Мұнда ғұмыр кешу – әрбір адамның арманы


Келбетіне көз тоймайтын Астана бүгінде барлық қазақ халқының мақтанышына айналды.

Үстіміздегі жылы осы әсем де ғажайып шаһарға 20 жыл толғалы отыр.

Бұл кезең өте көп уақыт болмаса да Елордамыздың бүгінгі сымбаты бәрімізді де таңқалдырады. Оның себебі де бар. Өйткені, бас қаламыз арқылы елімізді өзге жұрттар бағалайды.

Күннен күнге жарқырап, жанданып дамып келе жатқан Астана алыс-жақыннан келетін қаншама шет елдіктердің де қызығушылығын тудыруда. Бұл көрікті қаланың күнделікті тұрмыс-тіршілігі де өзге шаһарлармен салыстырғанда дараланып тұрады.

Үлкен мегаполистің жаңа ғимараттары, тарихи орындарымен және мәдени ошақтары да бірден көзге түседі. Сонымен қатар осында орналасқан «Сұлтан Хазірет» мешітінің де іші-сыртына көз тоймайды. Астананың қай аспанмен таласқан үйлерін алсаңыз да құрылысшылардың қайталанбас қолтаңбасын байқайсыз.

Міне, жайдары жаз айы да басталды. Осы кездері Елордамызға саяхат жасауға барушылардың саны да арта түседі.

Республикамыздың әр аймағынан келіп, қаланың бүгінгі кескін-келбетін тамашалайтындар да аз емес. Олар жылына бір рет алатын кезекті еңбек демалысында осы Астана шаһарына атбасын бұрып, өзгерістерді өз көздерімен көруге тырысады.

Өйткені, осынау шаһарда бір жағынан демалса, екінші жағынан балаларына бас қаладағы соңғы жылдары салынған тамаша ғимараттармен таныстырады.

Солардың бірі көпшілікке белгілі Астанадағы аквапарк дер едім. Онда балық атаулының қаншама түрі кездеседі. Осыларды өз көзімен көрген балдырғандар мәз-мәйрам болып, шаттыққа бөленеді.

Астана – қазіргі таңда достық пен ауызбірліктің орталығына айналды десек қателесе қоймаспыз. Өйткені, мұнда мемлекетіміздің жарқын болашағына ерекше ықпалын тигізетін аса маңызды бас қосулар өткізіліп келе жатқаны баршаға мәлім.

Оларды өздеріңізде теледидарлардан көріп, баспасөздерден оқып та жатқан боларсыздар. Биылдың өзінде мемлекет басшысы бір қатар елдердің басшыларын қарсы алып, олармен арадағы ынтымақты нығайтуға байланысты құжаттарға қол қойды.

Астана бас қала ғана емес, өнер мен мәдениеттің, білім мен ғылымның ордасы десек те артық айтпаған болармыз. Осындағы

Халықаралық Назарбаев университеті білімге құштар жастарды тәрбиелеп, олардың білікті маман болып шығуларын айрықша назар аударып келеді.

Жуырда ғана мемлекет басшысы биылғы түлектердің алдында сөз сөйлеп, оларға ізгі тілектерін білдірді. Аталған оқу орнында көптеген есімдері әлемге танымал ғалымдар мен оқытушылар қызмет атқарады. Сондықтан да дайындалатын кадрлардың сапасы жоғары әрі әрдайым сұранысқа ие.

Сонымен қатар Қазақстанның Еңбек Ері, әлем әртісі Айман Мұсаходжаева басқаратын ұлттық өнер университеті де бұл күндері дүниежүзіне мәлім. Онда қалың жұртшылықтың ризашылығына бөленіп келе жатқан жастар түлеп ұшып, ел мақтанышына айналуда.

Елордаға қарап өзге өңірлер бойтүзейді. Ерекше атап өтер жай, мұнда қазақ халқының біртуар көрнекті перзенттері, ұлы ғұламалар және айтулы мемлекет қайраткерлеріне көшелер берілген.

Соларды көргенде кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді. Өйткені, олар қазіргі тәуелсіз еліміз үшін бүкіл ғұмырын бағыштаған аға буын өкілдері. Оларды қалай мадақтасақ та ұлықтасақ та жарасады.

Иә, бетке ұстар Астанамыздағы мерекеге да санаулы күндер қалды. Қазір оған жан-жақты дайындықтар жасалып жатқандығы белгілі. Сондықтан осынау ұлтымыздың мақтанышы болып отырған шаһарымыздың 20 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өту бәріміз үшін де үлкен абырой екендігі айдан анық.

Бұл ортақ қуанышқа өңірлерде де ағайындар да өздерінің үлестерін қосады деген нық сенімдеміз. Себебі, мерекеде концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады емес пе.

 

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Сурет ғаламтордан алынды

Редакция НК

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись