Өнер үшін туылған жан еді

Өнер үшін туылған жан еді

әнші-композитор Қайрат Нұрғазин жайлы сағыныш сөз
нар тұлғалы азамат болатын

Мына өмір шынында да өткінші жаңбыр секілді екен. Әйтпесе, кеше ғана арамызда жарқырап жүрген Қайратымыздан кенеттен айрылып қаламыз деп мүлде ойламаппын.

Ұмытпасам осы өткен жылдың жаз айы болатын. Бір күні жұмыс бөлмемде кезекті мақаламды жазып отырсам, сыртқа есіктен ішке Қайрат Нұрғазин кіріп келді.

Шынымды айтсам, басында кішкене тосырқап қалдым. Өйткені, оны көрмегеніме де біраз уақыт болған еді. Үстіндегі киімі де өзіне өте жарасымды-тын.

Ол сол баяғы өзінің кішіпейіл қалпын әлі де жоғалта қоймаған-ды. Інім ретінде еркелеп: «Аға, мен қазір ізденіс үстінде жүрмін. Алла бұйыртса алдағы уақытта жеке концертімді өткізбекпін, соған сізді міндетті түрде шақырамын» деді.

Мен не айтамын. «Мақсатыңа жет айналайын өзіңді басылым беттерінде көрсетуге қашанда дайын екенімді білесің ғой»- деп арқасынан қақтым. Иә, осы жолы екеуміз біраз сөйлестік.

Өзінің шығармашылық жоспарлары жайында да ерекше бір ықыласпен баяндады. Сонда менің байқағаным, ол бұрынғыға қарағанда қай жағынан болсын есейіп, шеберлік жағынан шыңдалып, ой-өрісі қаншама кеңейген екен.

Ол маған концерттік сапарлармен еліміздің біраз өңірлерін аралағандығын, әсіресе, өзін қазағы қалың облыстар жылы қарсы алып, әрдайым жүрек жарды лебіздерін білдіріп жататындығын ақтарған-ды.

Жалпы, мен оны осы әншілік-композиторлық жолға түскелі бері жақсы білемін. Себебі, сол кезде мен облыстық «Қостанай таңы» газетінің белді тілшілерінің бірі болатынмын. Сол уақытта-ақ оның ашық-жарқын мінезді, ешкімге жамандық ойламайтын ақ көңіл бозбала екендігін аңғардым.

Өзім әрқашан да өнер әлемінде қанатын енді қатайтып келе жатқан ұлтымыздың қыздары мен жігіттерін қолдауға әзір болғандықтан оның сол кездегі талпынысын біраз басылымдарға жариялаған едім.

Бірде ол маған тағы да аса бір қуанышпен келді. Өзі Алматыдағы мәртебелі байқауда ерекше көзге түскені үшін сонау Әміре Қашаубаев атамыз ән салған Францияның астанасы Парижге жолдама берілгендігін айрықша бір бақыт құшағында тұрып, жеткізген-ді.

Алайда ол отбасылық жағдайларымен ол үлкен сапарға бара алмады. Тек сол жағы ғана өкінішті екендігін айтқанда кішкене мұңайып қалды.

Әрине, мен де оның жағдайын түсіндім. Сондықтан: «Қайрат мойыма, сенің жарқын болашағың әлі алда. Сондықтан анау-мынау тіршіліктегі жайларға еңсеңді түсірмегейсің» деген едім.

Әсем әндері көңілде қалды

Содан бері де қаншама жылдар сынаптай сырғып өте шықты. Кешегі бозбала бауырымыз үйлі-баранды азамат атанды. Мынау өзіміздің облыс орталығымен іргелес жатқан кеншілер қаласы Рудный шаһарында ғұмыр кешті.

Өзі өте бауырмал еді. Менің тұңғыш ұлым Нұржанның мектепті бітірер кезде Қостанай шаһарындағы балалар шығармашылық мектебінде өткен жеке концертіне арнайы келіп, ізгі тілегін білдіргені, оған сәт сапар тілегені әлі күнге дейін бәріміздің де есімізде.

Шіркін, адам баласы тірі кезде бір-бірінің қадірін біле бермейді ғой. Осы Қайраттың құлақтан кіріп, бойды алар әсем әндері қандай ғажап еді десеңізші.

Әсіресе, оның ең алғашқы жергілікті ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Жолбарыс қажы Баязидтің сөзіне жазылған әні лезде республикамызға тарап кетті.

Содан кейін де қаншама туындылар дүниеге келді. Ол негізі Қостанай облысы Наурызым ауданына қарасты Наурызым деп аталатын елді мекенде туылды. Осында ержетті. Жастайынан қазақы отбасында тағылымды тәрбие алды.

Содан кейін өсе келе өнерге ден қойды. Өзінің бойындағы жарқын қабілетінің арқасында еліміздегі белгілі әнші әрі композитор атанды. Алайда ол үшін 1993 жылдың орны бөлек.

Өйткені, сол жылы республикамыздың бұрынғы астанасы Алматы шаһарында «Үкілі үміт» байқауы өткен еді. Сонда ол «Арман жырым-аруларым» деп аталатын ерекше тебіреніске түсірер, әсіресе, жастарды елең еткізетін туындысымен Бас жүлдені жеңіп алды.

Оның айтуынша, сол кездегі әділқазылар алқасының құрамында көптеген лирикалық шығармалары мен байтақ еліміздегі барша үлкенді-кішілі қауымның жүрегін жаулаған композитор Марат Омаров та болған екен.

Осы Марат ағасының жылы лебізін есту біздің інімізге қанат бітіргендей еді. Бұл байқаудан Қостанайға ерекше қуанышпен келіп, бәріміздің жұмыс бөлмемізге кіріп шыққаны күні кешегідей жадымызда сақтаулы.

Ол көптеген ақындармен ағалы-інілідей араласып, өлмес туындылар жазды. Жергілікті Ақылбек Шаяхмет, Жолбарыс Баязид, Нағашыбай Мұқатов секілді қаламгерлерді айтпағанның өзінде, қазақ поэзиясының хас шеберлері Қадыр Мырзаәлі, Тұманбай Молдағалиев және Исраил Сапарбай сияқты қайталанбас тұлғалармен тығыз шығармашылық байланысты болды.

Оның кез-келген адамның жүрегін қозғайтын әсем әндерін қазақ эстрадасының жұлдыздары Гүлмира Ақүрпекова, Сәкен Қалымов және басқа да азаматтар нәшіне келтіріп, үлкен сахналардан орындады.

Қайрат Қостанайын шексіз жақсы көрді. Егер күтпеген жерден сұм ажал арамыздан алып кетпегенде ол әлі де болса қаншама әсерлі де әдемі әндерді жазар еді-ау. Бірақ қолдан келер не дәрмен бар? Тек оның жатқан жері жарық, топырағы торқа, иманы серік болсын дейміз.

Бетті дайындаған Оразалы ЖАҚСАНОВ

Оразалы Жаксанов

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись