Ол «Рухани жаңғыру» деп аталады


Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын аса құнды мақаласына байланысты «Рухани жаңғыру» деп аталатын жаңа көрме залы ашылды.

Мұнда аталмыш бағдарламаға арқау болған еліміздің киелі жерлері мен 100 жаңа есім бағыттары жайлы жан-жақты баяндалған.

Әлгі көрменің тиісті деңгейде жасалуына қаламыздағы құрылыс колледжінің студенттері ерекше атсалысты. Олар өңіріміздегі киелі мекендердің макеттерін жасап, осы көрменің ажарын барынша аша түсті.

Бұл жерде Кейкі батырдың кесенесінің, Амангелді ауданындағы Амангелді Имановтың жатқан жерінің, Жабағалы батыр мен Міржақып Дулатовтың ескерткіштерінің макеттері қойылып қала тұрғындарының назарына ұсынылды.

Сондай-ақ облысымыздың мақтаныштары, тарихымызда өшпес іздерін қалдырған қайталанбас тұлғалардың суреттері де қойылған.

Бұлардың кейінгі жастарға тәлімдік-тәрбиелік маңызы зор.

Жаңа көрмені көруге келушілер саны күннен-күнге көбеюде. Әсіресе, жазғы демалысқа шыққан оқушылар мұнда саяхат жасап, көп жайды көңілдеріне түйіп, мұражай қызметкерлеріне өздерінің шынайы алғыстарын білдіруде.

Сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары, студенттер де мұражайға арнайы атбасын бұрып, өлкеміздің киелі жерлерімен жан-жақты танысуда.

Сонымен қатар «100 жаңа есім» бағыты бойынша мұнда облысымыздан шыққан спорт және өнер саласында кеңінен танылған азаматтарға да лайықты орын берілген. Солардың бірі — өңіріміздің мақтанышына айналған жастардың бірі — Денис Кузин.

Жоғарыда аталған көрме әңгімемізге арқау болған облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қызметкерлерінің тың ізденістерінің арқасында ашылды.

 

Сурет мұражай қызметкерлерінен алынды

Редакция НК

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись