Қостанайда көшесі бар Сырбайдың

Қостанайда көшесі бар Сырбайдың

Қазақтың көрнекті ақыны, даңқты жерлесіміз Сырбай Мәуленов хақында
Торғайдан шыққан қыран
Жалпы, біздің ұлтымыздың мақтанышы болған алып тұлғалардың қатарында аса көрнекті ақын Сырбай Мәуленовтың есімі ерекше құрметпен аталады.
Ол кешегі қанды майданды бастан кешкен Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Қас-қағым сәтте өтіп жатқан өмір емес пе. Осынау қазақ халқының біртуар ұлының арамыздан кеткеніне де өткенге көз жіберіп отырсақ, 25 жыл болып қалыпты.
Бұл әрине, аз уақыт емес. Алайда атақты дарын иесі барша қолына қалам ұстаған інілері мен қарындастарына ерекше үлгі-тін. Егер Алматыға жолыңыз түсіп бара қалсаңыз, ондағы көптеген әріптестеріміздің тарапынан: «Біз Сырбай ағаның шекпенінен шықтық, ол кісінің өзімізге бергені мол. Оның шырайлы шығармалары мәңгілік жадымызда» деген сөздерді естисіз. Өзім ол кісіні талай рет көрдім. Тіпті осыдан біраз жыл бұрын «Қайталанбас тұлғалар» деп аталатын кітап жазған кезімде оның бұрынғы астанамыздағы Республика сарайының маңында орналасқан отбасында да болдым. Сөйтіп, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың жиен немересі болып келетін кейіпкеріміздің жан жары Күлжамал Әмірова апамыздан сұхбат алғаным да күні кешегідей есімде.
Өмір көрген асыл жан отағасы жайлы көп адамға ашыла бермейтін жын сырын ақтарды. Атақты ақынның кітапханасын да көрдім. Ағамыздың қаншама туындылары осы киелі шаңырақта жазылыпты.
Содан кейін оның сүйікті ұлы, қазіргі таңда белгілі ғалым, заң ғылымдарының докторы, профессор, ғылым саласы бойынша Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты Қасыммен де тілдестім. Қасым өзіндік ойы бар, әкесін ерекше ардақ тұтқан перзент. Оның сөзіне қарағанда, әкесінен көп жайды көңіліне түйген, үйлеріне қонақ болып келген қаншама ұлт мақтаныштарының қолына су құйып, батасын алған.
Тіпті Сырекеңнің сақалын да өзі алып, оның жанында көп жүрген. Ондай кісілер қашанда аузы дуалы, сөзі уәлі болып келеді емес пе. Ардақты тұлғадан үйренгені де мол. Сондықтан да Қасымның өзі де қазір ең ізгі әрі белгілі замандасымыз болып қалды. Ол өзінің сөзінде Сырбай ағаның жанында көп жүргендіктен, әулет тірегі баласын Қазақстанның халық жазушысының көмекшісі деп те атапты. Содан бері қаншама жылдар өтті. Ағамыз бақилық болғанымен, оның артында қаншама рухани мұралары қалды. Соларды қастерлеп, ұрпақтары көзінің қарашығындай сақтап отыр. Әлі күнге дейін әкелерінің батасын алып, қаламгер болып қалыптасқан азаматтар бұлармен байланысын үзген емес.
Оның есімі гимназияға берілді
Жалпы, Сырбай Мәуленов Қостанай облысы Жангелдин ауданына қарасты Торғай деп аталатын қасиетті мекенде дүниеге келді. Ол да әрине, жастайынан сөз өнеріне өте бейім болды.
Сондықтан да шығар, Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік университетін ойдағыдай тәмәмдады. Жоғарыда айтып өткеніміздей кешегі Ұлы Отан соғысында, майданға қатысып, өзінің азаматтық парызын өтеді. Бірақ ол ешқашан да мен кешегі отты жылдарда қолыма қару алып жауға тойтарыс бергінмін деп ешкімге орынсыз мақтанған емес. Ағамыз өте дарынды ақын болатын. Үлкен сахнада тұрып мінбеден өлең оқығанда ешкімге ұқсамайтын даусының өзі қандай ғажап еді десеңізші.
Осы азамат біздің Қостанай өңірінің тұрғындарына да өте жақын. Себебі, ол сонау бір жылдары қазіргі облыстық „Қостанай таңы„ газетінде қызмет атқарды. Сол кездері аталмыш басылым «Большевиктік жол» деп аталатын.
Бұл газет редакциясында алдымен бөлім меңгерушісі, содан кейін редактордың орынбасары секілді лауазымды жұмыстарда болды. Осы кезеңдері қаншама дарынды інілерін тәрбиелеп, олар кейін өзі секілді қазақ әдебиетінің тіректеріне айналды. Ағамыз уақыт өте Алматыға біржола көшіп барды. Сонда 1951-1955 жылдары Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында редакцияны басқарды. Қазақстан Жазушылар Одағында әдеби кеңесші болды.
Сырекең күллі зиялы қауым сүйіп оқитын республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы болған жылдарды да әріптестері сағынышпен еске алады.
Себебі, қаламы қарымды, ойы жүйрік, кез келген тақырыпта еркін жаза алатын тұлға бір өзі машинка басатын қыздарға айтып, нөмірлерді күні бұрын әзірлеп отырады екен.
Міне, осындай азамат барша қазақтың бетке ұстар қайраткері болып, қазақ әдебиетінің өсіп-өркендеуіне айтарлықтай үлесін қосты. Оның тұңғыш өлеңі Жамбыл облысындағы «Колхозшы» деп аталатын газетте 1937 жылы жарық көрді. Ал алғашқы кітабы «Өлеңдері» деген атпен 1948 жылы баспадан шықты. Ол жалпы, көзі тірі кезінде көптеген өлмес туындыларын жазды. Оның негізінен қозғайтын тақырыптары туған жер, замандастары, жасампаз еңбек адамдарының тағдыры болды. Оның барша туындылары сыншылар тарапынан да лайықты бағасын алды. Аудармашылығы да ерекше болатын. Орыс және туысқан халықтар әдебиетінің қаншама поэзиялық жинақтарын ана тілімізде сөйлетті.
Ол көзі тірі кезінде талай беделді марапатттарға да ие болды. Әдебиет саласындағы еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Кеудесіне І дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Ту, Халықтар достығы, «Құрмет белгісі» ордендері және бірнеше медальдарды тақты. Оның жинақтары өте көп. Оның бәріне тоқталып шығу да мүмкін емес.
Мәселен, «Жолдас», «Жас жүрек», «Жұлдыз жылдар», «Қызыл арша», «Боз қырау», «Тау гүлдері», «Жалын», «Жаңбырсыз күз» және басқа да кітаптары жүректерге жол тапты. Өзге жақты айтпағанның өзінде, қостанайлық басшы және зиялы қауым өкілдері оның есімін мәңгі қалдыру мақсатында шаһардағы бұрынғы Индустриальная көшесі және қазақ орта мектебіне оның есімін берді. Қостанай қаласының құрметті азаматы атанды.

Редакция НК

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись