Білікті дәрігер Жұмабике Омарова жайлы сөз


Адам жанының арашашысы болған ақ халатты абзал жандар қашан да халық арасында үлкен бедел мен құрметке ие.

Бірақ олар үшін осындай абыройға бөлену оңай емес. Ол үшін кәсіби жоғары біліктілік, өз мамандығыңа деген шексіз сүйіспеншілік қажет. Өйткені, дәрігер адам тағдырына жауап береді. Міне, осындай кісілер біздің арамызда да аз емес.

Менің бүгінгі кейіпкерім Жұмабике Омарова да жастайынан дәрігер болуды армандаған қазақтың аяулы қызы. Ол кішкентай кезінде біреулер «Сен өскенде кім боласың» деп сұраса, ол «Ақ халатты абзал жан атанамын сөйтіп, адамдарды емдеймін» деп жауап береді екен.

Балауса қыздың сол айтқаны тіршілікте дәл келді. Өткен жылдарда қаншама тәжірибе жинақтап, халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Басында балалар дәрігері атанса, қазіргі таңда қалалық балалар ауруханасында жауапты қызметте. Сондықтан оны облыс орталығының жұртшылығы жақсы біледі.

Өткен кезеңдерде білікті маман тек әріптестерінің арасында сый-құрметке ие болып ғана қойған жоқ қаншама еңбек жолын жаңадан бастаған жастарды тәрбиелеп, оларға білгендері мен түйгендерін үйретті.

Кімге болсын өзінің туған жері ыстық. Ол қасиетті Торғайды жер жәннатына балап, кезекті демалыс кездерінде жастық шақтың іздері қалған өңірде болуды да ұмытпайды.

Өзі көп балалы шаңырақта өсті. Қолына кәмелеттік аттестат алып, қуанышқа бөленген сәтте анасына болашақта игерсем деген ойын шешесіне жеткізді. Ана қызының таңдауына қарсы болған жоқ. Бұған тек ғана сәт сапар тіледі.

Содан арманына жету үшін бұрынғы Целиноград қаласындағы медициналық институтына құжаттарын тапсырды. Онда терең білімін көрсетті. Барлық емтихандардан сүрінбей өтіп, студент атанды. Осылайша талапты бойжеткен дәрігерлік мамандығын жан-жақты игеріп шықты.

Кейін оқуын аяқтап, дипломын алғаннан кейін еңбек жолын Арқалық қаласында дәрігерлік қызметтен бастады. Уақыт өте Жангелдин ауданының орталығы Торғай селосында 15 жыл қатарынан педиатр болып жұмыс істеді. Сол кездері әрбір үйдің бақыты болып табылатын бүлдіршіндерді емдеп, аудандағы білікті әріптестерінің бірі болды.

Жыл бойы алдына келген балаларды жылы жүзбен қарсы алып, олардың ата-аналарымен тығыз байланыста болды. Олардан ұл мен қыздарының денсаулықтары мықты болу үшін дәрігерлік көмегін аямады. Уақытпен санаспай жұмыс істеді.

Алайда отбасылық жағдайына байланысты 2001 жылы Қостанай шаһарына біржола көшіп келді. Тәжірибелі де өз саласының білгірін қалалық балалар ауруханасының басшылары да жылы жүзбен қарсы алды. Бұл күндері ол жоғары санаттағы дәрігер-рентгенолог.

Жұмабике апаның бұл қызметі де өте жауапты. Сондықтан да әрқашан кәсіби біліктілігін жетілдіріп отыруды ұмытпайды. Әріптестері де оның тиянақтылығын, өз ісіне деген тындырымдылығын жоғары бағалайды.

Жұмабике Омарова қызметінде сыйлы маман ғана емес, отбасында аяулы жар, асыл ана. Оның Айжан және Гауһар есімді екі қызы бар. Тұңғышы Айжан анасының жолын қуып, гинеколог-акушер мамандығын игерген. Қазір медицина саласында жұмыс істеп жатыр.

Ол кішкентай кезінен шешесінен адамға деген шексіз сүйіспеншілікті, тазалықты меңгерді. Бұл күндері өзі де бір ұжымда беделді дәрігер.

Ал екінші қызы Гауһар болса ұстаздықты таңдады. Қазіргі таңда информатика пәнінен оқушыларға сабақ береді. Сонымен қатар Ахмет Байтұрсынов атындағы мемлекеттік университетте магистратурада білімін одан әрі жалғастыруда.

Жұмабике Мейірімқызының өмірлік серігі Бауыржан ағамыз да өз ортасында өте сый жан. Оның мамандығы — мал дәрігері. Қазіргі таңда Қостанай облыстық ветеринарлық басқармасы басшысының орынбасары.

 

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Суретті түсірген автор

Редакция НК

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись