Қостанай шаһары елімізде тазалығымен дараланады

Қостанай шаһары елімізде тазалығымен дараланады

Оны алыстан келген қонақтар да айтып жүр

Жылдан жылға дамып, гүлденіп келе жатқан Қостанай көпшіліктің құтты мекеніне айналды. Шаһарымыз күн санап сұлу да көркем арудай әсемдене түскен. Оның көшелеріндегі түп-түзу биші ақ қайыңдар алыстан көзге түспей қоймайды.
Бүгін осы көп жылдар бойы тұрақты мекеніме айналған қаланың күрделі жөндеуден өткен көшелерін аралап, соңғы жылдары жасалған саябақтарында болдым.
Несін жасырамыз, мына біз күнделікті күйбің тіршілікпен шаһарымыздың көрікті жерлерін байқамайды екенбіз. Өзім арнайы аралағын саябақтардың ішінде Тобыл өзенінің жағалауындағы көпшіліктің демалатын орнына айналған саябақтарды тілге тиек еткім келеді.
Бүгінде шаһарымызға ерекше сән беріп тұрған әрі еркелеп ағатын Тобыл өзенінің жағалауын әсіресе, кешкі кездері мүлдем танымай қаласыз. Себебі, оның самаладай жарқыраған шамдары алыстан мен мұндалайды.
Оның маңына хош иісті гүлдер егіліп, айналасы көк желекке оранған. Мұны бұл күндері жас та, кәрі де көріп жүр. Сырттан келген қонақтарды міндетті түрде жерлестеріміз сонда алып баруға тырысады.
Тобыл өзенінде орналасқан кішкентай және үлкен өткелдің маңайы жергілікті тұрғындардың жұмыстан қолы босаған сәтте қыдырып, көңілдерін сергітетін орындарға айналғалы қашан. Мұнда заман талабына сай жасалған тақтайдай тегіс жолдар, түрлі гүл салынған себеттер және өнер адамдарының істеген басқа да заттары еріксіз назарыңды аударады.
Әсіресе, түнгі Қостанай керемет. Мәселен, алыс аудандардан келген азаматтар соған таң қалып өздерінің тәнті болғанын жасырмай айтып жатады. Түрлі-түсті шамдар рухыңды көтеріп, әсемдік әлеміне жетелейді.
Міне, осындай сұлулыққа сұқтана қарай бергің келеді. Бұл облыс орталығындағы соңғы жылдары халық мүддесі үшін жасалған игі істердің бір парасы.
Өздеріңіз білесіздер, Қостанай темір-бетон бұйымдары шағын ауданындағы яғни Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған саябақ әрдайым дараланады десем қателеспеген болармын. Оның да жергілікті тұрғындардың өмірінде алатын орны ерекше.
Мұндағы балаларға арналған алаңның да әдемілігі соншалықты, қыдыртуға апарған кішкентай бүлдіршіндер кеткілері келмейді. Сондай-ақ осында балақайларға арналған алтыбақан тебетін орын, түрлі карусельдер де сол саябақтың сәнін келтіріп тұрғандай.
Осы мақаланы жазу барысында саябақты аралап жүрген бірқатар қала тұрғындары мен қонақтарды да көрдік. Олар шексіз дән риза. Мысалы, шаһарымыздың байырғы тұрғыны Қарагөз Сыздықова ойлана келіп:
– Мен Қостанай қаласында біраз жылдардан бері ғұмыр кешіп келемін. Бала кезім де, жастық шағым да осында өтті. Қазір балаларым өсіп, әр қайсысы өз алдына отбасылы болды. Бәрі де осы сүйікті қаламызда тұрады.
Шаһар менің көз алдымда көркейді деп нық сеніммен айта аламын. Жыл сайын қаланың келбеті көркейіп, гүлденіп келе жатқанын көріп, кеудемді мақтаныш сезімі кернейді.
Бұрынғыға қарағанда қалада сән-салтанаты жарасқан саябақтар да көбейді. Облыс орталығындағы Тобылдың жағалауы, Орталық және Жеңіс саябақтары қазіргі таңда адам танымастай өзгерген.
Айта берсең, замандастарымыздың демалыс күндері барып, дем алатын серуендейтін орындары жеткілікті. Мұның бәрі облыс және қала басшыларының жергілікті халыққа жасап отырған қамқорлықтарының бір көрінісі десек артық болмас.

Администратор сайта

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись