«Men Qazaqpyn» жобасының облыстық іріктеуі аяқталды

«Men Qazaqpyn» жобасының облыстық іріктеуі аяқталды

Биыл өңірдегі қатысушылар қатары 10 адамға толықты

 Биылғы жылы Қостанай өңірінде екінші мәрте өткізіліп отырған халықаралық телевизиялық «Men Qazaqpyn» ұлттық музыкалық жобасының облыстық кезеңі аяқталды. Оған 80-нен аса өңір өнерпаздары қатысты. Осыған орай арнайы өткізілген баспасөз-брифингіне «Қазақстан» ұлттық телеарнасының басшысы Еркін Таңатқанұлы, облыстық мәдениет басшысы Ерлан Қалмақов, «Қазақстан-Қостанай» телеарнасының басшысы Ербол Ипбергенов және «Ең үздік дәстүрлі ән орындаушысы» номинациясының жеңімпазы Талғат Молдағалиев қатысып, жоба жайлы ойларын жеткізді.

«Қазақстан» ұлттық телеарнасының басшысы Еркін Таңатқанұлы:

— Бұл ұлттық музыкалық жоба. Оның деңгейі халықаралық болған соң Моңғолия, Ресей тағы да өзге елдерден қандастарымыз да келіп қатысуда. Өзге 200 аса елді мекенде 1300 өнерпаз іріктеуден өтті. Жобада кемшіліктер әрине бар. Бірақ қазақта «көш жүре түзеледі» деген сөз бар. Биыл өткен жылдың олқылықтарын түзейміз, осы жолы қате кетсе оны да көрерміз. Бастысы ұлттық өнерімізді дәріптеп келер ұрпаққа таза қалпында жеткізу ойы. Өнерге қашан да талап жоғары. Онсыз өнер дамымайды.

Қостанай облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов:

— «Men Qazaqpyn» жобасының өңірімізде ауқымы кеңейіп жатыр. Былтыр қатысқандар саны 70 адам болса, биыл 80-ге жетті. Жалпы ұлттық өнер біздің өңірде кенжелеп қалды деген пікір бар. Алайда біздің мекен дарынды жастарға толы. Жоба қатысушылары да ылғи жастар. Яғни ұлттық өнерге жанашыр жастарымыз көп. Олар облыстық қана емес республикалық та сайыстарға қатысып жүрген таланттар. Осы жоба ұлттық өнеріміздің дамуына үлкен септігін тигізеді деген ойдамыз.

Брифинг соңында сөз алған Талғат Молдағалиев халықаралық жобаға өткенін қуанышпен жеткізіп, алдағы уақытта күрделене түсетін сайысқа бар ынтасымен дайындалатынын жеткізді.

Айта кетелік, «Ең үздік дәстүрлі ән орындаушысы» номинациясының жеңімпазы Талғат Молдағалиевтен өзге әділқазылар алқасы шешімімен аталмыш жобада «Ең үздік күй орындаушысы» номинациясы бойынша  арқалықтық Ерлан Шәкіров және «Ең үздік термеші» номинациясында қостанайлық Нұрсұлтан Қасым үздік деп танылды.

Ұлту ЖҮЗБАЙ

Редакция НК

Похожие записи

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись