Іскерлігімен танылған қазақ қызы

Іскерлігімен танылған қазақ қызы

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын мақаласы еліміздің барша азаматтары тарапынан қолдау тапты.
Оны мұқият оқып, өмірде басшылыққа алып отырған жастардың арасында Қостанайлық жас кәсіпкер Зарина Көкжанова да бар. Төменде осынау іскер жерлесімізбен арадағы сұхбатты көпшілік назарына ұсынып отырмыз.
– Зарина Гусманқызы, бүгінгі күні жұртшылық сізді «Жас Атамекен» жас кәсіпкерлер клубының басшысы ретінде жақсы таниды. Алайда, сіздің өмір жолыңыздан бейхабар. Әңгімемізді осыдан бастасақ?
– Мен 1988 жылы 29-наурызда Қостанай облысының Алтынсарин ауданы Большая Чураковка ауылында дүниге келдім. Отбасында әкем, мен, анам және сіңілім бар. Өзімнің шаңырақ көтергеніме 7 жыл толып қалды. Қазір бір ұлымызды тәрбиелеп жатырмыз.
Жалпы, ата-анам қарапайым жандар. Анам медбике, ал әкем жүргізуші. Өзім дүниеге келген соң әкем қаладан үй сатып алып, Қостанай шаһарына қоныс аудардық.
Сөйтіп, балабақшаға бардым, содан кейін, орта мектепті ойдағыдай аяқтадым. Содан соң, мемлекеттік грант бойынша Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқып, «Шетел филологиясы» мамандығын алып шықтым.
Сонда білім алған төрт жылда қоғамдық жұмыстарға белсене атсалыстым. Волонтер ретінде де көптеген конференцияларға қатысып, ұйымдастырушылық қабілетімді шыңдадым.
Әу бастан ағылшын және неміс тілдеріне қызығатынмын. Сол себептен де, осы тілдерді бір кісідей меңгеріп шықтым. Соның арқасында, шетелдік қонақтармен өткізілетін жиындарда ұйымдастырушы, аудармашы және гид болып та жұмыс істедім. Сондай жиынның бірі 2010 жылы елордамызда өткен ОБСЕ форумы еді.
– Сіздің балалық шағыңыз өте мазмұнды өткен болар. Өзіңіз мектепте қалай оқыдыңыз?
– Мектепте оқып жүрген кезімде де мен өте белсенді оқушылардың бірі болдым. Жастайымнан түрлі үйірмелерге қатысып, білім ордасындағы театрда қаншама рөлдерді сомдадым. Жұртшылық алдында қысылмай сөз сөйлеп, ойымды еркін жеткізе білуіме сол кездегі шақтардың орны ерекше дер едім.
Сонымен қатар, олимпиадаларда бағымды сынап, жүлделі орындарды иелендім. Ұстаздарымның ықпалымен ғылыми жұмыстарда да көзге түстім.
Алайда, бір тоқтала кетер жай, осы уақытқа дейін бір рет болса да, арулар байқауларына қатысқан емеспін. Әрине, оған ешқандай өкінішім жоқ.
Ал, кішкентай Заринаға келсек, ол өте білімді, зерек қыз болды. Сабақты жақсы оқыды. Кейде, көздегендей баға ала алмай қалсам, өзіме-өзім кәдімгідей ренжіп қалатынмын. Бірақ, кейін бестік алған шақта оның бәрі де лезде ұмытылып кететін.
– Жалпы, өмірде жар және мамандық таңдауда қателеспеу керек деген тәмсіл бар. Әрбір қыз бала мектепті аяқтамас бұрын болашақ мамандығы жөнінде жүз ойланып, мың толғанады. Сіз кім болуды армандаушы едіңіз?
– Шынымды айтсам, мен ешқашан шет тілдерінің маманы боламын деп ойлаған емеспін. Бала кезден қара қылды қақ жарған заңгер атанғым келетін. Осы мамандыққа деген ынта-ықыласымды оятқан гимназияда «Қоғамтану» пәнінен дәріс берген мұғалімім Ирина Яковлевна еді.
Бұл кездері мен әлі оң-солын танымаған 9-сыныптың оқушысы болатынмын. Ол кісінің әрбір сабағында еліміздің Ата Заңы, басқа да адам құқықтары жайлы тақырыптар өткізілетін.
Неге екенін білмеймін, сол пән өзіме өте ұнайтын. Бойымдағы қызығушылығымды байқаған болар, ол бірде маған үлкен сенім артып, қалалық олимпиадаға қатыстырды.
Сөйтіп, бағымды сынап көрдім. Нәтижесі жаман болған жоқ. Екінші орынды иелендім. Содан соң, облыстық кезеңде жүлделі бірінші орынды жеңіп алдым. Сол сәттен бастап бұл менің көксеген мамандығым екенін толық ұғындым.
Осы сұхбатымда айтып өткендей, елордамыздағы Еуразия ұлттық университетін аяқтасымен, Қостанайға оралдым. Сөйтіп, мемлекеттік грантпен заңгерлік жоғарғы білім алдым. Артынша осы сала бойынша магистр дәрежесін де иелендім.
– Өзіңіз әу баста кәсіпкерлікке қалай және қашан ден қойдыңыз? Енді соған тоқталып өтсеңіз?
– Кейде айналамдағы кісілер: «Сен неге Астанада қалмай, Қостанайға оралдың?» деген сауалды қояды. Әрине, еліміздің бас қаласында да қалуға болар еді. Бірақ, мен туған жерге туыңды тік деген қағиданы берік ұстандым.
Сондықтан, ең алдымен еңбек жолымды өңірдегі облыстық әкімдіктің ішкі саясат басқармасынан бастағанды жөн санадым. Алайда, жұмыс тәжірибем аз болғандықтан, Затобол кентінде қызмет атқаруыма тура келді.
Ең бастысы, бұл жұмысқа өзімнің адал еңбегімнің арқасында орналасқанымды әлі күнге дейін мақтан етемін.
Сол кездегі менің іскерлік қасиетім жоғарыдағыларға ұнаған болу керек, көп өтпей облыстық әкімдікке шақырту алдым. Осында бөлім басшысына дейін көтерілдім.
Әрине, мұнда келген соң уақытпен санаспай еңбек еттім. Бірақ, кейін өзімнің бойымдағы қабілетімді сынап көру үшін кәсіпкерлікке бел будым. Бұған әрине үй іші қарсы болды. Дәл сол кездері «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ашылып жатқанын естіп, сонда өз түйіндемемді қалдырғаным есімде.
Мұндағы кісілерге де менің білімім мен іскерлік қасиеттерім жақсы әсер қалдырған болуы керек, көп өтпей, сол кәсіпкерлер палатасына қызметке алындым.
Жалпы, кәсіпкерліктегі алғашқы қадамым осылайша басталды. Ондағы қолға алған ісім – кәдімгі тісті ағартуға байланысты ашылған студия-тын. Уақыт өте, басқа салаға ауыстым.
– Кәсіпкерлік айтуға ғана жеңіл болғанымен, оның да өзіне тән қиындығы мен қуанышы қатар жүреді емес пе? Әңгіменің орайы келгенде, болашақта өзінің бағын сынап көргісі келетін жастарға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
– Әрине, бастапқыда маған да оңай болған жоқ. Бәріне де уақыт керек. Шындап қолға алған адам барлық қиындықтарды да жеңеді. Сондықтан, ең бастысы таудай талап, терең білім, содан соң намыс бойыңнан табылса болғаны.
Кәсіпкерлікке адамдардың көп келмейтінінің бір себебі, шығынға белшесінен батып қаламын ба деп қорқатын секілді. Сондықтан, кейде тәуекелге де бел буған жөн. Өзім солай еттім. Қазір аяққа нық тұрдым.
– Сондай кәсіпкерлікті бастағанда сізге кімдер қолдау көрсетті? Егер айып болмаса, осы жайлы да бірер сөз?
– Сауалыңыз өте орынды. Сондай бұрын ұйренбеген кәсіпкерлікті қолға алған кезімде маған ғұмырлық серігім, яғни отағасы өзінің қолдауын көрсетіп, жанымнан табылды.
Ол маған әрдайым: «Зарина, алды-артыңа қарама. Тек қана өзіңнің білімің мен адал еңбегіңе сен„ деп қанаттандырып отырды. Соның арқасында, талай асуларды бағындырғанымды сезбей де қалдым.
– Қазіргі таңда қандай нақты іспен айналысып жатырсыз?
– Өздеріңізге белгілі, «Жас Атамекен» жас кәсіпкерлер палатасындағы жауапты жұмысымды қоғамдық негізде атқарамын. Ал, өзімнің жеке айналысатын шаруаларым да бар. Оның біріншісі, күзет агенттігі, содан кейін, Қостанай және Қарағанды қалаларындағы балет мектептері.
– Былтыр сіз 8 наурыз мерекесі қарсаңында бір топ қыз-келіншектердің қатарында Елбасының қабылдауында болдыңыз. Алған әсеріңізбен бөлісе кетсеңіз?
– Оған бармас бұрын, Президенттің әкімшілігінен хабарласып, менің қатысатыным жайлы айтты. Әрине, сол кезде қуанышымда шек болған жоқ. Бұл да менің өмірімдегі ең бір айшықты сәттердің бірі еді.
Мемлекет басшысы өте жылы қарсы алды. Өзінің бізге жүрекжарды лебізін білдіріп, алдағы уақытта да атқарып жатқан жұмыстарымызға табыс тіледі.
– Енді алға қойған мақсаттарыңыз бен жұмыс жоспарларыңыз жайлы әңгімелеп берсеңіз?
– Алда жүзеге асырсам деген мақсатым да баршылық. Оның бірі Қазақстан бойынша балет мектебінің желісін ашу. Содан кейін, қазіргі қоғамдық жұмысымды барынша жандандырсам деймін. Өйткені, оның келешекте кәсіпкерлікпен айналыссам дейтін жастарға берері өте мол.
– Өмірлік ұстанатын басты қағидаңыз жайлы да білсек. Соның да орайы келген секілді?
– Әрине, әрбір адам бұл өмірде тек қана өзінің ақыл-парасатына, білімі мен білігіне ғана сүйенеді. Менің де ұстанған қағидаларым баршылық. Ол ең алдымен бастаған ісімді соңына шейін жеткізу. Содан соң, қол жеткенге тоқмейілсімеу.
Әкем кезінде маған «Қарағым, қиындықсыз ештеңе жоқ. Сондықтан, ешқашан да мойыма. Қайсарлық таныт. Сонда ғана көздегеніңе жетесің» деп отыратын. Осы сөзді мен әлі күнге дейін бойтұмардай ұстанып келемін.
Сондай-ақ, өткен кезеңдерде қиындықсыз рахат жоқ екендігіне көзім жетті. Мына тіршілкте өзіңнің адал еңбегіңмен тапқан табыстың жөні бөлек. Сондықтан, әркім өзінің жұмысының игілігін көріп жатса, ол да бір ғанибе емес пе?
– Сіз өмірдегі ең қымбат нәрсе жайлы не айтар едіңіз?
– Алдымен, ата-бабаларымыз айтып өткендей, денсаулық дер едім. Сондықтан, барлық замандастарым мен құрбыларыма денсаулықтарыңа жас кездеріңнен бастап айрықша назар аударыңдар дер едім.
Қазіргі таңда бос уақытты салауатты өмір салтын жандандыруға арнаған абзал. Таза ауада серуендеп, табиғаттың аясында демалғанға не жетсін? Халқыма тілерім олар қашан да аман-сау болсын. Жастарға айтарым, адамға өмір бір-ақ рет беріледі. Оны барынша мазмұнды да мағыналы өткізіп, тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы үшін қызмет еткендері жөн дер едім.
Елбасы жігіттер мен қыздардың тиянақты білім алып, қызметтерін адал атқаруларына барынша көңіл бөліп отыр. Жыл сайын шетелдерде „Болашақ„ бағдарламасы бойынша оқуға қаншама қаражат бөлінеді.
Мемлекет басшысының осы жасап жатқан қамқорлығына сай білім алып, туған жеріне қызмет ету әрбір азаматтың, яғни бозбала мен бойжеткендердің басты парызы дер едім.
– Әңгімеңізге рахмет! Алдағы уақытта кәсіпкерлікте табыстан-табысқа жете беріңіз.

Әңгімелескен
Жамал ШАУКЕНҚЫЗЫ

Редакция НК

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись