Новости Социум

Ораза айт құтты болсын

Облысымыздың барлық мешіттерінде Ораза айт намазы оқылды

Қостанайлық ағайындар қасиетті Рамазан айын ұйымшылдықпен өткізді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек Тәжімбеттің басшылығымен өңірдегі барлық мешіттерде отыз күн бойы ауызашар берілді.

Оған іскер азаматтар мен кәсіпкерлер атсалысты. Сөздің орайы келгенде, «Әкім бол, халқыңа жақын бол» демекші, Қостанай облысының әкімі Архимед  Мұхамбетов өзінің дінге деген жанашырлығын ерекше көрсетті.

Ол алғашқылардың бірі болып ауызашар берді. Қадір түні де өзінің азаматтық қасиеттерін көрсетіп, барша қауымға дастархан жайды. Сөйтіп, халықтың шынайы алғысына бөленді. Ораза ұстаушылардың қатарында жастардың көптігі жұртшылықты қуантты.

Әкімнен үлгі алған кәсіпкер және жүректеріне имандылық ұялаған жергілікті азаматтар биыл да жақсы қырларымен көзге түсті. Ең бастысы, өңірде Ислам дінінің өркендеп келе жатқандығын айрықша атап өткеніміз жөн.

Алдын-ала хабарланғандықтан, Ораза Айттың бірінші күні таңертеңнен бастап облыстық мешітке жамағат ерте жиналды. Олардың алдында өкіл имам Бахытбек Нұрғабылұлы сөз сөйлеп, Ораза Айттың ерекшелігі жайлы уағыз айтты.

Бұл қуанышты сәттер олардың жадында мәңгілік сақталары хақ. Ораза кезіндегі облыста атқарылған жұмыстар да тілге тиек етілді. Қайырымдылық мақсатында да жүзеге асырылған игілікті істер аз болған жоқ. Облыстағы барлық мешіттерде Рамазан айы тиісті деңгейде өтті.

Облыстық мешітте жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша дүниеден өткен ата-бабаларымызға Құран бағышталды.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77