Мұхтар Әуезовтен дәріс алған

Мұхтар Әуезовтен дәріс алған

Көрнекті қаламгер Жайсаңбек Молдағалиевтің белгісіз қырлары жөнінде


Сарыкөлдің ардақты ұлы

Ең алдымен айтарым, өз басым даңқты жерлесіміз Жайсаңбек Молдағалиевтің шығармашылығына сонау студент кезден қанықпын.

Сол қайталанбас кезеңдерді ерекше бір сағынышпен еске аламын. Күндіз университетте дәріс алсақ, күн батқаннан түннің біруағына дейін жастығымыздың астына қойған көркем әдебиеттерді курстастарымыз болып таласа оқитын едік.

Шынымды айтсам, сол кездері көркем сөз өнерінің шебері, қостанайлық Жайсаңбек Молдағалиев ағамыздың кіндік қаны тамған өңірге барып, журналистік қызметімді жалғастырамын деп ойламаған екенмін.

Кейін тағдырдың жазуымен осы облысқа келдім. Өңірдегі қазақ баспасөзінің қара шаңырағы болып табылатын бұрынғы «Коммунизм таңы» (қазіргі «Қостанай таңы») газетінде еңбек жолымды бастадым.
Осында жүріп, қазақ әдебиетін өркендетуге айтарлықтай үлесін қосқан қаламгерлер жайлы да таным-түйсігім арта түсті. Жерлестеріміздің Жайсаңбек ағаның шығармашылығына ерекше бір қызығушылықпен қарайтындығын да білдім.

Әрине, оған дейін оның бірнеше кітаптарын оқып, танысқандығымның әсері де болды. Жылдар өте өткен өміріне де әбден қанықтым.

Жайсаңбек Молдағалиев 50-ден асқанда дүниеден өтсе де артында бай мұрасын қалдырған азамат екендігіне көзім жетті. Өзі өңіріміздегі табиғаты ғажайып, көктем мен жаз кездерінде жасыл кілемдей жайнап жататын, ауасы кәусар Сарыкөл ауданына қарасты Лермонтов атындағы кеңшардың Жаңа су деп аталатын бөлімшесінде сонау 1935 жылдың 14 сәуірінде дүниеге келіпті.

Содан бері оған қатысты мәліметтерді жинап, алдағы уақытта да бір кәдеме жарап қалар деп сақтап қойған едім. Сол деректерге сүйене отырып, ойларымды ақ қағаз бетіне түсірудің де орайы енді келді. Осы шақта адам баласының ғұмыры көп жасағанымен емес, елі мен халқына сіңірген адал еңбегімен өлшенетіндігіне нық сендім.

Оның әдеби туындылары да кімге болсын ой саларлық. Қалың жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленген шығармаларының қатарында «Ескі дос», «Торғай толғауы», «Алғашқы қоңырау», «Таза бұлақ» секілді көркем дүниелері бар.

Ағамыздың ерекше атап өтер бір еңбегі — қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің өмірі жайлы жазған әрі көпшіліктің көңілінен шыққан «Таза бұлақ» романы еді.

Меніңше бұл туындыны білмейтін қазақ кемде-кем шығар. Осы шығарманы оқып отырып, талай дарынды жастар жазушылыққа ден қойды.

Ұлылардың ұлағаты

Кейбір дерек көздеріне қарағанда, Жайсаңбек аға өзі туып өскен өңірді ерекше жақсы көрді. Жылына сонау Алматыдан Сарыкөлге келіп, кіндік қаны тамған ауылында аунап-қунап қайтатын.

Содан көрген-түйгендерін өзінің болашақ шығармаларына арқау ететін. Кішкене зерделеп, оның жазғандарымен танысқан адам туындыларына негізінен осы аймақтың адамдары арқау болғандығын байқар еді.

Оның кейіпкерлері қиялдан алынған емес. Нақты өмірдегі ел байлығын еселеп жүрген еңбектің қарапайым адамдары. Ол алдындағы ұлы жазушыларға еліктейтін. Әңгіме жанрының нағыз хас шебері Бейімбет Майлинге ерекше құрметпен қарайтын.

Ол аға буын өкілдерінің аялы алақанын да сезінді. Бұл орайда ол классик қаламгерлер Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповті ерекше үлгі тұтты. Сөз зергерлерімен сырлас болды. Олардың шығармашылық лабораторияларынан да хабардар еді.

Есімдері аталған көрнекті тұлғалар інілері Жайсаңбек Молдағалиевті де еркелетті. Сонымен қатар көрнекті мемлекет қайраткері, кезінде мәдениет министрі болған Ілияс Омаровпен де жақсы араласып, сыйласты.
Осы Ілияс ағамыз Жәкеңнің шығармашылығына ерекше көңіл бөліп, кезінде „Толғамдар„ деп аталатын кітабында өзінің ағалық ой-пікірлерін білдірген. Сол ізгі тілектері мұның үйінде мәңгілік сақталды.
Жоғарыда аталған үш қайталанбас тұлғалармен кейіпкеріміздің әзіл-қалжыңы да жарасты. Олар мұның еркелігін де көтерді. Ең бастысы оларда рухани түсіністік басым еді.

Жайсаңбек ағаның жазу тәртібіне келетін болсақ, ол негізінен күнделікті жұмысынан келгеннен кейін кішкене тамақтанып алған соң демалуды әдетке айналдырған. Түннің бір уағында орнынан тұрып, жазумен шұғылданған.

Кейде оның қиялынан туындаған әңгіме және басқа да көркем туындыларына өзінің пікірін де білдіріп отырған. Екеуі бақытты ғұмыр кешті. Қаламгер жан-жарының өзіне деген адалдығына тәнті болған кездері оған шынайы ризашылығын да білдіріп отыруды ұмытпаған.

Жайсаңбек аға да өзге қаламгерлердей кітапты көп жинаған. Сол оқыған-тоқығанының арқасында білмейтіні жоқ-ты. Мұның бәрі де оның ғұмырындағы шығармашылығына игі ықпалын тигізгендігі даусыз.

Сәбеңнің ақылын басшылыққа алды

Жәкең өзінің алдындағы біртуар дарын иелерін пір тұтты. Олардың ақыл-кеңесін үнемі басшылыққа алды. Мәселен, Сәбит Мұқанов кезінде өзінің қолындағы жинақтаған, деректері мен дәйектерін бұған беріп, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин туралы роман жазуға ұсыныс білдіріпті.

Міне, осындай кісілердің өзіне тигізген шапағаты да аз болған жоқ. Жылдар өте Жайсаңбек аға үлкен ізденістің арқасында Ыбекең жайлы «Таза бұлақ», деп аталатын романын дүниеге алып келді.

Кейін тағы да даңқты жерлесіміз жайлы мәліметтерді жинастыра келе осы романының жалғасын да жазбақ болған-ды. Алайда қысқа ғұмыры оған мүмкіндік бермеді. Өзі қайтыс болған соң осы Ыбырай атамызға байланысты туындысы аяқталмай қалды.

Оның мінез-құлқы үй ішіне өте жайлы болды. Ешкімге де жамандық ойламайтын қаламгер қолынан келсе, біреуге қамқор болуға тырысатын. Мұндай қасиеттерін онымен араласқан кісілер жақсы біледі,
Осы арада Нағима жеңгеміздің де оған үлкен қолдау көрсетіп, әрдайым алаңсыз жұмыс істеуіне қолайлы жағдай туғызып отырғандығын да айтып кетпесек, бұл рухани дүниеміз толыққанды шықпас еді.

Ол кейінгі жылдары таза шығармашылық жұмыспен айналысты. Жеңгеміз бес баланың тәлім-тәрбиесімен жете шұғылданды. Жазушы Жайсаңбек Молдағалиев өте балажан болатын.

Қолы бос кездері олардың арасында отырып, еркін сөйлесетін. Тіпті алдағы кездері жарық көретін дүниелері жайлы да айтуды ұмытпайтын. Бірақ олардың өзге тіршіліктеріне тек қана көп жылдар бойы бір шаңырақтың астында бақытты ғұмыр кешкен асыл жары көп көңіл бөлді.

Мына бір жайды да ерекше айтып кеткенім жөн болар. Ол тек қана алдындағы жазған кітабын, қаламгерлік қызметін ғана білді. Перзенттерінің мектептегі жиналыстарына да негізінен Құдай қосқан қосағы баратын.
Ағамыздың риясыз мінезіне келетін болсақ, өте көпшіл-ді. Сондықтан, үйіне келетін дос-жарандары да аз болған жоқ. Жеңгеміз де оларды қабақ шытпай қарсы алып, барын алдарына қойып, дастарханды жайнатып жіберетін.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, бес баласының бәрі де әкесі ерте қайтыс болғанына қарамастан, аяулы аналарының тікелей басшылығымен өз қатарларынан қалмай ер жетті.

Бәрі де өзгелер мақтан ететіндей жоғары білім алды. Мысалы, Үміт пен Ниязбек ұстаздық жұмысты таңдаса, Ермек, Абай, Ілияс есеп-қисапқа бейімділік танытты. Олардың бәрі де ата-анасына масыл болмады. Өз беттерінше оқып, Молдағалиевтер әулетінің абыройын асқақтатты.

Кейбір қырларына көңіл бөлетін болсақ, қаламгер тіршілікте негізінен юморға, әзіл-қалжыңға жақын болды. Сондықтан да оның шығармаларындағы кейіпкерлері де сондай болып келетіндігі ешкімнен жасырын емес.

Қаламгерлік пікірі өзгеше еді

Ол шын мәнінде ауылда туып, қалада ғұмыр кешті. Алматы ол үшін әлемдегі ең сұлу шаһар, мәдениет ордасы болды. Бірақ өзінің кіндік қаны тамған Қостанайын ешқашан да ұмытқан емес.

Өзі халтураны жек көрді. Жазушылық парыз жайлы да қалыптасқан пікірі болатын. Мәселен, ол: «Менің кітаптарымның кейіпкерлері әр ауылдан, тіпті әр шаңырақтан кездесуі керек. Сонда ғана ол кітап, сонда ғана мен жазушымын. Жазушы өзгеден озық, көш ілгері тұруы керек.

Болмысымен де, білімімен де, ой-өрісімен де, іс әрекетімен де. Ол басқаларға ұқсамауға тиісті. Дүниенің соңына түскен, байлық пен мансап қуған адамнан ештеңе шықпайды. Адалдығымен, шынайылығымен, өзгелерден артық болуымыз керек» деп айтып отырады екен.

Міне, түсінген адамға осының бәрі де кейінгі қолына қалам алған, Жәкең секілді болашақ жазушыларға ғибрат әрі ой салады емес пе.

Ол Қостанайлық дарынды ақын апасы Мәриям Хәкімжановамен де сыйласты. Сондай-ақ торғайлық көрнекті қаламгерлер Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков сынды аға буын өкілдерімен де қарым-қатынасы өте жақсы болды.

Сондай-ақ өмірден ерте кеткен Кеңшілік Мырзабеков және Астанада тұратын Серік Тұрғынбеков секілді қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерімен де дәмдес, сырлас болды.

Жәкең туралы кезінде өндірте жазғандардың бірі – есімі қазақ халқының аузында жүрген Дінәш Нұрмұхамбет. Кезінде оның естеліктерін оқып, ағамыз жайлы біраз мәліметтер алғанымызды да әңгіменің орайы келгенде айтып өткім келеді.

Жайсаңбек аға қазақты әлемге танытқан классик жазушы. Мұхтар Әуезовтен дәріс алғандығын өзіне ерекше бақыт санайтын. Кемеңгер жазушы жайлы сонау бір жылдары «Ұлы адамның портреті» деп аталатын әңгіме де жазған.

Бұл әрине, оның ұлағатты ұстазына деген шәкірттік парызы әрі құрметі болып есептелінгені айдан анық. Оның қаламгерлігіне тоқталатын болсақ, сонау 50-жылдардың соңы және 60-жылдардың басында басталды.

Ол өмірін жан-жақты зерттеп, қаншама өзекті мәселелерді арқау еткен очерктер, мақалалар, толғаулар, әңгімелер дүниеге келді.

Осылайша көркем әдебиетті үлкен дайындықпен бастаған дарынды жерлесіміз, одан кейін де қаншама туындылар жазды. Оның өткен өмір жолдары энциклопедияларда және кітаптарда жазылды. Солардың бәрін қамту да әсте мүмкін емес.

Қаламгер әкесін ардақ тұтты. Өйткені, Молдағали атамыз кешегі Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер.
Жайсаңбек аға соңғы жазған «Адамға көп керек пе?» деген романында Қостанай даласын, Құсмұрын көлін, Жаңа су ауылын, Қара Оба өңірін арқау етті.

Сондай-ақ тірішілікте өте қарапайым әрі кішіпейілділігімен өзін білетін барша замандастарының есінде қалды. Ол ешқашан да өзгелерден озық болып, көпке көрініп қалайын деп талпынбайтын. Тек ғана өзінің адал еңбегіне, қаламгерлік еңбегіне ғана сүйенді.

Ғылымға да ерекше ден қойды. Ұлы қаламгер Ғабит Мүсіреповтың шығармашылығын арқау етіп, кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғады. Филология ғылымының кандидаты ретінде күллі елімізге танылды.

Оразалы ЖАҚСАНОВ

Администратор сайта

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись