Қоныс тойы көбейіп келеді

Қоныс тойы көбейіп келеді

Өңірімізде тұрғын үй салу қарқын алуда


Қостанай өңірінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғын үй салу жайы жылдан-жылға қарқын алып келе жатқандығы көпшілікке белгілі.

Ол жайлы талай басылымдар да жазылып, теледидарлардан көрсетілді. Сондықтан да жерлестеріміз пәтерлерге ие болып қуанышқа бөленіп жатыр.

Жақында біз шаһарымаздағы осы аса маңызды мәселе бойынша Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй инспекциясының басшысы Оразтай Рамазановқа арнайы жолыққан болатынбыз.

Тәжірибелі маман, өз саласын жетік білетін Оразтай Рамазанұлының айтуына қарағанда, қаламызда да «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қаншама зәулім көп қабатты үйлер тұрғызылып жатыр.

Қазірдің өзінде соның 86-сы сумен, жылумен, электр жарығымен толық қамтамасыз етілген.

Осы баспаналар бұл күндері болашақ тұрғындарына тапсырылып, қоныс тойы тойлануда. Олардың жүздерінен ризашылық пен облыс, қала басшылар мен құрылысшыларға деген шексіз ризашылықты көресіз.

Жоғарыда аталған әрі пайдалануға берілген көп қабатты үйлер облыс орталығындағы жеке пәтер иелері тұтынушылар кооперативтеріне бекітілді. Олар енді жаңа пәтер иелеріне өзге тұрғын үйлердегі секілді заман талабына сай қызмет көрсететін болады.

Бұл орайда сапалы да халықтың көңілінен шыққан шаһарымыздағы «Аэрапорт», «Екінші Қостанай», «Арман» және басқа да шағын аудандардағы сонадайдан көз тартатын сәнді үйлер алдымен тілімізге оралады.

Соларды көзбен көрген кезіңізде кеудеңізді мақтаныш сезімі кернеп, болашақта Қостанай қаласы бұдан да көркейіп, гүлдене түсетіндігіне деген сеніміңіз арта түседі.

Әңгіменің орайы келгенде облыс орталығымен іргелес жатқан Затобол кентінде де бүгін сөзімізге өзек болып отырған «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Нұрай» мөлтек ауданында да бірқатар баспаналар тұрғызылып, жұртшылықтың көптен бергі армандары жүзеге асқандығын айтып өткеніміз жөн.

Елбасының үстіміздегі жылғы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» деп аталатын үндеуінде: «Жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет.

Сондықтан, мен «7 – 20 – 25» бағдарламасын ұсынамын. Жұмыс істейтін әрбір қазақстандық төмендегідей шарттар бойынша теңгемен несие алу мүмкіндігіне ие болады. Несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 проценттен аспайтын болады» дегені көпке белгілі.

Демек, осы кезге дейін баспанаға қол жеткізе алмай жүрген жас отбасыларға үлкен мүмкіндік туғызылып отыр. Қазір соған байланысты өңірімізде дайындықтар жасалып жатқаны да көпшілікке аян.

Мәселен, сөзіміз жалаң болмас үшін еліміздегі «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жаңа үйге кіріп, үлкен қуанышқа кенелген жас отбасылардың бірі – Еркебұлан мен Күлайша Балешовтар.

Қос перзент тәрбиелеп отырған ерлі-зайыптылардың пікірлеріне сүйенсек олар жаңа пәтерді ұзақ күтті. Сол игі тілектері орындалып, пәтердің кілтін алды. Екі бөлмелі үйдің іші сырты заман талабына сай келеді.

Қыста қиындық көрген жоқ. Ыстық пен жылы су келіп тұр. Көгілдір газ да тартылған. Көктемге қысылмай шықты. Олар да өздеріне осындай қамқорлық жасаған барлық басшыларға шексіз алғысын білдіреді.

 

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Редакция НК

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись