000 мыңға жуық адам сыйып кететін жиналыс залы бар. Үлкен зал кез-келген халықаралық дәрежедегі басқосулар мен конференцияларды ұйымдастыруға таптырмайтын орын десек қателеспейміз.

Ал, екінші қабатта өнер мұражайы орналасқан. Сонымен қатар, Тәуелсіз Қазақстанның тарихына жасалған шағын дерекнаманы да көресіз. Ол жерден тың мағлұматтар тауып, ой – өрісіңізді кеңейтеріңіз даусыз.

Елордамызда тағы бір сәулет өнерінің ғажайып туындысы ретінде Бейбітшілік және Келісім сарайын да ерекше атап өтуге болады. Оны кейбіреулер «Пирамида» деп те атайды.

Кейбір мәліметтерге сүйенсек, аталған сарай 2006 жылы 2 қыркүйекте салтанатты түрде ашылған. Бұл ғимаратты сонау бір жылдары ағылшын архитекторы Норман Фостердің жобасымен «Сембол Иншаат» деп аталатын түрік құрылыс компаниясы тұрғызған-ды.

Осынау Бейбітшілік және Келісім сарайында Қазақстан Халықтары Ассамблеясы, Ұлтаралық және Дінаралық келісім орталығы, мұражай және басқа да рухани жан дүниеңді байытатын орындар бар.

Біздің ұлтымыз ежелден ән-күйді, жыр мен басқа да мәдениет пен өнерімізді қадір тұтқан. Бас қаламызға келген қадірлі қонақтар міндетті түрде «Астана Опера» театрына соқпай кетпейді.

Бұл өнер ордасы да мемлекет басшысының тікелей қамқорлығымен тұрғызылды. Қазір онда көптеген өнер тарландары қызмет атқарады.

Кезінде осы театрдың шымылдығы қазақтың атақты композиторы Мұқан Төлебаевтың «Біржан -Сара» спектаклімен ашылып, көрермендерді үлкен қуанышқа бөледі.

«Астана Операның» бас сахнасының көлемі — 935 шаршы метр екен. Бас сахнаның ені 21 метрді, ал тереңдігі 59 метрді құрайтын көрінеді.

Аталмыш өнер ордасының залына 1250 көрермен сияды. Қадірлі бауырлар, өздеріңіз де теледидардан көріп, баспасөздерден оқып жүрген боларсыздар. Әңгімеге өзек етілген театр әлемдегі ең үлгілілердің қатарына жатады.

Астанаға жолы түскен ағайындар «Астана Аренаға» да атбасын бұрады. Өйткені, ол халықаралық стандарттарға сай салынған айрықша нысандардың бірегейі.

Осынау бірден көзге түсетін жаңа кешен негізінен футбол матчтарын өткізуге бағытталғаны айдан анық. Онда өзге де ірі спорт және мәдени шаралар да өткізіледі.

Аталған жердегі жасанды көгал көмкерген алаңның ұзындығы – 105 метр, ені – 68 метр. Стадионның 20 минутта ашылып – жабылатын төбесі жылдың кез-келген мерзімінде ойынды тамашалауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ құшағына 30 мың көрерменді сыйдыра алатын ғимарат 2009 жылдың шілдесінде ашылған еді. Содан бері де арада біраз жылдар өтті.Бұл күндері де Қазақстандағы мақтаулы стадиондардың бірегейі.
Еліміздегі үлкенді-кішілі қауымның бәрі де Астанадағы «Нұр Әлем» павильонын жақсы біледі. Ол өткен жылы «Экспо-2017» халықаралық көрмесі қарсаңында ашылған еді.

Оның диаметрі – 80 метр, ал биіктігі – 100 метр. Кейбір мәліметтерге назар аударатын болсақ, «Нұр Әлемнің» құрылысына 13000 тонна металл кетіпті.

Былтыр өзіміз де арнайы барып, ішін аралып көрдік. Бұл да болса, қазақ елінің егемендік алған жылдары қол жеткен жетістіктерін айғақтай түсетін орын екені айтпаса да түсінікті болар.

Тәуелсіздік алған жылдары елордамызда қаншама мешіттер салынды. Солардың ішіндегі еріксіз көзге түсетіндерінің бірі – «Әзірет Сұлтан» мешіті.

Осынау бауырларымызды имандылыққа ұйытып отырған қасиетті мекенде де болдық. Залдары өте кең, асханасы да бар. Елордамызға арнайы жолы түскен қандастарымыз жұма күндері намазға жығылса, діни мерекелерде әруақтарға Құран бағыштап жатады.

Сондай-ақ шырайлы қалада болған кісілер «Сарыарқа» велотрегі және «Барыс Арена» мұз сарайына да табан тірейді. Аталған жерге келген азаматтарды ондағы қызметкерлер жылы жүзбен қарсы алып жатады.

Осы аталғандармен қатар, өңірлерден сапарлатып келген жұртшылық «Қазақстан» концерт залына да бағыт ұстайды. Себебі, осынау руханият ордасы Еуразия көлеміндегі сәулеті мен әсемдігі келіскен өнер ошақтарының бірі болып табылады.

Бұл концерт залы 2009 жылы 15 желтоқсанда яғни Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында салтанатты түрде есігін айқара ашқан еді. Соны өз көздерімен көрген астаналықтар әлі күнге дейін ауыздарынан тастамай айтып жүреді.

Үстімздегі жылы өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өткен елордамыз Астанадағы көпшілік қауым жиі бас сұғатын жер «Хан шатыр» сауда, ойын-сауық орталығы екендігі белгілі. Ол дүниежүзіндегі шатырлы ең биік ғимарат ретінде Гиннес рекордтар кітабына енгені баршаға аян болса керек.

Шынында да, «Ханшатыр» – алып мөлдір шыныдан жасалған әлемдегі ең ірі шатыр. Ол 2010 жылы қала күніне орай 6 шілдеде пайдалануға берілді.

Бұл қалың қауымның игілігіне арналған орын астаналықтар мен қала қонақтарына әмбебап дүкені, отбасы саябағы, мейрамханалар, кинотеатр, спорт залдары және басқа да орындарымен жақсы таныс.

Айта берсек, басқа да таным көкжиегін кеңейтер орындар жеткілікті. Мысалы, Оқушылар сарайының өзі бір бөлек әңгіме. Оны әлемде баламасы жоқ, айрықша ғимарат ретінде де білеміз.

Осы қаланың байырғы тұрғыны, Қостанайлық бауырымыз Талғатбек Бапақовтың сөзіне қарағанда, елордамыз Астананың болашағы жарқын, халқы еңбекқор, жастары ұйымшыл.

Сөз соңында айтарымыз, Астана өзінің шырайлы келбетімен әрқашан да қыыазақ елінің мәртебесін биікке көтере береді. Оған сеніміміз мол.

Оразалы Жақсанов

Администратор сайта

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись