Қорқыт ата мемориалды кешені

Қорқыт ата мемориалды кешені

Ол барша қауым тағзым етер киелі орын

Көргендерім мен түйгендерім

Бұл күндері Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Жосалы кентіне 18 шақырым жерде Қорқыт станциясына жақын табиғи төбе үстінде орналасқан Қорқыт ата кешені түркі тілдес елдердің тағзым ететін қасиеттің орыны және күрделі сәулетті өнер туындысы ретінде ерекше бағаланады.

Біз жуырда осы өңірге жолымыз түсіп, аталмыш мемориалды кешенде болдық. Оның жанында мұражайы да бар. Осындағы ғылыми қызметкер, қазақ азаматы өзімізге киелі орын жайлы жан-жақты әңгімелеп берді.

Онымен бірге жоғарыға көтеріліп, біраз жайларға қанықтық. Ол алыстан ерекше көрінеді екен. Әрине, көп естігеннен, бір рет көрген артық дегеннің растығына осы жолы да көзіміз әбден жетті.

Әрине, бұрында жоғарыда баяндалған мемориалдық кешен жайлы талай оқып, түйсінген едік. Оның кезінде қалыптасуы мен қазіргідей қалың жұртшылықтың назарына ілінуіне айрықша үлес қосқан бауырларымыздың да аты-жөнін білеміз.

Жалпы, Қорқыт ата жайлы сөз болғанда ата-бабамыздан келе жатқан аспабымыз қобыз да еріксіз еске түседі. Осы арада сөзіміз жалаң болмас үшін әрі оқырмандарға түсінікті болу үшін бәрін де рет- ретімен айтып өткеніміз жөн болар.

Ең алдымен қобыз жайына тоқталып өтелік. Жалпы, қобыз қазақ халқының көнеден қалған музыкалық аспабы. Ұлттық мәдениетіміздің алтын діңгегі болып табылады.

Қобыздың арғы тегі садақтан шыққаны да ғылыми тұрғыда әбден дәлелденген. Халық аңызы мен Орта Азия ғалымдарының кейбір деректеріне сүйенсек, ғасырлар сырына жетелейтін қоңыр үнді киелі аспапты 18-19 ғасырларда Қорқыт атамыз жасаған деген пікір де бар.

Мәселен, қобыз туралы аңызға тоқталатын болсақ, оның жасалу жөнінде де аңыз да жоқ емес. Онда: Қорқыт жасынан өте ұғымтал, құйма құлақ болып өседі. Сол кездегі аспаптардың бәрін де ойнайды екен. Алайда ол оған қанағаттанбай, адам мен жануардың үнін, табиғаттағы құбылыстар мен дыбыстарды жеткізетін жаңа бір аспап жасағысы келеді.

Он ойланып, тоғыз толғанады. Қарағай ағашын кесіп әкеліп, одан бір нәрсенің жобасын жасайды. Бірақ ары қарай қалай, не істерін білмей қиналады.

Күндер осылай өте береді. Атамыз бір күні шаршап отырып, көзі ілініп кетеді де түс көреді. Түсіне періште енеді. Ол бұған: «Қорқыт, жасаған қобызың алты жасар Нар атаңның жілігіндей екен. Енді оған нар терісінен жасалған шынақ, ор текенің мүйізінен ойылған тиек, бетті айғырдың құйрығынан тартылған қыл шек жетпей тұр. Осылар болса, аспабың сайрағалы тұр екен» деген кеңес береді.

Сол кезде Қорқыт ұйқысынан ояна салып, осы айтылғандардың бәрін жасайды.

Қарағайдың түбінен,
Қайырып алған, қобызым.
Үйеңкенің түбінен,
Үйіріп алған қобызым.
Желмаяның терісін,
Шанақ қылған, қобызым.
Ортекеңің мүйізін,
Тиек қылған, қобызым.
Бесті айғырдың құйрығын,
Ішек қылған, қобызым.
Құлағыңды бұрайын,
Осы айтқаным болмаса,
Қайырып жерге ұрайын –

деп киелі қобызды қолына алған шақта әлгі аспап боздап қоя берген көрінеді.

Сол уақытта қобызын бар табиғат, ұшқан құс, ескен жел, жүгірген аң-бәрі тоқтай қалып құлақ түре тыңдапты. Бұл мысалдар М.Жарқынбаевтың «Өнер» баспасынан шыққан «Қорқыт» деп аталатын еңбегінде айтылған.
Сонымен қатар Қорқыттан кейін өмір кешкен, аты әйгілі киелі бақсылардың бірі Қойлыбай туралы да қандастарымыздың арасында кеңінен тараған аңыздар жеткілікті.

Қорқыт ата жайлы не білеміз?

Жалпы, өзіміз бірқатар танымдық мақалаларды оқу бырысында түйгенімізді оқырмандармен бөліскенді жөн көрдік. Негізінде Қорқыт ата – түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау, қобызшы ретінде белгілі.
Оның өмір сүрген кезеңі туралы ғылымда әртүрлі болжамдар да баршылық. Негізінде ол өмірде ізі, артында әдеби музыка мұрасы қалған тарихи тұлға ретінде көпке мәлім.

Осы арада зерттеушілердің басым көпшілігі Қорқыт ата Сырдария бойында өмір сүрген Оғыз-Қыпшақ тайпалық бірлестігінде 10 ғасырдың басында дүниеге келген деген тұжырым да бізге мәлім.

Кейбір зерттеулерде ол жөнінде жан-жақты мәліметтер беріледі. Оны әрине, қалың жұртшылық білетіндіктен жете тоқталып отырған жоқпыз.

Мысалы, Сыр жағасына жақын жерде Қорқыт атаның зираты болғандығын Ә. Диваев және басқа да ізденімпаз ғалымдар өз туындыларында баяндайды.

Ал бізге есімі жақсы таныс көрнекті ғалым Ә. Қоңыратбаевтың зерттеулерінде Қорқыт ата 11 ғасырдың басында дүниеден өткендігі айтылса, Ә.Марғұланның шығармаларында Қорқыт ата 7-8 ғасыр аралығында өмір сүрді деген пікірлер бар.

Ал ұлтымыздың философиясы тарихында Қорқыт ата ел бірлігін нағайтқан кемеңгер қайраткер, түркі дүниетанымының негізін жасаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гумманист ретінде баяндалады.

Ол жайлы мақалаларды оқу барысында түйгенім, атамыздың бойындағы үш түрлі өнері ерекше айтылады. Алдымен ол Оғыз-Қыпшақ ұлысынан шыққан айтулы бақсы.

Екіншіден, күйші, қобыз сарынын алғаш туындатушы өнерпаз ретінде сөз болады. Үшіншіден, әйгілі жырау, оның жырлары Оғыз – Қыпшақ өмірін бейнелеген әдеби-тарихи мұра ретінде сөз етіледі.

Мысалы, түркі халықтарының фольклорындағы Қорқыт ата туралы аңыз әңгімелердің бірі оның тууына байланысты сыр шертеді. Қорқыт ата түркілердің оғыз ұлысынан шыққан асқан сәуегей, бақсы, күйшілік, жыршылық өнерлердің асқан атасы болып мысалға алынады.

Ол жайлы аңыздар жеткілікті екендігін жоғарыда тілге тиек еттік. Мәселен, бабамыздың Қорқыт деп аталуына байланысты қысқаша сөз етелік. Сол аңыздарға сүйенетін болсақ, Қорқыт атамызды анасы құрсағында үш жыл бойы көтерген. Жылына бір рет толғақ қысып отырады екен.

Бабамыз дүниеге келер алдында әлемді үш күн, үш түн бойы көзге түртсе көргісіз қараңғылық басыпты. Сөйтіп, сұрапыл қара дауыл соғып ел-жұртты қорқыныш сезімі билеген көрінеді. Дәл осы табиғат құбылысына байланысты баланың атын Қорқыт деп қойған деседі.

Қорқыт сөзінің этимологиясын аты-жөні қазақ еліне кеңінен белгілі Ә.Қоңыратбаев, «Құтты адам, құт әкелетін адам» деп көрсетеді. Басқа да ол жайлы жарияланған ғылыми зерттеу еңбектер жоқ емес.

Кейбір аңыздарда Қорқыт ата өлімнен қашып, бүкіл ғарышты аралайды. Түсінен шошынған ол ажалдан құтылу үшін ертеңіне дүниенің екінші шетіне көшіп кетіпті. Бірақ ол бұрынғы түсті тағы да көреді.

Сол себептен таң атысымен жолға шығады. Не істерін білмей жердің ортасынан бармақ болады. Жер ортасы Сырдың жағасы, қазіргі Қорқыт моласы тұрған тұс болып шығады.

Осы Қорқыт ата жайлы жазылған еңбектер осы кезге дейін де аз болмаған. Оның бәрін талдап, бүге-шігесіне дейін жазу үшін қаншама кітаптарға арқау болары да айдан анық.

Кейінгі ұрпақ біліп жүрсін, ол жайлы «Қорқыт ата» деп аталатын энциклопедия да бар. Мұны кезінде Алматыдағы «Қазақ энциклопекдиясы» басып шығарған.

Еңбек бес бөлімнен тұрады. Оған негізінен Қорқыт ата туралы ел аузында сақталған аңыздар мен күйлер, әфсаналар, ата мұрасын зерттеу, әулиенің әдебиет пен өнердегі бейнесі мәселелеріне арналған отандық және шет елдік ғалымдарының мақалалары топтастырылған.

Аталмыш зерттеу дүниелерінде Қорқыт атаның әлем тарихы мен философиясындағы орны, оның ұлы мұрасының көркемдік ерекшеліктері мен мазмұны, тілдік түрлі айшықтары, тарихи белгілер мен жәдігерлік деректер хақында жан-жақты мағлұматтар енгізіліп, талдау жасалыпты.

Атамыздың күйлері де кейінгі ұрпаққа аманат. Бұл орайда қобыздық күйлер болып келетін «Қорқыт», «Желмая», «Тарғыл тана», «Елім-ай», «Ұшардың ұлуы» деп аталатын күйлері бар екендігін атап өткеніміз жөн.

Әрине, ол туралы таратыңқырап баяндауға болады. Дегенмен де оны оқырмандардың өзіне қалдырдық. Өйткені, әрбір күйдің шығу тарихы, мән-маңызы бар.

Меніңше, Қорқыт атаның кітабы да ерекше тағылымы мол дүние. Ол қаһармандық эпос үлгісі, Оғыз-Қыпшақ дәуірінің жазба мұрасы болып табылады.

Ғылымда оның он екі нұсқасы бар. Оны әрбір ұлтжанды, өзін өткен тарихы мен рухани дүниесіне қызыққан азамат іздеп тауып, жандүниесін байытса нұр үстіне нұр болар еді.

Енді әңгімеміздің басында айтылған Қорқыт ата мемориалдық кешеніне тағы да тоқталалық. Қорқыт ата ескерткіші біздің пайымдауымызша және кейбір дерек көздеріне қарағанда, сәулет өнерінің айрықша өнегесі екендігі ақиқат.

Оның авторлары Б.Ыбыраев және С.Исатаев. Қорқыт ата ескерткіші яғни кешеннің құрылысы 1980 жылы басталды. 2014 жылы Қорқыт ата кешеніне қайта жаңғыру жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде кешеннің маңызды нысандары музей, қылует, амфитеатр, қошқар мүсіні қайтадан жаңартылды.

Біз музейдің ішіне де кіріп көрдік. Онда Қорқыт атаның мүсіні және басқа да экспонаттар қойылған. Бұл бассұққан кез-келген жанның дүниетанымы мен білім көкжиегін кеңейте түсетіндігі даусыз.

Қорқыт ата ескерткіші Қордай гранитінен жасалыпты. Оның биіктігі 12,1 метр. Төрт тік стеладан тұрады. Әрбір стелла әр тарапқа қаратылып тұрғызылған құлпы тастарға ұқсайды. Жоғарғы жағы кеңейе келіп, шөміш пішіненде түйісетін стеллалалар қобыз бейнесін меңзейді.

Түйісер түбіндегі орталық тесігінде 40 металл түртік бар. Олар жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады екен. Аңыздарда айтылғандай, Қорқыт ата мазарында соққан желге үн қосатын қобыз да қойылыпты.

Ол жайлы зерттеулер жөнінде осы танымдық дүниемізде арқау еттік. Мәселен, В.Жирмунский Қорқыт атаны магиялық аспап қобыздың иесі, абыз ретінде қарастырған.

Қорқыт атаның тарихи тұлға екенін растайтын жазба ескерткіш ол – «Қорқыт ата» кітабы. Онда қасиетті атамыз жырау, ақылгөй, данышпан, көсем, бақсы, күйші ретінде жан-жақты көрініс табады.

Мұндай киелі жерлер халық үшін аса қажет. Сондықтан да болар, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен осыдан 4 жыл бұрын Қорқыт ата мемориалдық кешеніне көркемдік деңгейі жоғары, тарихи мифологиялық мән мазмұны терең архитектуралық шешімі заманауи талаптарға сай соңғы үлгіде жасалған берік құрылыс материалдарымен қайта жаңғырту жұмыстары атқарылды.

Кешеннің аумағы да үлкейтіліпті. Онда аса қажетті көгалдандыру, абаттандыру секілді жұмыстар да жүзеге асырылған. Жалпы, бұл халықтың игілігіне айналған ұлағатты істі қазіргі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың әкесі бастаса, ол кейін осы өңір басшысының тікелей ұйытқы болуымен одан әрі көркейтіліп, қазақ халқының үлкен алғысына бөленіп отыр.

Оразалы ЖАҚСАНОВ

Администратор сайта

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись