Ерлан Омаров: «Мен бәйге аттарын  пайда көру үшін ұстамаймын»

Ерлан Омаров: «Мен бәйге аттарын пайда көру үшін ұстамаймын»

Саятшылық пен атбегілікті қатар алып жүрген әлем чемпионымен сұхбат


Қазақ күресінен әлем чемпионы, бірнеше байрақты бәсекелердің жүлдегері қостанайлық балуан Ерлан Омаров ат баптап, саятшылықпен де айналысады. Ол бізбен сұхбатында бүгінде ұмыт қалып бара жатқан аңшылық дәстүрдің қыр-сыры, бәйге атын баптаудың тәсілдерімен бөлісті.

— Сіздің балуандықтан бөлек, ит жүгіртіп, ат баптайтын өнеріңіздің барын естідік. Осынау ата кәсіпке қалай келдіңіз?

— Бала жастан жылқыға да, итке де жақын болдым. Әлі есімде, үйде жеті-сегіз итке дейін асырадық. Бәйгеге шауып, асау үйрету біз секілді ауыл баласына еш таңсық емес шығар. Аудандық бәйге жарыстарынан қалмай жүретінбіз. Балалық арман алысқа жетелейді ғой, қазір қалаға жақын тұрсақ та, жылқыдан ажырап кете алмадым. Қазақ – қашаннан мал баққан ел. Бұрыннан қызығушылығым бар, десе де, соңғы үш-төрт жыл көлемінде жылқының асылын ұстап, саятшылық құруды қолға алдым. Қолда 3 бәйге аты, 10-нан аса тазы ит бар. Жақында Жамбыл облысының Қордай жерінен тағы бір бәйге атын сатып алдым. Шынымды айтайын, мен бәйге аттарын пайда көру үшін ұстамаймын. Ата дәстүрін жалғастыру үшін ғана баптаймын. Ол үшін маған ешкім ақша төлемейді.

Керісінше, ат баптау мен итті күтудің шығыны көп секілді.

— Тазыны күтіп-баптау туралы айтыңызшы. Мәселен, бір итті асырау үшін бір аптада қанша ет жұмсалады?

— Тазы – иттердің ішінде талғампазы, ол басқалар секілді кез-келген тамақты жей бермейді. Қарны аш болса да, аштығын білдірмейтін төзімді жануар. Оны баулудың қатып қалған қағидасы жоқ. Нақты мұнша келі ет кетеді деп айта алмаймын, дегенмен, зиянсыз тағамдарды беруге тырысамын. Сондай-ақ, ертеректен қойлы ауылдың адамдары тазыны күшік кезінен малға үйірсек еткен. Осы арада мына оқиға есім түсіп отыр: кішкентай кезімде анам 15 сиырға дейін сауатын. Мен солардың бесеуін жасырынып барып, өзім сауып аламын да, сүтін иттеріме беретінмін. Сосын шешеме «бес сиыр еміп қойыпты» деп өтірік айта салатын едім.

Түсінгенім, жеті қазынаны адамның досы деп бекер айтпаған. Ол адамның мінезін бірден біледі. Тіпті, ас-ауқатты қандай көңіл-күймен ұсынғаныңа дейін сезеді. Алдына жеңсігін қояр кезде орынсыз айқайлап, дауыс көтеруге болмайды. Тағы бір айта кетерлігі, тазыны аң қағуға салмас бұрын бірнеше күн дала бастырып, жүгіртіп, тынысын ашу қажет. Егер де тазы жүгіріп келген соң табаны ысып тұрса жақсы емес. Бұл тазының іш майы әлі кетпеді деген сөз. Ондай жағдайда итті күн аралата жүгіртіп, майын кетіреді. Күн райы тым суық болмаса даланың ағынды суына шомылдырған дұрыс. Тазыға тамақты денесі суыған соң берген абзал.

— Аң аулауға қаншалықты жиі шығып тұрасыз?

— Негізінен, аңға шыққанда да мылтық ұстамаймын. Оның сыртында, қазiргi кезде аң мен құс белгiлi жүйеге келтiрiлген заңдылықтың негiзiнде ғана ауланады. Ал халқымыздың өткен дəуiрлерінде осы сияқты көптеген ережелерді сақтағаны белгілі.

Мысалы, олар айдын-көлдегi балапан ерткен үйрек-қаздарды, жапан даладағы лағы бар киiктi, ақбөкенді, тағы басқаны атпаған. Өз басым тек атқа мініп, тазы жүгіртіп, саятшылық құрғанды жақсы көремін. Қазақ халқының саятшылық өнері туралы Абай атамыз керемет суреттеп берген «Қансонарда» өлеңін бәріміз де жаттап өстік қой. Бәрінен де алғашқы қарда тазымен аң алған ғанибет қой! Көбіне, облыстың оңтүстік аудандары – Аманкелді, Жанкелдин аудандарына, одан қалды, Қарабалық жаққа шығып тұрамыз.

Иттерімді өзіммен ала барам да, сол жақтан жігіттер күтіп алады. Қазір сол аудандардағы достарыма өзімнің тазыларымды беріп тұрамын. Тазы иттің бір қасиеті – үнемі қырағы, қозғалыста жүреді. Былайша айтқанда, жалқаулықты жек көреді.

— Қалаға жақын маңдағы ауылдар болсын, иен асып, салбурын жасап тұратын шығарсыздар. Бұдан бөлек, қазақылықтың исін аңқытар өнер – саятшылықты насихаттау, оны іс жүзінде көрсету әсіресе Қостанай жерінде жетіспей жатыр. Осы мәселеге қатысты әлдебір басқосулар өткізу жоспарда бар ма?

— Расын айту керек, қала қазағы мұны қабылдап үлгерген жоқ. Саятшылық дәстүр сырт қалып бара жатыр. Осыған алаңдаймыз.

Біздің ауыл-ауылды аралап, ата дәстүрден ажырап қалмаудың қамын жасап жүргеніміз де сондықтан. Аңқұмар жастар болғанымен, көбі қолдарына мылтық алып, темір көлікпен дала тағысын қууға асығып тұрады. Осы ретте ат мініп, саят құру туралы әңгіме айту артықтау. Алайда, дәстүрдің жаңғыртылмауы бізге сын. Аға ұрпақтың аманатын жеткізу – басты міндет. Жастарды саятшылыққа қалай қызықтыруға болады? Бұл сұрақ бәріміздің көкейімізде тұр. Рас, таза ауада атпен шауып, аң қуғанның денсаулыққа пайдасы зор екенін айту – біз іздеген жауаптың бір нұсқасы. Үйде отырып қалсаң, смартфон, теледидар, компьютерге байланасың. Жылқыға мінген адамның барлық мүшесі қозғалысқа түседі. Ол – табиғи шынығу. Миың тынығады. Барлық клеткаң істейді. Кез-келген ортада өзіміздің бауырларымызға ұлттық өнердің құндылығы туралы айтып отырамын. Қыран құс ұстау – ойымда жүрген дүние.

Бірқатар құсбегілермен осы жайында сөйлесіп те жүрмін. Оған әзірге бармай отырған себебім, бүркіттің бабы өте қиын. Жүйрік ат шаптырып, алғыр тазы жүгіртіп, қыран бүркіт салған қазақта не арман бар! Міне, жас буынға осыны мықтап тұрып түсіндірсек, ата дәстүрден ажырамаймыз.

— Тазы итпен қасқырға түсіп көрдіңіз бе?

— Менікі әзірге аң аулауға деген қызығушылық қой. Негізі, алдыңғы жылы өзім аңшылардан тірі қасқыр сатып алдым. Соны асырадым. Содан күздің бір күнінде қасқырға тазы салып, салбуырын жасайық деп, қала сыртында ит ұстап отырған жігіттерге хабар айттым. Өңірден жиырманың сыртында тазы шықты. Қасқырды шабылған егін алқабына апарып қоя бердік. Сонда әлгі жыртқышқа үш-ақ тазы түсті. Соның екеуі – менің Арлан деген тазыммен оның 8 айлық күшігі Қарабарыс. Тағы бір досымның

Көксерек деген тазысы қарсы тұрды. Соның өзінде жай ғана жұлмалаған болды да, қарекет қыла алған жоқ. Қанша дегенмен, бөрінің мысы басады ғой.

— Саятшының бір серігі тазы болса, астындағы аты да сай болуы тиіс. Ал атбегілер бәйге атын құлын күнінен таңдап баптайды дейді. Аталарымыз атты ақжіліктендірмей сапқа қоспаймыз деп жатады. Осыны түсіндіріп берсеңіз. Бәйге атын баптаудың нақты тәсілдері бар ма?

— Негізі, бәйге тұлпарын қанжілік қып шаршатпай, бабымен бағады. Құнан шыққанда қолтығын жаздырып, жер таныту үшін құнан бәйгелерге қосып шабысын байқайды. Мұнымен қоса, бәйге атының терін алу өз алдына бөлек әңгіме. Ат баптауда оны әр күні аяңдатып, желдіріп, тұла бойын ауырлатқан ащы терін шығарып, бабына келтіреді. Көпті көрген атбегі ағалар аттың терін алғанда саусағымен сылып, дәмін татады. Тердің түсі мөлдір су сияқты, бөтен дәмі болмағанда ащы тері шығарылды деп бағалайды. Бұл оның бабына келіп, бәйгеге қосуға жарайтынын білдіреді. Бәйге атын қажетті мезгілде көкке аз аунатып, күйі қалыпты болғанда көк тістетпеген жақсы. Арғымақты көбіне құрғақ шөппен бағады. Атбегілер жүйрік шығатын жылқыны жілік майына дейін семіртеді, мұны ақжіліктендіру деп атайды.

— Уақыт тауып, ой бөліскеніңізге рахмет!

 

Өз тілшімізден

Суретті түсірген автор

Редакция НК

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись