Мектептер сақадай сай

Мектептер сақадай сай

Жаз бойы білім ордаларында әзірліктер жасалды. Жаз бітіп, жаңа оқу жылының басталуына да санаулы күндер қалды. Бұл кездері қаламыздағы білім ордалары толығымен оқу жылына дайындалатыны белгілі
Осы жауапты науқанның жай-жапсарын білу мақсатында Қостанай қаласы әкімдігінің білім бөлімінің басшысы Василий Цымбалюкпен арнайы жолығып, көкейімізде жүрген сауалдарымызға нақты жауап алған болатынбыз.

Үстіміздегі жылы жергілікті бюджеттен бөлінген 72,97 млн теңге қаржыға 21 мектептің ғимаратына жөндеу жұмыстары жасалды. Сонымен қатар шаһарымыздағы №6, №7, №9, №23 мектептер мен №1, №7, №11, №15, №27 бала бақшалардың төбелерін жабу секілді істер атқарылды.

«Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, білім ордаларының жылу мерзіміне әзірлігіне де ерекше назар аударылды. Сондықтан осы мақсатта қаламыздағы барлық білім ордаларының ғимараттары арнайы тексеруден өткізіліп, талапқа сай болуы ерекше назарда ұсталды.

Сол себептен мектептердегі жылу жүргізілетін құбырлардың сапасына ерекше көңіл бөлініп, ақауы бар жерлері жаңа құрылғылармен ауыстырылды. Осындай алдын-ала жасалған жұмыстардың арқасында 1 тамызда шаһарымыздағы барлық мектептер қысқа сақадай сай екендігі жайлы техникалық акт берілді. Сонымен қатар білім ордаларында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатына қажетті құрылғылар да сатып алынды. Мәселен, тілсіз жаудың алдын алуға қатысты шаралар да қарастырылды.

Өткен үш айда барлық жағынан толық тексерістен өткен мектептерде есік-терезелері сырланып, қабырғалары әктелді. Жылда өткізілетін ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды. Сонымен қатар электр жүйелері, су құбырлары назар да ұсталды.

Бала-бақшалардағы тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерге қажет деген жаңа жиһаздар да мекемелердің сәнін кіргізіп, ондағы жұмыстар жандана түсті.

Сондай-ақ білім ордаларының маңайын абаттандыру жайы да жаз айларында да тұрақты назарда болды. Мектептердің ішіндегі бөлмелерде де келген кісінің көңіл-күйіне ерекше әсер ететін жасыл желектер мен гүлдерді өсіру де мектеп ұстаздарының жыл бойы назарында.

Білім ордаларының ауласына отырғызылған хош иісті гүлдер де сонадайдан көздің жауын алады. Мұның бәрі де жаңа оқу жылында жиналған қауымға ерекше әсер беретіні айдан анық.
Мектепке баратын шәкірттерге оқулықтар да маңызды орын алады. Сондықтан бұл маңызды мәселеге де тәжірибелі мамандар айрықша көңіл бөлді. Мысалы, баршаға мәлім, 2018–2019 оқу жылында қаламыздағы барлық оқу орындарындағы 3, 6, 8 сыныптардың оқулықтары толығымен жаңа бағдарламаға сәйкестендірілді.

Бүгінде осы ауадай қажетті оқулықтар толығымен сатып алынған. Бұл үшін жергілікті бюджеттен 276 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Осы қаражатқа алынған жаңа кітаптар енді оқушыларға тегін таратылады. Сондай-ақ өткен жылы 1, 2, 5, 7 сыныптардың оқулықтары да толығымен жаңартылған еді. Қазіргі таңда кітап қоры жеткілікті. Барлық мектеп шәкірттері олар қолдарына тигенде шексіз қуанышқа бөлінетіні сөзсіз.

Жылдағы үрдіс бойынша тек ғана 1 сыныпқа баратын яғни алғаш рет мектеп табалдырығын аттайтын оқушыларға Елбасының аса құнды кітабы сыйлық ретінде табысталатын болады.
Оның бірінші бетінде мемлекет басшысының білім ордасына енді ғана аяқ басқан кішкентай ұл мен қыздарға арналып жазылған ұлағатты сөзі жарық көрген.

Міне, қымбатты ата-аналар, жаңа оқу жылының басталуына да бір аптадан астам мерзім қалды. «Бала бауыр етің» демекші әрбір әке-шеше өз перзентінен несін аясын. Өздеріңіздің мүмкіндіктеріңізге қарай оларды Алғашқы қоңырауға тиянақты дайындағандықтарыңызға нық сенімдіміз. Әсіресе, биыл тұңғыш рет мектеп табалдырығын аттағалы отырған балалардың қуанышында шек жоқ болар. Оларға қадамдарың құтты болып, болашақ тәуелсіз еліміздің тірегі екендіктерін естеріне сала отырып, барлық жақсылықтар мен ізгіліктерді тілейміз.

Редакция НК

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись