События

Құрбан айт – барша мұсылманның ұлық мейрамы!

Әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болып, Пайғамбарымыз Мұхаммадқа (с.ғ.с.), Оның (с.ғ.с.) жанұясына, сүйікті сахабаларына және оларға ізгілікте ерген барша момын мұсылмандарға Жаратушы Иеміздің сансыз салауаты мен сәлемі болғай!

«Айт» сөзі араб тілінен аударғанда «қайта оралу» деген мағынаны білдіреді. Бұл мейрамның айт деп аталу себебі, ол жыл сайын қайта айналып келіп отырады.

Биылғы 2021 жылы Құрбан айт мейрамының бірінші күні шілде айының 20-не тұспа-тұс келіп тұр. Бұл күндердің ұлықтығы сол – мұнда адам баласы өз Жаратушысына барынша жақындай түсуге тамаша мүмкіндік алады. Алла Тағала барша мұсылман үмметі үшін осынау қасиетті күндерді берекелі әрі сауапқа кенелетін күндерден қылғай!

Айт мейрамының тарихы

Құрбан шалу – сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардан жалғасып келе жатқан үрдіс. Бұл ғибадат арқылы Алланың ықыласты құлдары өз сеніміне беріктігі мен берілген нығметтерге шүкіршілігін танытады.

Құрбан айт – діни мереке. Хадистерде жылдың ең қадірлі күні құрбан айттың алғашқы күні екендігі айтылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында: «Алла үшін күндердің ішіндегі ең ұлығы – Құрбан айттың бірінші және екінші күні», – деген. Құрбан айттың бірінші күнінің артықшылығы мен ерекшелігі сол күні Алла Тағаланың разылығына бөленуге сеп болатын ең маңызды амалдың істелетіндігінде.

Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Алла үшін (құрбандық ретінде) қан шығарудан ұнамды іс жоқ. Және ол (құрбан) қиямет күні алдынан шығады»,-десе, тағы бірде: «Адам баласы Құрбан айт күні қан шығарудан (құрбандық шалу) абзал амал арқылы Алла Тағалаға жақындаған емес. Құрбандық ретінде шалған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай тұрып Алла Тағаланың құзырында ерекше жоғары дәрежеге жетеді. Сондықтан да шын жүректен әрі ризашылықпен құрбандықтарыңды шалыңдар»,-деп құрбандық шалудың қаншалықты сауапты іс екенін шегелеп айтқан.

Құрбан айт мерекесін қалай өткізген жөн

2021 жылдың 20-шы шілде күні еліміздің барлық өңірлерінде Құрбан айт күні деп бекітілді. Осы күні күн шыққаннан бір сағаттан кейін құрбан шалуға рұқсат етіледі.

Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, бір-бірін кешірген жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, көмектесе алса көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сыяпат жасап айт мейрамын ерекше өткізуге де болады. Айтта осындай амалдарды жасау қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген ілтипаты мен сыйластықтарын барынша арттырады.

Құрбандық шалу

Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы: «Шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау». Олай болса, құрбандық шалуды тек мал сойып, қан шығару емес, Алланың рахым-мейіріміне қол жеткізудің бір жолы деп түсінген абзал.

Құрбан айт – Алла разылығы үшін мал шалынынатын мұсылмандардың ұлық мерекесі. Қажылық өтеушілер Қағбаға жүзін қаратып, Арафатта жалбарынып, дұға қылады. Дүйім мұсылман баласы Пайғамбарлардың (с.ғ.с.) ісін қайта жаңғыртып, Алла жолында құрбандық шалу арқылы бір-бірін дінді берік ұстануға шақырады.

Құрбан айт күндері құрбандық шалудың үкімі

Ханафи мәзһабында қадірі асқан құрбан айт күндері мал-мүлкі жеткілікті болған мұсылман ер мен әйел кісінің құрбандыққа мал шалулары уәжіп. Алла Тағаланың Құран Кәрімде: «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» (Кәусар сүресі, 2-аят) деп бұйыруы, құрбан шалудың уәжіп екенін білдіреді. Мал-мүлкі жеткілікті бола тұра құрбан шалмаған мұсылманға Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөгіс жариялаған хадисі негізге алынған. Абу Һурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кімде-кім, мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» (Хаким, Мустадрак) деп айтқанын жеткізген.

Құрбан айт күндері құрбандық шалуды міндет (уәжіп) ететін шарттар:

1.Мұсылман болуы;
2. Азат болу;
3. Тұрғылықты болу;
4. Мал-мүліктің жеткіліктілігі; Мал-мүліктің жеткіліктілігі дегенде мұсылманның иелігінде пітір садақасын уәжіп ететін нисаптың бар болуы көзделеді.
5. Ақылды және балиғат жасына толуы;

Құрбандық шалудың дұрыстығына қажетті шарттар:

1. Құрбандыққа түйе, сиыр, қой, ешкі, секілді малдардың болуы. Бұл төртеуінен басқа жылқы және еті адал жануарлардың ешбіреуі құрбандыққа шалынбайды. Төртеуінің құрбандыққа ең абзалы – түйе, сосын ірі қара, сосын қой, кейін ешкі малы. Құрбандықтың дұрыстығы үшін бір қой не бір ешкі тек бір кісінің атынан шалынуы шарт. Ал түйе мен ірі қара малын жеті не одан да аз кісі бірігіп шалуларына болады. Бірақ, жеті кісіден аспауы және жетеуінде де құрбандыққа шалу ниетінің болуы шарт.
2. Малды құрбандық ниетімен шалуы міндет. Соғым не ет қажет ету ниетімен сойылған мал, құрбандықа жатпайды.
3. Өкіл етушінің әмірі. Құрбандықты әркімнің өзі шалуы абзал саналса да өкіл арқылы шалуға да рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда мал иесі тарапынан өкілдің тағайындалған болуы әрі оған құрбандықты шалу әмірін беруі шарт.
4. Мал жасының дұрыстығы. Түйе – бес жасар, ірі қара – екі жасар, ешкі – бір жастан асқан болуы шарт. Қой малының бір жасқа толмағанын шалса да болады.
5. Құрбандық оны шалушы кісінің мүлкі болуы.
6. Құрбандық малының бойында жүдә кемістік болмауы. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Төрт түрлі мал құрбандыққа жарамайды: бір көзінің соқырлығы, ауру-сырқауы, ақсақтығы айрықша байқалатын мал, жілік майы үзілген жүдең мал»,-деген. Хадистегі «айрықша байқалатын» деген сөздің мағынасы мал бойындағы кемістіктің айрықша байқалатын мөлшерді құрамауын шарт қылып, азғантай мөлшердегі кемістіктің есепке алынбайтынын сілтейді. Себебі мал бойында мүлде мін болмауы мүмкін емес.
7. Дұрыс уақытта шалынуы. Құрбан шалу уақыты Құрбан айт намазынан кейін кіреді. Құрбандықты айттың бірінші күні шалған абзал. Құрбан шалынатын мерзім бұдан кейінгі екі күнге жалғасып, соңғы күннің күні батуымен (ақшам намазы кіргенде) аяқталады. Құрбан шалуы уәжіп кісі белгіленген мерзімді өткізіп алса, мойнынан міндетті түсіру үшін құрбан шалудың орнына садақа беруі уәжіп.
8. Құрбандықтың шалынуы. Құрбан шалудың орнына малдың өзін тірідей не құнын садақа етуге болмайды.

Құрбандық шалған кезде төмендегі абзал (мустахаб) амалдарға да назар аударған жөн:

Құрбандық шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлу. Малды құрбан шалушының өзі бауыздауы. Құрбан шалушы кісі мал бауыздауды білмесе не әйел кісі болса, малды қинап қоймас үшін, бауыздау ісін басқа мұсылманға тапсырғаны абзал.

Сондай-ақ өзінің құрбандығының қасында тұруы абзал. Құрбандық малын құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызу және дұғасын айту. Құрбандықты бауыздау сәтінде шартты (міндетті) түрде бисмиллә сөзі айтылады. Ал дұға бисмиллә сөзінің алдында, құрбандықты бауыздардан алдын не құрбандық бауыздалғаннан соң жасалады.

Бауыздар алдын не бауыздаған соң айтылатын дұға «Иә, Алла Тағалам, осы құрбандығымды досың Ибраһим мен сүйіктің Мұхаммедтен (с.ғ.с.) қабыл алғаныңдай, менен де қабыл ала гөр!» деп, яки осыған ұқсас дұға айтуға болады. Кейіннен «Аллаһу акбар!» және «Лә иләһа иллаллаһ» деп айтылады да «Бисмилләһи, Аллаһу акбар» деп оң қолымен бауыздайды.

Құрбандық етінің үштен бірі пақырларға садақа етіліп, үштен бірінен туыс-таныстарға тағам әзірленіп беріліп, қалған үштен бірі отбасына қалады. Кімде-кім, құрбандықтың етін толығымен садақа еткісі келсе, рұқсат етіледі. Бұлай жасау нұр үстіне нұр болмақ.

Ташриқ тәкбірлері

Алла Тағаланың: «Санаулы (ташриқ) күндері Алланы еске алыңдар!» («Бақара» сүресі: 203) бұйрығына байланысты ташриқ тәкбірін айту балиғатқа толған әр мұсылманға уәжіп. Ташриқ тәкбірлерінің уақыты ханафи мазһабында 9-шы зүл-хижжа Арафа күнінің таңында басталып, 13-ші зүл-хижжаның екінді намазымен (шілде айының 19-і күні таң намазынан басталып, шілде айының 23-і күні екінді намазынан кейін) шығады.

Яғни, «Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар. Лә иләһа иллаллаһу Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар уа лиллаһил хамд» Арафа күнінің таңынан (таң намазының парызынан кейін) соңғы ташриқ күнінің екінді намазына дейін тәкбір-ташрик айтылуы уәжіп.

Зүлхижжа айының 9-шы жұлдызын Арафа күні.

Сонымен қатар зүлхижжа айының алғашқы тоғыз күнінің артықшылығы жайлы Алла Елшісінің (с.ғ.с.) сөзінде былай деп баяндалған: «Алла Тағала ізгі амал істелген күндердің ішінде осы күндері (яғни, Зүл-хижжәнің алғашқы он күнінде) істелгенін ерекше жақсы көреді», – деп айтты. Адамдар: «Я, Расулулла (с.ғ.с.)! Осы күндерде істелген ізгі амал басқа күндері Алла Тағала жолында соғысудан артық болғаны ма?», – деп сұрағанда Расулулла (с.ғ.с.): «Адам баласы, Алла жолына өз жаны мен малын құрбан етіп, жан тапсырған болмаса, осы күндерде істелген ізгі амал басқа күндері Алла жолында күресуден артық болады», – деп жауап берді.» (Хадисті Ибн Аббастан (р.ғ.) имам Бухари риуаят етті.)

Құрметті мұсылман бауырлар! Жоғарыдағы Алла Елшісінің (с.ғ.с.) сөзінде баян етілгендей зүлхижжа айының алғашқы 9 күнін кімде-кім, оразамен өткізетін болса, үлкен сауапқа кенелетіндігін ұмытпаған жөн.

Биылғы жылы еліміздегі төтенже жағдайға байланысты Құрбан айт күні құрбан шалу рәсімі тағы онлайн түрде болады:

1. Құрбан шалу рәсімі «Qurban 2021.kz» сайтында онлайн (қашықтықтан) орындалады.
2. Онлайн Құрбан шалу, құрбан айт күндеріне дейін тіркеу қабылданады.
3. Құрбандықта сатылатын малдар: 1). Ешкі, қой -1 жас, 2). Сиыр (Ірі қара) – 2 жас.
4. Онлайн құрбандық шалғанда, малдың еті толықтай мұқтаждарға қалдырылады.
5. Құрбан шалу уақыты күн шыққаннан бір сағаттан кейін шалынып, күн батқанша жалғасады.
6. Онлайн құрбан шалу Қостанай қаласындағы «Амиго» қасапханасында орындалады. Ол жерде тек қана қасапшы, имам және онлайн видеоға түсірушы оператордан басқа ешкімге кіруге рұқсат етілмейді.

Ұлттар мен ұлыстарды мейірімділікке, игілікке, бірлікке үндейтін ұлық мереке – Құрбан айт мүбәрак болғай, ағайын. Жаратушы Иемізден отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, кәсіптеріңізге адалдық пен береке тілеймін. Жаратқан Иеміз елімізден ауыр дерттен айықтырып, мешіттерімізге қайта қауышуға нәсіп етсін. Алла Тағала күллі мұсылман үмметін жарылқап, асыл дініміз – Исламға күш-қуат бергей! Келе жатқан Құрбан айт мерекесі құтты болып, шалғалы жатқан құрбандықтарыңыз қабыл болғай! Әмин.

Ізгі тілекпен Қостанай облысының
Бас имамы
Тәжімбет Бахытбек Нұрғабылұлы


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77