Бүкіл ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған Қалиақбар Балтабаев жайлы толғаныс
Ауылын алтын бесікке балады

Өзіме биыл Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, Қостанай өңірінде қызмет атқарғаныма отыз алты жыл болады екен.
Былай қарасаң, бұл аз мерзім емес. Бір қылшылдаған жігіттің ғұмыры іспетті. Міне, осы кезең ішінде талай жаны жайсаң азаматтармен жүздесіп, олардың елі мен халқына сіңірген еңбектері жайлы қалам тарттым.

Әрине, олардың бірқатары қазір арамызда жоқ. Алайда сол аға буын өкілдерінің есімдері ешқашан да ұмытылмайды. Солардың бірегейі бүгін әңгіме арқауына айналып отырған Қалиақбар Балтабайұлы Балтабаев еді.

Оның қайтыс болғанына біраз жылдар өтті. Ол өзі араласып-құраласқан азаматтардың жүрегінде мәңгілік сақталары хақ. Себебі, ол осындай құрметке шын мәнінде лайықты-тын.
Жүзінен жылы шуақ шашып, айналасындағыларға мейірімін төгіп тұратын тұлға 1928 жылы 8 ақпанда Қостанай облысының Ұзынкөл ауданына қарасты Итсары деп аталатын елді мекенде дүниеге келіп, бүкіл өмірі сонда өтті.

Осы қасиетті ауылды өзінің алтын бесігі деп есептеді. Егер әлгі аталған елді-мекен жайлы сөз болса, былайғы жұрт: «Ол қадірлі Қалиақбардың кіндік қаны тамған жері ғой» дейді.

Итсарыда шынында да кіл қазақтар тұратын қасиетті мекен ғой. Өйткені, бұл жерден де қазақ халқының мақтанышы болатын қаншама азаматтар тәрбиеленіп шықты. Олардың арасында білімімен әлемге танылған академиктер де, полковниктер де, дәрігерлер де және басқа да кәсіп иелері түлеп ұшты.

Құтты қоныстан жас ұрпаққа сапалы білім берген ұстаздар қаншама. Оларды санасаң саусағың жетпейді. Бүгін тілге тиек етіп отырған Қалиақбар Балтабайұлы да нағыз адам жанының білгірі. Ұстаздың ұстазы еді.

Ол бір үйдің жалғыз ұлы болды. Сондықтан қартайып қалған ата-анасының жанынан табылып, оларды бағып-қағып, өзінің перзенттік парызын өтеді. Әке-шешесінің бір сөзін екі етпеді. Өмір көрген кісілердің ақ батасын алып, ұрпақ сүйді.

Өзі жетпеген биікке оқыған шәкірттері мен ұл мен қыздарым жетсе екен деп армандады. Оның осы көксеген мақсаты да жүзеге асқан секілді. Оған осы мақаланы жазу барысында тағы да тоқталатын боламыз.

Меңдіқара училищесінің дарынды түлегі

Ауылда өскен қазақтың қара баласы кішкентайынан зейінді болды. Әсіресе, есеп-қисапқа жүйрік еді. Сонысымен де сыныптастарының арасында үнемі дараланатын.
Елді-мекенде қалып, қадірлі ата-анасына қамқорлық жасаған ұл алдымен сол кездегі республикамыздағы ең беделді оқу орындардың бірі яғни педагогтардың қара шаңырағы атанған училищеге түсті.

Өзі секілді жан-жақтан жиналған ұлтымыздың ұл-қыздарымен бірге дәріс алып, мұғалімдік мамандықты терең игеруге талпынды. Замандастары арасында математиканы пістеше шағатын. Сондықтан үнемі көзге түсетін.

Оқу орнын аяқтар сәт те келді. Содан өзінің туған жеріне оралып, қызметін жалғастырды. Ол кезде бұл білім ордасы Бірлік орта мектебі деп аталатын.

Қостанайдан Петропавл қаласына барар үлкен жолдың оң жақ бетінде 6 шақырымдай жерде орналасқан елді-мекен сонадайдан көз тартады.

Негізінде бұл ауылды Итсары деп атайтындығы рас. Қазір де солай. Елді-мекеннің тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Сонымен қатар аграрлық облыс болғандықтан жергілікті азаматтар бітік егін өсіріп, күзді күндері астықты шашау шығармай жинап алуға тырысады.

Міне, осы жергілікті бауырларымыздың арасында үлкен беделге ие болған ол ұстаздық қызметтің шыңына көтерілді. Қатардағы мұғалімнен білім ордасының директорына дейін өсті.

Өзі өте қарапайым болатын. Әріптестерімен де сыйласты. Сол ауылдағы Ғайса, Жанәбіл, Иса және басқа да ұстаздар мұны өте қадірледі. Өйткені, басшы екенмін деп ешкімге қиянат жасаған жоқ. Бұл әрқашан да әділдік жағында болды. Қолынан іс келетін адал да білімді жастарды үнемі қолдады.

Оның шәкірттерінің арасында математика пәнінен үлгірмеушілер деген мүлдем болмады. Себебі, әр дәріс барысында сыныптарда кәдімгі ұшқан шыбынның ызыңы естілердей тыныштық орнайтын.

Әрбір сабаққа елу жылға жуық ұстаздық қызмет етсе де тыңғылықты дайындалатын. Түннің бір уағына дейін үйдегі шырақтың шамы сөнбейтін. Ол өткен өмірінде ұстаз шәкіртіне қай жағынан болсын өнеге болуы керек деген қағиданы берік ұстанды.

Айтулы азаматтың ішкі мәдениеті өте жоғары-тын. Әріптестерінің сөйлеген сөзі, киген киімдері, адамгершілік қасиеттеріне ерекше назар аударатын. Өйткені, педагогтың ары да, жаны да таза болуы керек деп есептейтін. Өзі өмір бойы осы пікірде болды.

Қолынан қаламы түспеді

Оның киелі шаңырағында болған адам бірнеше кітап сөрелерін көреді. Онда кешегі Кеңес Одағы кезінде жарық көрген он үш томдық энциклопедиядан бастап, қазақ әдебиеті классиктерінің туындылары бірден назарыңызды аударады.

Қалиақбар Балтабайұылының рухани жандүниесі бай адам екендігін онымен аралас-құралас, сыйлас болған адамдардың бәрі де жақсы біледі.

Себебі, ол сапарға жиі шығатын. Алматы немесе басқа үлкен қалаларға барғанда алдымен кітап дүкендеріне соқпай кетпейтін. Ол қазақ жазушылары арасынан Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабековтың, Оралхан Бөкеевтің, Дүкенбай Досжановтың шығармаларын әрдайым аса бір құштарлыпен оқитын.

Бөлімшеде жүзге тарта үй болды. Ол осы жердегі партия ұйымының хатшысы ретінде де талай бастамаларды көтерді. Аса маңызды тақырыптарға жиналыстар өткізіп, жерлестерін үнемі жасампаздық еңбекке үндейтін.

Жоғарыда біз оның кітапқұмарлығын босқа айтқан жоқпыз. Көп оқығаннан ба, ой-өрісі кең, тілге шешен әрі жан-жақты азамат-тын. Ол облыстық «Қостанай таңы» газетінің тұрақты оқырманы ғана емес, авторы да болды.

Оның жазған хабар әрі мақалалары арқылы күллі қандастарымыз қасиетті ауылдағы күллі жаңалықтарды біліп отырды. Өзі де бұл басылымға ерекше құрметпен қарады. Ауылдағы сол кездегі хат тасушы Жомарт аға екеуі аталған газеттің жұртшылық арасында кеңінен таралуына айрықша көңіл бөлді.

Ол республикаға белгілі газет-журналдарды үйіне алып ғана қойған жоқ, құтты қоныстағы жігіттер мен қыздардың үнемі жаздырып алуына да назар аударды.

Оның алдынан дәріс алған шәкірттерінің көбісі бұл күндері есімін ел таныған беделді азаматтар. Осы орайда полиция полковнигі Қабдуәли Көдебаевқа ерекше тоқталар едім. Өйткені, ол да ұстазын әлі күнге дейін сағынышпен еске алып, тәлімгерінің азаматтық, іскерлік және ұйымдастырушылық қасиеттерін айтудан ешбір жалықпайды.

Тәлімгерінен тиянақты білім алған Қабдуәли алдымен Қостанай педагогикалық институтын тәмәмдады. Содан кейін заңгерлік мамандықты да сырттай бітірді. Ұзақ жылдар бойы полиция саласында жұмыс істеп, өңірдегі беделді офицерлердің бірі болды. Қазір құрметті демалыста.

Ардақты ұстазды қадір тұтқан тағы бір тұлғаны ерекше атап өткім келеді. Ол да полиция полковнигі Ахметжан Жетпісбаев. Екеуі өте сыйласты. Сондықтан да болар, оның есімі аталса, мұның жүзіне нұр үйіріліп, өзінің ізгі ілтипатын білдіріп жатқаны.

Отбасының нағыз тірегі еді

Қалиақбар Балтабайұлы Меңдіқара педагогикалық училищесін тәмәмдаған соң уақыт өте жоғары білім алды. Адал еңбегі үшін халық ағарту ісінің үздігі атағына ие болды. Одан басқа да алған Құрмет грамоталары мен марапаттары аз емес.

Оның нағыз парасатты жанға тән қасиетін ұлтымыздың біртуар перзенті, ғылым докторы, профессор Тілеміс Мұстафин Алматыда болған бір жүздесуімізде: «Қазақтың ежелден келе жатқан ерекше қасиеті ғой. Біздің Қалиақбар педагогикалық училищеде жүргенде қадірлі студенттердің бірі болды. Арамыздағы математиканы тез шешетін де сол еді. Егер ол ата-анасына алаңдамағанда мен секілді ғылым докторы атанып, талай ғалымдардың тәлімгері атанар еді» дегені әлі есімде.

Шынында да оның ойлау қабілеті ешкімге ұқсамайтын. Жаңалыққа жаны құштар, өзім дегенге өзегін жұлып беруге дайын тұратын жүрегі жомарт кісі еді. Ол егер қиналған адамды көрсе соған қол ұшын беріп, қолтығынан демеуге тырысатын.

Өнегелі ұстаз бір әулеттің қамқоршысы әрі асқар тауы еді. Өзі үйдің жалғыз перзенті әрі ата-анасының өзге сенер адамдары болмағандықтан олардың тілегін орындап, ерте үйленді.

Сол Ұзынкөл ауданындағы Есмырза деп аталатын ауылда туып өскен бойжеткен Зияш есімді қазақ қызын ұнатып, сонымен шаңырақ көтерді. Сол кездегі ауыл аймағының қуаныштан шаттыққа бөленгені күні кеше ғана сияқты еді.

Сүйген жарымен жарты ғасырға жуық жарасымды ғұмыр кешті. Зияш апамыз да тәрбиелі жердің перзентті екендігін өткен жылдарда көрсетті. Ата-енесін балаша күтіп, олардың ақ батасын алды.

Сол елдегілер өткір мінезді, қолы ашық, аяулы жанның бойындағы қадір-қасиетін жыр қылып айтады. Оның қонақжайлылығы, адамгершілігі, мейрімділігі мен қайырымдылығы да отағасы секілді баршаға мәлім.

Қалиақбар атамыз ел аралап, жер көргенді жаны сүйетін. Жылына жоқ дегенде бір рет Алатаудың баурайындағы Алматы қаласына барып тұратын. Театрларға соқпай кетпейтін. Сондықтан да оның жан сарайы кемел болды. Кез-келген адаммен оларды бұрыннан білетін жандардай тез араласып кететін.

Оны тек Ұзынкөлдіктер ғана емес, барша өңір халқы құрметтеді. Себебі, мінезге бай, сабырлы да салмақты жан кез-келген ортаның қадірлісі бола білді. Қаншама кездессем де оның аузынан жағымсыз сөзді естіген емеспін. Қайта қолынан келсе жүрекке жылы тиер лебіздерімен қанаттандырып жіберетін.

Ол байлығым да бақытым да балаларым деп жиі айтатын. Бәйбішесі Зияш апамыз екеуі Алланың берген алты баласын тәрбиелеп өсірді. Тек өкініштісі, кәсіпкерлікте ең көрініп, жарқырап келе жатқан жігерлі де болашағы жарқын ұлы Ғалымбек кенеттен дүние салып, қатты күйзелтіп тастады.

Оның Зайкүл, Қайыржан, Зора, Гүлсара секілді аяулы қыздары тиісті білім алып, таңдаған мамандықтары бойынша жемісті еңбек етті. Гүлсарасы әкесінің жолын қуып, облыс орталығындағы гимназия директорының орынбасары болып қызмет атқарады.

Үлкен ұлы Қайырбек те көпшіл азамат болып қалыптасты. Келіншегі Әлия екеуі қарашаңырақта аналарын алақандарына салып, аялап отыр. Күйеу балалары Амантай, Талғаттар, немере-шөберелері аталарын ғұмыр бойы сыйлады.

Оразалы Жақсанов

Оразалы Жаксанов

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись