Ресейлік бауырлармен тығыз байланыста

Ресейлік бауырлармен тығыз байланыста

Қостанай облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Бақытгүл Сүлейменовамен сырласу
Қазіргі таңда Қостанай өңірінде де Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасына байланысты көптеген игі істер атқарылуда.

Біз жуырда облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы, ұзақ жылдардан бері мемлекеттік тілдің өркендеуіне өзінің лайықты үлесін қосып келе жатқан қазақ қызы Бақытгүл Сүлейменовамен арнайы сұхбаттасқан едік.

Осынау әңгімені бүгін жұртшылық назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Челябіде жиі болып тұрамыз

-Бақытгүл Зарлыққызы, менің пайымдауымша, облыстық тілді дамыту басқармасы мен көршілес жатқан Ресейдің Челябі облысындағы «Азамат» және «Жақсылық» қазақ қоғамдық орталықтарымен тығыз байланыс орнаған. Бүгінгі сұхбатымызды осы жайдан бастасақ?

-Дұрыс айтасыз. Өзім бөлім басшысы болып қызмет атқаратын облыстық тілдерді дамыту басқармасы Челябі облысындағы қандастарымызбен тонның ішкі бауындай араласа жұмыс істейді.

Көршілес мемлекеттегі бауырларымызбен арадағы байланыс 2009 жылдан басталды. Жылына екі рет жүздесіп, оларды толғандырған мәселелерді шешуге талпынып келеміз.
Былтыр басқарма басшысы Гүлжан Ермашқызы Мендекинованың ұйытқы болуымен Қостанайда дөңгелек үстел өткіздік. Ол өте жоғары деңгейде ұйымдастрылды. Ресейден атбасын бұрған ағайындар көп жайды көңілдеріне түйді.

-Сонда сіздер ондағы ана тілімізде оқытатын ұстаздармен қандай мәселелерді талқылайсыздар. Осы жөнінде де қысқаша айтып берсеңіз?

-Иә, бұл күндері көршілес Челябі облысында 200-ден астам ұлты қазақ мұғалімдер бар. Мәселен, жоғарыда аталған Қостанайдағы басқосуға Ресейдегі Магнитогорск қаласы Уйский, Брединский, Кизильский, Чесменский, Агаповский, Верхнеуральский, Карталинский және Ноғайбақ аудандарынан мектеп директорлары, клуб меңгерушілері қатысты.
Ана тілдеріне құштарлық танытқан сондағы қандастарымызға әдістемелік көмек ретінде оқыту бағдарламалары, электрондық оқулықтар таратылды.

-Менің байқауымша, өзіңіз де әлгі әңгімеге арқау болған Челябі облысында сапарда жиі боласыз. Сонда не байқадыңыз. Осы жайлы да әңгімелеудің орайы келген секілді.

-Иә ол жақта болып тұратыным рас. Қазақ елінен барған бізге деген құрметтері ерекше. Әрине, менің басты мақсатым — ондағы қандастарымызбен бетпе-бет жүздесіп, көршілес мемлекетте ғұмыр кешіп жатқан бауырларымызды толғандыратын мәселелерге назар аудару.

Сонда өзімнің байқағаным, ол жақтағы қазақтар өте ұйымшыл. Өздерінің ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын берік сақтауға әрдайым құлшыныс танытады.
Жасыратын ештеңесі жоқ, ондағы ағайындардың баста арманы — ұл мен қыздарының ұлтымыздың барлық асыл қасиеттерін бойларына сіңіріп, өз ұлтының өкілдерімен шаңырақ құрулары. Сонымен қатар қазақ елінде білім алулары.

Бір қуаныштысы, еліміз тәуелсіздік алғалы бері Ресейдегі туысқандарымыз да ата мекенге қарай бет бұрыс жасады. Өйткені, ата- аналары күнделікті үйлерінде басқосқанда перзенттеріне: «Қарақтарым, сендер қазақ ұлтының өкілі екендеріңді ұмытпаңдар. Сол жақтағы болып жатқан игі өзгерістер мен жаңалықтарға үнемі құлақтарыңды тігіп жүріңдер, ең бастысы осы қазақ деген халықтың мәртебесін көтеруді жадыларыңа тоқып алыңдар» деп отырады.

Бәрі де үй ішіндегі тәрбиеге байланысты ғой. Әке-шешелерінің ақыл-кеңестерін басшылыққа алған жігерлі жігіттер мен инабатты бойжеткендердің Қазақстанға келіп жатқандары да аз емес.

Олар әсіресе, бас қаламыз Астанада тұруға құштар. Өйткені, бұл шаһар қазіргі таңда әлемге танымал ерекше әрі жастар қаласы атанды. Осында бір жола қоныс аударып, түрлі мекемелерде қызмет атқарып, жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қандастарымыз да жеткілікті. Олардың бәрінің атын атап, түсін түстеп жатпай-ақ қоялық.
Ағалар сөзі – ақылдың көзі

-Сіз жаңа көрші елдегі «Азамат» және «Жақсылық» қазақ қоғамдық орталықтары жайлы өте орынды айттыңыз. Сол ұйымдарға жетекшілік етіп, бауырларымыздың арасында ерекше құрметке бөленіп жүрген азаматтар хақында да баяндағаныңыз жөн болар.

-Біздің қазақ ежелден аузы дуалы, сөзі мәнді ағаларымыз бен апаларымызға құрметпен қараған. Олардың бір сөзін екі етпеген. Өзім Ресейде жиі болып тұратындықтан ондағы ұлтжанды, өзінің ана тілі мен дініне, салт-дәстүріне айрықша құрметпен қарайтын кісілерді де көзіммен көріп, айтқандарын жадыма тоқыдым.

Мәселен, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, «Азамат» және «Жақсылық» қазақ қоғамдық орталықтарының жетекшілері Қанат Ситіков пен Үміт Байдәулетовалар сондағы қандастарымыздың арасында өте беделді. Қашан да өзгелерге бас болып, игі істердің ұйытқылары болып келеді.

Сонымен қатар сөздің реті келгенде, бұрын Челябі облысындағы Ноғайбақ ауданының әкімі болып абыроймен қызмет атқарған абыз ағамыз Қайырбек Сейіловтың де еңбегі ерекше. Ол кісі әлі күнге дейін осындағы ағайындардың басын қосып, өзінің сөзі мен ісінің арасында алшақтық жоқ азамат екендігін айқын байқатты.

Достықта шекара жоқ

-Қазақстан мен Ресей бірнеше ғасырдан бері достығы жарасқан бауырлас мемлекеттер. Ондағы өзге ұлттардың біздің мемлекетімізге деген пікірлері қандай? Осы жөнінде не дер едіңіз?

-Әрине, ондағы барша халық Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты әлемдегі мықты саясаткер, аса мәртебелі Президент ретінде ерекше бағалайды.

Қазақ елі десе алдымен мемлекет басшысын, оның халықаралық деңгейдегі беделін ауызға алады. Челябі облысының губернаторы Борис Дубровский да достықтың қадірін білетін адам.

Ол жоғарыдағы бауырларымыз ұйымдастырған түрлі ұлттық мерекелерге қатысып, өзінің мағыналы сөздерімен оларды қолдап отырады. Осының өзінен ақ көршілес елдің біздің мемлекетімізге деген ерекше ықыласын тануға болатын секілді.

Онда бұл күндері қазақтарға арналған «Туған жер» жобасы жұмыс істейді. Оның алға қойған мақсаты — қазақ халқының атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық салт-дәстүрлерін сақтау, оларды қандастарымыздың арасында кеңінен насихаттау.

Сондай-ақ қыз-келіншектеріміздің ұлттық тағамдарымыздың қадір-қасиетін, оларды қонақтар келгенде аса бір сыпайылықпен ұсыну, қонақ жайлылығымызды көрсету жайы да басты назарда ұсталады.

Өйткені, қазақ қайда да қазақ. Дүниежүзіндегі барлық мемлекеттерде ғұмыр кешіп жатқан қаракөз ағайындардың ойлайтындары — тек ғана көк байрағы көкте желбіреген Қазақстанның абыройының асқақтап, ұлт ретінде мәртебесінің жоғары болуы.

Не байқадыңыз? деген сауалдан туындайды. Өйткені, осы көршілес облысқа бірде жолым түскенде сонда тіршілік кешіп жатқан, одан бұрын республикамызда өсіп-өнген бір өзге ұлттың өкілі жаныма жақындап: «Сіз білесіз бе, қазақ халқы байтақ жері секілді кең пейілді, мол мейірлі, құшағы кімге болсын ашық ұлт. Өзім Қазақстанда туып, азамат болып қалыптасқанымды мақтан тұтамын. Сенесіз бе, мен қазір кіндік қаным тамған жерімді ерекше сағынамын» деп бәріміздің де көңілімізді толқытты.

Міне, бұл да болса, қазақ жұртының ерекше бауырмалдығын, жер бетіндегі ізгі ниетті барша халыққа есігі әрдайым ашық екендігін, жүрегі достыққа ыстық екенін көрсетіп тұрған жоқ па?

Үш тұғырлы тіл – заман талабы

-Сіз Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын құнды мақаласы мен үстіміздегі жылғы ерекше Жолдауын да зиялы қауымның бір өкілі ретінде оқып, танысқан боларсыз. Осы жөнінде де қысқаша айтып берсеңіз?

-Бұл қос құжат та біз үшін өте маңызды. Оны менің әріптестерім де толығымен қолдайды. Күнделікті қызметтерінде басшылыққа алып отырады. Тілдің өзі түсінген адамға рухани жаңғыру емес пе.

Мәселен, мемлекет басшысының үш тұғырлы тіл яғни қазақ, орыс және ағылшын тілдеріне байланысты тұжырымдарын жүзеге асыру мақсатында бізде қаншама жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Бұл жайында басқарма басшысы үнемі айтып отырады.

Біз Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясымен тығыз байланысты жұмыс істейміз. Қазіргі таңда өңірде 17 ұлттық мәдени орталықтар бар. Оларда да мемлекеттік тіл саясатына ерекше көңіл бөлінеді.

Әсіресе, үш тұғырлы тіл мәселесіне айрықша назар аударылады. Сондай-ақ олардың ана тілдерін меңгерулеріне де қамқорлық жасалған. Осы сөзіміздің айғағы ретінде бұл күндері 8 топ нақты жұмыстар атқарады.

Әрине, бір сұхбатта бүкіл тындырылып жатқан шараларды баяндап беру де әсте мүмкін емес. Дегенмен де біздің басқарманың мұрындық болуымен «Мемлекеттік тіл- мемлекеттік қызметте», «Тіл шебері» секілді байқаулар өткізіліп тұрады. Бұл байқаулар өзге ұлт өкілдерінің ұлдары мен қыздарына арналған.

Сондай-ақ арамыздағы туыстас ұлттардың арасында «Тіл парасат» сайысы да ұйымдастырылады. Мұндағы көздегеніміз — аталған ағайындардың арасында мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау.

Басылым арқылы айтайын дегенім, біздің облыста да қазақ тілін өте жетік меңгерген Татьяна Ситникова, Ольга Тихова, Дима Ромашенколар бәріміздің мақтанышымыз.Өйткені, олар осы тілде таза сөйлейді. Әрі жаза да алады.

Мысалы, осыдан жеті жыл бұрын облыстық тілдерді дамыту басқармасының жанынан «Тіл дарын» деп аталатын клуб құрылған еді. Ол өзге ұлт өкілдерінен тұрады. Оған негізінен аудандық, облыстық және республикалық байқауларда топ жарып, өздерін жан жақты көрсеткен жастар енген еді. Олардың қатары қазір едәуір көбейді.

Ерекше тілге тиек етейін дегенім, аталмыш клубты басқаратын Наталья Шпагина мемлекеттік тілді таза меңгеріп ғана қойған жоқ. Өзі ұнатқан қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, бұл күндері сәби сүйген аяулы ана.

Қолы боста өлең жазады

-Бақытгүл Зарлыққызы, сіздің мемлекеттік тілді өркендетуге сіңіріп жатқан еңбегіңіз ерекше. Әңгіменің соңында қолыңыз бос кезде айналысатын сүйікті ісіңіз жөнінде қысқаша баяндап берсеңіз?

-Мен Қостанай облысының Қамысты селосында туып өстім. Ата-анам мені жастайымнан ибалылыққа, инабаттылыққа, дініміз бен тілімізді құрметтеуге баулыды. Негізінде мен әкемнің анасы яғни әжемнің қолында тәрбиелендім.

Қостанайда жоғары білім алдым. Осы басқармада қызмет атқарғанымның өзіне біраз жылдардың жүзі болып қалыпты. Мақсатым- осы елді өркендетуге, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеруге қолымнан келгенше лайықты үлес қосу.

Қолым боста өзге қазақ қыздары секілді пайдалы істермен айналысқанды жаным сүйеді. Поэзия маған ерекше ләззат сыйлайды. Оңашада өлең жазамын. Бірақ оларды ешқашан да баспасөз беттерінде жариялаған емеспін.

Сонымен қатар спортты жақсы көремін. Үйде өзімнің жеке тренежерім бар. Содан соң табиғаттың аясында серуендегенді дұрыс көремін.
Сондай-ақ Елбасының тәуелсіздік жайлы жазған кітаптарын оқуға ерекше көңіл бөлемін.

Әңгімелескен Оразалы Жақсанов, Қазақстаның Құрметті журналисі

Оразалы Жаксанов

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись