Отбасындағы ұрыс-керіс

Отбасындағы ұрыс-керіс

Балалардың жүйкесіне де әсер етпей қоймайды


Бұл өте өзекті мәселе. Өйткені, кейбір отбасылардағы ерлі-зайыптылардың арасындағы түсінбестіктен шаңырақтары ойран болып, жазықсыз балалар зардап шегуде.

Бұл кімді болсын ойландырары хақ. Осы арада ер азаматтарға айта кетер назымыз да бар. Кейбір отағалары кешегі сүйдім-күйдім деп жүріп бас қосқан жұбайларына уақыт өте қол жұмсап, олардың ар-намысына тиеді.

Жүрегі нәзік жандар да адам баласы емес пе? Қашанғы шыдасын. Басқа амалы болмағандықтан, ішкі істер органдарына шағымдануға тура келеді. Погонды қызметкерлер әрине, оларға қолдан келген көмегін көрсетуге тырысады.

Біздің өңірімізде де күйеулерінен қорлық көріп, көздеріне еріксіз жас алатын әйелдер де жоқ деп айта алмаймыз. Олар жөнінде талай айтылып та, жазылып та жатыр.

Мен бүгін жас журналист ретінде, осынау маңызды тақырыпқа байланысты ой-пікірімді ортаға салғанды жөн көрдім. Әріптестерім әрқашан да, өмірде болып жатқан осындай келеңсіз жағдайларға бей-жай қарай алмайды.

Мемлекет отбасынан құралады. Атақты қазақ ақыны Қасым Аманжолов өзінің жарына арнаған бір өлеңінде: «Отбасы – шағын мемлекет, мен – президент, сен – премьер», – деген. Шынында да отбасыларды шағын мемлекетке теңеуге әбден болады.

«Әр елдің заңы басқа, иттері қара қасқа» дегендей, әрбір жанұяның жылдар бойы қалыптасатын өзіндік ерекшеліктері және де салт-дәстүрлері болады. Жас отаудың түтіні түзу шығып, босағасы берік болуы көбіне ер жігіт пен қалыңдықтың үлкен үйде алған тәрбиесі, көрген өнегесіне байланысты. «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» деген тәмсіл осыдан қалса керек.

Жиренше шешен хан ордасы, салтанатты сарайларда талай күн аунап-қунап жатып, өзінің киіз жабылған лашығына оралғанда, төрінің тарлығынан көсілгенде сирағы сыртқа шығып кетсе де: «Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім», – деп рахаттанған көрінеді.

Шын мәнінде, бұл күндері тар да болса, өз пәтерім болса ғой деп армандайтындардың қатары жетерлік. Әрине, кей отбасыларға алаңсыз күй кешу үшін баспана да әсерін тигізіп жатады.

Бәрі де айналып келгенде ақшаға келіп тіреледі. Бірақ, бақыт пен сыйластық сол қаржыға ғана байланысты ма? Сонда махаббат деген ұлы сезім қайда қалады? Соған бір сәт назар аударып көріңізші. Жеке шаңырақ көтерген соң, тіршілікте кездесетін барлық қиындықтарға төзіп, оны жеңе білген жөн.

Жалпы, өзімнің пайымдауым бойынша, ұрыс-жанжал жайлаған отбасында қайдан береке болсын. Ондай жанұяда өскен баладан не күтуге болады. Ата-анасының күнделікті келіспеушілігінен олардың да жүйкесі жұқарып, көңіл күйі үнемі бәсеңситіндігі айтпаса да түсінікті.

«Бір күн ұрысқанның қырық күнгі несібесі жойылады» деген де аталы сөз бар. Осы арада пікірім нақты болу үшін, деректер мен дәйектерге сүйене кеткенім жөн болар.

Мәселен, 2016 жылғы статистикалық мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда жылына 144 мың жас отау тігіліп, соның 53 мыңы ажырасып тынатын көрінеді. Бұл аз емес.

Расымен де, қазіргі заман не болып барады деген ойда қаласың. Бұл күндері жалқау емес, жұмыс істейтін адамдарға бәрі де бар.

Дүкендерден азық-түлік пен киім-кешектің неше түрін көресің.

Үйлену оңай, үй болу қиын. Ата-анасы банктен несиеге ақша алса да, ұл мен қыздары қатарынан қалмасын деп олардың тойларын дүркіретіп өткізеді. Бірақ, ертең олар жарасымды өмір сүріп кетсе құба-құп. Өкінішке орай, арада бір жыл өтпей көңіліміз жараспады деп ажырасып кетіп жатқандар қаншама.

Алайда, әке-шешесі баяғы банктен алған несиесін жылдар бойы өтеп жатады. Осы дұрыс па? Мұның бәрі сайып келгенде, бойжеткен мен бозбаланың шаңырақ көтермес бұрын бір-бірін жақсы білмегендіктен туындап жатады.

Ер азаматтарды босқа кінәләуға да болмайды. Қыз-келіншектердің арасында да ойланбай ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығатындар да кездеседі.

Соның кесірінен жазықсыз балалар әкесі бола тұра, тірі жетім атанады. Сондықтан да, үйдің берекесін де, сәнін де келтіретін – әйелдер деп текке айтылмайды.

Ерте заманнан бері отағасы үй ішін асыраушы, әйел адам оның тапқанын ұқсатушы. Екі адам ынтымақты өмір сүргенде ғана, әулеттің абыройы асқақтап, мерейі үстем болады.

Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы» туралы Заңында тұрмыстық зорлық-зомбылық жайлы нақты көрсетілген. Олар физиологиялық – күш қолданып, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, психологиялық – адамның психикасына қасақана әсер ету, яғни бопсалау немесе қорқыту, экономикалық – тұлғаны заңмен негізделген үйінен, киімінен, мал-мүлкінен айыру екендігі жан-жақты айтылады.

Халқымызда «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген нақыл сөз бар. Бала 11-12 жасқа келгенде өзін қоршаған ортаға байсалды түрде қарап, әрбір орын алған жағдайға өзінше қорытынды жасауға тырысады. Өзін қоршаған ортаға, әсіресе әке-шешесінің әрекеттеріне, айтқан сөздеріне сыни көзбен қарап, оларға еліктей бастайды.

Ал, отбасында ұрыс-керіс, одан қалды тіпті бір-біріне қол көтеру жағдайлары жиілеген шаңырақта өскен бала қандай болмақ? Сол көрген сұмдығын өздері өскенде қайталамасына кім кепілдік бере алады.

Бүгін қозғалып отырған мәселе өте маңызды. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу, оның алдын алу аса қажет. Бұл орайда, отбасын құрамын деп жүрген жастарға жүктелер жауапкершілік жүгі қашан да жоғары екендігін ешқашан да ұмытуға болмайды.

 

Жамал ШАУКЕН,
Қостанай мемлекеттік университеті
журналистика мамандығының
3 курс студенті

Фото с сайта oaf.org.ua

Редакция НК

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись