Біздің Қостанай

Көктемнің шуақты мейрамы

Биыл да жоғары деңгейде өтті


Елімізде Самарқанның көк тасы еріп, төрт түлік төлдеп, жер беті бусанып, бәйшешек гүл жаратын ерекше мейрам Наурыз да ойдағыдай тойланды.

Бұл мереке жылдағыдай биыл да Қостанай шаһарында жоғары деңгейде аталып өтілді. Сол күні таңның атысымен қала тұрғындары облыс әкімдігінің алдындағы алаңға жиналып, мейрамда ұйымдастарылған барлық концерттік бағдарламалардың куәгері болды.

Мәселен, қаз-қатар тізілген ақшағаладай киіз үйлер сән-салтанаты жарасып, көпшіліктің көңілінен шықты. Осы ретте «Наш Костанай» газетінің ұжымы шаһарымыздағы №20 орта мектеппен бірлесе құрған киіз үй жайлы да тілге тиек еткеніміз орынды болар.

Оның іші қазақы ою-өрнекпен көмкерілген, жерге кілем, көрпе төселген қысқасы, оған бассұққан адам ұлтымыздың салт-дәстүрімен толық қанықты.

Сондай-ақ мереке болған соң түрлі қазақтың тағамдары қойылып, дастархан жасалған. Оған кірген үлкенді-кішілі қауым дәм татысып, оларға қызмет көрсеткен қыз-келіншектерге дән ризашылықтарын білдіріп жатты.

Наурыз көже, дәмді пісірілген ет, шұжықтар кімнің болсын назарын аударады. Қысқасы, іздегеніңіздің бәрін де осы жерден табар едіңіз.

Жоғарыда айтып өткеніміздей облыстық әкімдіктің алдында жиналған қауымды өңір басшысы Архимед Мұхамбетов шын жүректен құттықтап, оларға алдағы уақытта мықты денсаулық, отбасында бақыт, молшылық тіледі.

Жалпы, алдын ала дайындалған концерттік бағдарламалар өте есте қаларлықтай болды. Онда асқақтата ән салынып, мың бұрала би биленіп, жиналған жұртшылыққа ерекше көңіл-күй сыйлады.

Біз осы мерекенің барысын өз көзімізбен көріп, көңілімізге түйдік. Мәселен, орталық алаңда серуендеп жүрген қала тұрғыны Жансая Тұрсынбаеваны әңгімеге тартқанымызда ол былай деді:

– Мен Қостанайдың жергілікті тұрғынымен. Өңірімізде қар кетіп, жайма шуақ көктем де келді. Міне, биыл Наурыз мерекесіне де аман есен жеттік.

Ең бастысы ел аман, жұрт тыныш. Бұдан артық қандай бақыт болушы еді. Егемендігіміздің арқасында шат-шадымен күй кешіп жатырмыз.

1988 жылдан бастап бұл мейрам жылда аталып өтіледі. Халқымыздың пейілінен де шығар, бүгін төбеде күн шуағын аямай төгіп тұр.

Кейбіреулер қысқы киімдерін тастап, осы мерекеге сай киінген. Ата-әжелеріміздің арамызда жүргені де қандай қуаныш. Облыс іргелі өңірге айналды. Біз соның жарқын куәсіміз.
Жастар жағы да шат-шадыман күйде. Өйткені, олар алаңның бір шетіне орнатылған алтыбақанның жанына жиналып, мерекенің көрігін барынша қыздыра түскен.

Сонымен қатар бұл мерекеде дайындалған концерттік бағдарламалармен қатар спорттық ойындар да өткізілді. Оларды көрген де, көрмеген де арманда.

Қаладағы Сити орталығында да думанды да қызықты бағдарламалар жұртшылық назарына ұсынылды. Онда өңіріміздегі өнер шеберлері ән салып, құлақ құрышын қандырды.

Қазіргі таңда Наурыз мейрамы тек қазақтардың ғана емес, облыста ғұмыр кешіп жатқан барша ұлттар мен ұлыстардың ортақ мерекесіне айналған.

Арамызда жүрген ұлттық мәдени орталықтардың өкілдері де Наурыздың жоғары деңгейде өтуіне өздерінің лайықты үлесін қосты. Олардың киген киімдері де өздеріне ерекше жарасады.

Сонымен достық пен ауызбірліктің мейрамына айналған Наурыз біздің киелі Қостанай жерінде де ойдағыдай ұйымдастырылды. Облыстық аудандары мен қалаларында оның ойдағыдай өткізілуіне ерекше назар аударылды.

Біздің қос тілді «Наш Костанай» газеті де оның көңілдегідей әрі тартымды болуына өздерінің лайықты үлестерін қосып, тіккен киіз үйлері жүлделі үшінші орынға ие болды.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77